01
Жұма,
Қараша

һижри

«Тәуәссул» деген не? Ол дінде бар нәрсе ме?

«Тәуәссул» деген не? Ол дінде бар нәрсе ме?

Ақида
Жарнама

Тәуәссулдің сөздік мағынасы «белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін қандай да бір себеп, құрал қолдану» дегенді білдіреді. Мысалы, бір жерге бару үшін көлік қолдану да тәуәссулге жатады. Ал шариғатта тәуассул деп: «Дұғаның қабыл болуы үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немесе басқа бір аса тақуа адамның құрметін себепкер етуге айтылады. Мысалы, «Уа, Алла Тағалам, соңғы пайғамбар әрі сенің сүйікті құлың Мұхаммедтің (с.а.у.) құрметіне менің мына дұға-мінәжаттарымды қабыл ала гөр» деп тілек тілеу секілді. Шариғатта тәуассулдің басқа да түрлері бар. Оны төменде арнайы түсіндіреміз.

Бұл тақырыпқа кірмес бұрын тәуассулға байланысты мынаны біліп алғанымыз жөн.

Тәуассул – дұға жасаудың, Алла Тағалаға жалбарынудың бір түрі. Негізгі тілекті қабыл алушы да, сұрағаныңды орындаушы да – еш күмәнсіз Алла Тағала. Ал тілекте «құрметі үшін» деп тәуассул жасалған кісі тек себепкер ғана. Яғни, тәуассул жасаған кісі - тәуассул жасалған тұлғаның ешкімге пайда яки зиян келтіре алмайтынын білуге тиіс. Кімде-кім мұны басқаша ойласа, Алла Тағала серік қосқан болады.

Тәуассулдің түрлері

Ғалымдар тәуассулдың мына түрлерінің шариғатқа қайшы емес екенін бірауыздан білдірген:

1. Алла Тағаланың көркем есімдерін себепкер етіп, «Рахман есіміңнің құрметіне» деп тәуассул жасау. Бұл жайлы Құранда: «Ең көркем есімдер Алла Тағалаға тән. Ендеше, Оның есімдерімен дұға етіңдер» делінеді.

2. Басқа бір салиқалы кісіден өзі үшін дұға етуін өтіну түрі. Қазақтағы бата сұрау үрдісі де тәуассулдың осы түріне жатады. Мысалы, сахабалар құрғақшылықта жаңбыр жаууы үшін пайғамбарымыздың дұға етуін өтінген. Сондай-ақ, кейбір сахабалар тәніндегі кейбір ауруларынан айығу үшін пайғамбарымыздан (с.а.у.) дұға етуін сұрағаны жайлы көптеген сахих хадистер бар. Айша анамыз күнәсінің кешірілуі үшін пайғамбарымыздан Алла Тағалаға дұға етуін өтінген. Тіпті, Құранда мұсылмандарға жасаған күнәларының кешірілуі үшін пайғамбарымызға келіп, одан Алла Тағалаға дұға етуін өтінудің абзалдығы жайлы айтылады.

3. Салиқалы ізгі істерді себепкер етіп дұға жасау. әл-Бухари және Мүслимде келген сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) үш кісінің жолаушылай бір үңгірге кіріп, кейіннен ол үңгірдің аузына үлкен тас құлап, үңгірді жауып қалғанын айтады. Бұл үш кісі үңгірдің аузындағы тастың ашылуы үшін өздерінің өмірлерінде істеген ең ізгі істерін айтып: «Уа, Алла Тағалам, егер менің істеген осы ісім тек Сенің разылығың үшін болса, бізді осы мүшкіл жағдайдан құтқар» деп жалбарынады. Біріншісі өзінің тек Алланың разылығы үшін әке-шешесіне жасаған ерекше жақсылығын айтып дұға еткеннен кейін үңгірдің аузындағы тас азғантай ашылады, екіншісі де өзінің өмірдегі салиқалы бір ісін айтып жалбарынғаннан кейін үңгірдегі тас адамның денесі сыймайтындай көлемде ашылады. Ақыры үшіншісі де өзінің ғұмырындағы тек Хақтың разылығы үшін атқарған бір ісін айтып дұға еткен сәтте үңгірдің аузындағы тас ашылып, үшеуі сыртқа шығады[3]. Кез келген адам өзінің өмірде жасаған ізгі амалын себепкер етіп: «Осы ісімді тек Сенің разылығың үшін жасап едім, соның құрметіне тілегімді қабыл ала гөр» деп дұға жасауына болады.

Ал енді кейбір ғалымдардың ғана қарсы шыққан тәуассул түрі мынандай: Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немесе аса тақуа бір кісінің Ұлы Иеміздің алдындағы мәртебесі мен Алла Тағалаға деген жақындығын себепкер ету арқылы "Сүйікті пайғамбарың Мұхаммедтің құрметі немесе пәленше құлыңның мәртебесі үшін" деп тілек тілеу түрі.

Шынтуайтында, тәуассулдың бұл түріне байланысты айтылған қайшы пікір - сөзде ғана болып отыр. Себебі, барлық айтылған уәждер мен дәлелдердің арғы астары - бір пікірде тоғысады. Олай дейтініміз, бұл түрдің де негізгі астарына үңілсеңіз, жоғарыда барлық ғалымдар бірауыздан қабылдаған «ізгі істерді себепкер етіп тәуассул жасау» түрінің аясына кіретіндігін байқаймыз. Себебі, бір кісі «Пәленше құлыңның құрметі үшін» деп тәуассул жасап дұға еткенде, «ол кісінің ерекше тақуа» екендігін себепкер етеді. Ал ол тақуалыққа ізгі амалдарымен жетіп отыр. Ендеше, «құрметі үшін» деу арқылы тәуассул жасау - тақуа кісінің ізгі амалдарының жиынтығын себепкер етіп тәуассул жасау деген сөз. Ал ізгі амалдарды себепкер етіп дұға жасауға барлық ғалымдардың келісетіндігі сөзсіз. Бұған қоса, «Пайғамбардың құрметі үшін» деп тәуассул жасауды – кісінің пайғамбарына деген сүйіспеншілігін, Алла елшісіне (с.а.у.) деген шынайы иманынын себепкер етіп дұға жасауы деп түсінгеніміз жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кісі Алла Тағаланы және Оның елшісін (с.а.у.) барлық нәрседен артық жақсы көрмейінше толық иманға жетпейді» деген. Ендеше, пайғамбарды шынайы сүю – ізгі амалға жатады. Сондықтан «Менің Алла елшісіне (с.ғ.у.) деген сүйіспеншілігім мен иманымның құрметі үшін дұғамды қабыл ала гөр!» деп тілек тілеуге барлық ғалымдар бірауыздан келісіп отыр.

Имам Шәукани өзінің «әд-Дуррун-надид фи ихласи кәлиматит-таухит» атты еңбегінде: «Пәленші құлыңның құрметі үшін» деп дұға етудің - аса тақуа адамның ізгі амалдарының жиынтығын себепкер ету арқылы жасалған тәуассулге жататындығын білдірген.

Тәуассулдің бұл түрінің шариғатқа қайшы емес екенін көптеген хадис саласының мәшһүр хафиз ғалымдары һәм фиқһ ғылымының майталман мамандары мен үлкен тәпсір ғұламалары өздері тәуассул жасау арқылы яки дұрыстығын тікелей баяндау арқылы білдірген. Мысалы, Сахих Муслимге «әл-Минһәж» аты 18-томдық көлемді түсіндірме жазған, жұртқа «Риадус-салихин» (Салиқалы құлдардың бақшалары), «әл-Әзкар» сынды кітаптарымен танымал хадис әрі фиқһ ілімінің үлкен білгірі Мухиддин ән-Нәуауиййй өзінің «әл-Әзкар» атты дұға кітабында және «әл-Мәжмууғ» атты фиқһ кітабының қажылық бөлімінің Пайғамбар мешітіне зиярат тарауында:

«Өзі үшін оның (с.а.у.) құрметімен тәуассул жасайды әрі оны (с.а.у.) себепкер етіп Раббысынан тілек тілейді» - деген.

Ал күллі мұсылмандарға аты әйгілі Шиһабуддин Махмуд Әлуси өзінің «Рухул-мағани» атты 30 томдық тәпсір кітабының бірқатар жерінде тәуассул жасаған. Мысалы, «Фатиха» сүресін тәпсірлеу барысында:

«Уа, Алла Тағалам, бізді адамзат пен жындардың мырзасы пайғамбарымыздың құрметіне екі дүниеде де бақытты ет!» десе, басқа бір жерінде «Ұлы Құранның әрі ардақты елшінің (с.а.у.) құрметіне бізді жамандардың кесірінен сақта!» деп тәуассул жасаған.

Хадис ілімінің атақты хафызы, үлкен тәпсір ғұламасы Ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уән-ниһая» атты тарих кітабында: «Мұхаммед (с.а.у.) пен оның пәк әулетінің құрметі үшін» деп тәуассул жасаған.

Тәуассул жасаған яки тәуассулдың дұрыстығын білдірген ғалымдардың барлығының атын атау мүмкін болмағандықтан, төменде кейбіреулерінің аттарын қысқаша беріп өттік.

1. Хадис саласының мәшһүр хафыз ғалымдарынан:

Әл-Хафыз Әбу Таййб әл-Мәкки: «Елшілердің сұлтаны Мұхаммедтің құрметі үшін» деп тәуассул жасаған (Зәйлут-тақиид, 1/69), Әл-Хафиз Әбул-Махасин ибн Хамза: «Мұстафаның мәртебесі үшін» деп тәуассул жасаған (Зәйл Тәзкиратул-Хуффаз, 1/325), Әл-Хафиз Ибн Әбид-Дуниа: «Пайғамбардың хаққы үшін» деп тәуассул жасаған. (қариуд-дайф, 5/225), Әл-Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани өзінің Сахих әл-Бухариге жазған «Фәтхул-Бари» атты түсіндірмесінің бірқатар жерінде тәуассулдің дұрыстығын білдіретін мәліметтер бар. Жоғарыдағы айтылған хафыздарға қоса, Әл-Хатибул-Бағдади, Әд-Дарими, әл-Бәйһақи, әл-Хәйсами сынды хадис ғалымдарының аттарын атауға болады.

1. Атақты тәпсір ғұламаларынан:

Әс-Сәғалиби: «Рақымның қайнар көзінің (Мұхаммедтің) құрметі үшін» деп тәуассул жасаған. (тәфсирус-Сәғалиби, 4/458), Атақты муфассир әл-Қуртуби: «Мұхаммед және оның отбасының хаққы үшін» деп тәуассул жасаған. (Тәфсирул-Қуртуби, 8/240). Тәуассулдің шариғатқа қайшы емес екенін білдірген тәфсір ғұламаларының қатарына Абдур-Рахман ибн Зайд, Ән-Насафи, Әр-Рази сынды ғалымдардың атын қоса атауға болады.

2. Фиқһ ғалымдарынан: Ханбали, Шафиғи, Мәлики мәзһабының ғалымдары тәуассулды дұрыстығын білдірген. Тіпті кейбіреуі іс жүзінде жасағандықтары белгілі. Ал ханафи мәзһабынан Әбу Юсуф, әл-Кәмал ибн Һумам, Ибн Абидин, Мулла Алиул-Қари сынды танымал мүжтаһид ғалымдардың есімін атауға болады.

Кісінің қадір-құрметіне тәуассул жасауға болмайды дейтіндер Әбу Ханифаның: «Пәленшенің хаққы үшін деп дұға етуді хош көрмеймін» деген сөзін негізге алып, Әбу Ханифа кісінің құрметіне тәуассул жасауға қарсы шыққан дегенді алға тартып жүр. Алайда, Әбу Ханифа кісінің құрметіне жасалатын жалпы тәуассулді емес, «хақысы үшін» деген сөзбен тәуассул жасауды ғана мәкрүһ санаған. «Мәкрүһ» деген үкімнің өзі харамдықты білдірмейтіні белгілі. Ол бұл сөзін кісінің істеген қандай да бір салиқалы ісі үшін Алла Тағала оған сауап беруге мәжбүр деген Мұғтазила ағымының алдын алу үшін «садду зәриға» негізінде айтқан болатын. Ал бірақ Имам Ағзамның «Пәленшенің құрметіне» деп тәуассул жасауға қарсы шыққандығын мәзһабындағы ешбір ғалым жеткізбеген. Керісінше ханафи мәзһабының мұхаддис һәм фақиһ ғалымы Мулла Алиул-Қари «хақысы үшін» деген сөздің уәжіптік мағынасында айтылған жағдайда ғана мәкрүһ болатындығын білдірген. Өйткені, уәжіптік немесе мәжбүрлік мағынасында Алла Тағалаға ешкімнің хақысы жоқ. Ал бірақ құрмет мағынасында қолданылған жағдайда, мұның тәуассул түрінен болатындығын айтқан...».

Ал Әбу Ханифаның негізгі шәкірттерінің бірі мүжтаһид Әбу Юсуф «Пайғамбарлардың немесе Қағбаның хаққы (хақысы) үшін деп дұға жасауға болады деген[8].

4. Атақты тарихшылардан:

Ибнул-Асир, Ташкиберді Зада, Ибн Тағриберди, Низамул-Мулк әт-Туси, әл-Уақиди, Абдур-Рахман ибн Халдун, Хажи Халифа, Әл-Муради сындылардың атын атауға болады.

Тәуассулдің бұл түрінің шариғатқа қайшы еместігін білдіретін кейбір дәлелдер

1. Сахих хадистегі тәуәссулдың бұл түрінің дұрыстығына дәлел мына бір оқиғаға да назар салсақ.

Бір күні көзі көр бір сахаба пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі, менің көзімнің айығуы үшін Алла Тағалаға дұға етсеңіз», - деп өтінді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Қаласаң көзіңнің айығуы үшін дұға етейін. Ал қаласаң сабыр ет! Бұл сен үшін қайырлы», - деді. Сахаба: «Дұға етіңіз», - деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған дәрет алып, екі рәкат намаз оқығаннан кейін мына дұғаны оқуын бұйырды: «Уа, Алла Тағалам, мен Сенен Сенің рақым пайғамбарың Мұхаммедтің құрметіне сұраймын және оның құрметін шапағат етіп саған бет бұрдым. (Ей, Мұхаммед,) мен сенің құрметіңді тілге тиек етіп мұқтаждығымның өтелуі үшін Раббыма бет бұрдым. Алла Тағалам, оны маған шапағатшы ете гөр!»

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы айтқандарын орындар-орындамас зағип адамның көзі шайдай ашылған.

Имам Шәукани бұл хадис жайлы былай деді: «Бұл хадистен Алла елшісінің (с.а.у.) құрметін себепкер етіп тәуассул жасауға болатындығын ұғамыз. Сонымен қатар мынандай сенім болуы ләзім: «Тілекте айтылғанды істейтін де, сұралған нәрсені беріп, бермейтін де жалғыз Алла. Алланың қалағаны болады, ал қаламағаны болмайды».

Жоғарыда келтірген хадисті ешбір хадис ғалымы әлсіз деп бағаламаған. Тәуассулді қабылдамайтындар бұл хадисті өздерінің пікіріне сай етіп басқаша жорамалдауға тырысқан. Олар «Пайғамбарыңмен» деген жерге мәтінде жоқ «дұға» сөзін қосып «пайғамбарыңның дұғасы арқылы» деп жорамалдауға тырысқан. Алайда, хадисті сөзбе-сөз түсінуге мүмкіншілік бар жерде, ешқандай жорамалға жүгінудің қажеті жоқ. Бұған қоса, жорамалға нақты дәлел ретінде емес, тек жорамал деңгейінде ғана қарауымыз қажет. Хадиске зер салсақ, зағип сахабаның екі рәкат намаз оқығаннан кейін пайғамбарымыздың Жаратқанның алдындағы мәртебесі мен құрметін себепші етіп дұға жасағандығын түсінеміз. Хадистегі: сөйлеміндегі «б» әрпі араб тілінде себепкерлікті білдіреді. Яғни, «Мен сенің пайғамбарыңның Өзіңнің жаныңдағы мәртебесін себепші етіп, Өзіңе бет бұрдым әрі қажетімді Өзіңнен сұраймын» деген мағынаға саяды. Және бұл дұғаны пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін де басқа мұсылмандар қолданса рұқсат, тіпті, мұстахаб. Себебі, пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір сахабасына үйреткен қандай да бір дұғасы бізге сахих жолмен жетсе және ол дұғаның тек сол бір сахабаға ғана тән (арналғандығын) екендігін білдіретін басқа бір сахих дәлел болмаса, онда ол дұғаны қияметке дейін басқа мұсылмандар да жасай алады.

2. Сахих Бухаридегі Әнастан риуаят етілген мына бір оқиға. Елде жауын-шашын болмай, құрғақшылық жайлаған кездерде Омар ибн Хаттаб Пайғамбарымыздың немере ағасы Аббастың құрметіне Алла Тағаладан былай деп жаңбыр сұраған:

«Ей, Алла Тағалам, Біз Сенің пайғамбарың Мұхаммедтің құрметіне жаңбыр сұраушы едік. Сен бізге жаңбыр беруші едің. Енді сол пайғамбарыңның немере ағасы Аббастың құрметіне бізге жаңбыр жаудыра гөр!» Осыдан кейін оларға жаңбыр жауатын».

Бұл хадистегі Омардың Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірден қайтқаннан кейін Пайғамарымызбен емес, оның немере ағасы Аббаспен тәууәссул жасағанын желеу етіп тәуассулға қарсы шықан кейбір жандар қайтқан кісімен тәуәссул жасауға болмайды дегенді алға тартады. Себебі, қайтқан кісімен тәуассул жасауға болғанда, Омар Аббаспен емес, Пайғамбарымыздың өзімен жасар еді деген болжамға барған.

Әрине, бұл жорамал ғана, нақты шариғи дәлелге жатпайды. «Усулул-фиқһ» ілімінде: «Бір істі жасамау – шариғатта ол істің тыйылғандығын білдірмейді» - делінген ғылыми қағида бар. Бұл қағида бойынша Омардың Пайғамбарымыз тұрғанда Аббаспен тәуассул жасауы - қайтыс болған кісімен тәуассул жасауға болмайды дегенді білдірмейді. Сондай-ақ, Омардың пайғамбарымызбен (с.а.у.) емес, оның немере ағасы Аббаспен тәуассул жасауын әртүрлі түсінуге, жорамалдауға болатыны сөзсіз. Себебі, жоғарыда айтылған тәуассулге қарсы шыққандардың жорамалын қуаттайтын, біріншіден, пайғамбарымыздың (с.а.у.) кісі бақилық болғаннан кейін яки, жалпы тәуассул жасауды тыйған тікелей әлсіз де болса ешбір тыйымы жоқ. Екіншіден, Омар өз аузымен қайтыс болған кісімен тәуассул жасауға болмайтындығын ашып айқын айтқан емес. Үшіншіден, хазірет Омар пайғамбардың немере ағасы Аббаспен тәуассул жасау арқылы пайғамбарымыздан басқа да жандармен тәуассул жасауға болатындығын білдіруі де мүмкін. Төртіншіден, Омардың Аббаспен тәуассул жасауы, оның Алла елшісіне туысқан болғандығы үшін. Яғни, бұл тәуассул бір қырынан Алла елшісімен жасалған тәуассулға жатады. Бесіншіден, Омардың Аббаспен тәуассул етіп жаңбыр сұрауының себебін Ибн Абдил-Барр өзінің «әл-Истиъаб» атты еңбегінде былай деп түсіндіреді: «Рәмада кезінде Омардың заманында қатты құрғақшылық болды. Бұл һижри он жетінші жыл еді. Каъб былай деді: «Уа, мүміндердің басшысы! Исрайл ұрпақтары мұндай жағдайға тап болғанда, пайғамбарлардың ең жақын туысқандарының құрметіне жаңбыр сұраушы еді». Омар: «Мынау Алла елшісінің немере ағасы, әкесінің бауыры, Һәшім ұрпақтарының мырзасы Аббас тұр ғой» деп, оған барып жағдайды айтты.»

Тағы бір айта кететін жайт тәуассулға қарсы шыққандардың айтқанындай Омар тек Аббасты шақырып алып жаңбыр жаууы үшін дұға жасатпаған. Өзі де Аббастың құрметі үшін жаңбыр сұраған. Себебі, Омар өзінің жоғарыдағы дұға мәтінінде: «Пайғамбарымыздың дұғасымен тәуассул жасаушы едік, енді оның немере ағасы Аббастың дұғасымен тәуассул жасаймыз» деп, дұға сөзін қосып айтпаған. Сондықтан «дұға» сөзін қосу – бұл жорамалға саналады. Ал сөзді тура түсінуге мүмкіншілік бар жерде жорамал негіз емес.

Алтыншыдан, өлген кісіге тәуәссул етуге болмайды дейтіндей оның көзі тірісіндегі Алла алдындағы қадір-қасиеті мен құрмет-­мәртебесі ол кісінің бақилық болуымен бірге қоса жойылып кетпейді ғой. Яғни, ол тақуа жанның көзі тірісіндегі Ұлы Жаратушы алдындағы құрметі – дүние салғаннан кейін де жалғаса береді. Сегізіншіден, өлі адаммен тәуәссул етуге болмайды дейтіндей біз өз мұқтаждығымызды өлген адамнан сұрап тұрған жоқпыз. Тек оның өлмейтін, өшпейтін Алла алдындағы мәртебесін шапағатшы етіп: «Алла Тағалам, пәленше құлыңның Сенің алдындағы ерекше құрметі мен мәртебесі үшін менің дұғаларымды қабыл ал» деп дұға етудеміз. Қысқасы, тілегімізді қабыл алушы әрі оны орындаушы құдіреті шексіз Алла Тағала болғандықтан, тәуәссул етілген адамның тірі болып-болмауының еш айырмашылығы жоқ.

3. Әбу Сағид әл-Худридан риуаят етілген басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): Кімде кім намазға шығарда: «Алла Тағалам, барша тілеушілер мен мешітке қарай жүргендердің хақысы үшін өзіңнен сұраймын. Шын мәнінде, мен нығметтеріңе күпірлік етіп, паңдану үшін яки істеген амалымды өзгеге көрсету үшін немесе мақтанып айту үшін (үйден мешітке) шыққан жоқпын. Мен тек Сенің ашуыңнан сақтанып, разылығыңды іздеу үшін шықтым. Өзіңнен мені оттан құтқарып, күнәларымды кешіруді тілеймін. Шын мәнінде күнәларымды сенен басқа ешкім кешіре алмас» - деп айтса, намазын бітіргенге дейін Алла Тағала ол құл үшін кешірім телейтін жетпіс мың періштені жібереді әрі Өзі де оған разылығымен қарайды», - деген. Жоғарыдағы хадистен Алла Тағаладан барша тілеушілер мен мешітке қарай жүрушілердің хаққы үшін деп сұраудың шариғатқа қайшы емес екенін аңғаруға болады.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: