Алла Тағала адамдарға тура жолды көрсету үшін көптеген пайғамбар жіберді. Олардың алғашқысы Хазіреті Адам (а.с.) болса, соңғысы Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) екені әмбеге аян.
Асылында әрбір үмметке бірер пайғамбар жіберілгендігі Құранда ашық түрде баян етіледі (қараңыз: 35.Фатыр-24, 10.Юнус-47). Бірақ жер бетіне хақ дінді тәблиғ ету үшін жіберілген пайғамбарлардың нақты саны белгісіз. Құранда пайғамбарлардың саны жайында мәлімет жоқ, тек хадисте - 124 мың, екінші бір риуаятта - 224 мың пайғамбардың адамзатқа келіп кеткендігі айтылады. Әрине, бұл тақырыптың тікелей иманға тигізер пайдасы да, зияны да жоқ. Сондықтан мәселені имани тұрғыдан таразылағанда, ең бастысы – «жер бетіне хақ дінді үйрету үшін жіберілген күллі пайғамбарларға иман еттім» деген пікірді ұстану болмақ. Немесе, сол мазмұндағы «Хазіреті Адамнан (а.с.), Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға дейін келіп - кеткен барлық пайғамбарларға иман еттім» деген пайым – сенім тұрғысынан ең абзал ұстаным.
Құранда тек 25 пайғамбардың есімі ғана аталады. Өзге пайғамбарлар жайында Құранда Хазіреті Пайғамбарымызға: «Расында сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік» (40.Ғафыр-78) делінген. Осы 25 пайғамбардың 18-інің есімі «Әнғам» сүресінің 83-86 аяттарында кездессе, өзгелері басқа аяттарда аталады. Ендігі кезекте сол аяттарға назар салып көрелік:
«Ибраһимнің еліне байланысты берген дәлеліміз осы. Қалағанымыздың дәрежесін көтереміз. Күдіксіз Раббың хикмет иесі, толық білуші. Және оған Исхақ, Яғқубты беріп, барлығын тура жолға салдық. Бұрын Нұхты да тура жолға салып және оның ұрпақтарынан Дәуіт, Сүлеймен, Аюб, Юсуф, Мұса және Һарунға да тура жол көрсеттік. Игілік істеушілерге осындай сыйлық береміз. Және Зәкәрия, Яхя, Иса және Иляс барлығы жақсылардан. Исмайл, Әляса, Юнус әрі Лұтты барлығын әлемге ардақты қылдық» (6.Әнғам, 83-86).
«Негізінен Алла Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның жұрағатын әлемдерге ардақты қылды» (3.Али Имран-33).
«Ад еліне туыстары Һудты жібердік» (7.Ағраф-65).
«Самуд еліне туыстары Салихті жібердік» (11.Һуд-61).
«Мәдиянға туыстары Шуғайбты жібердік» (11.Һуд-84).
«Исмайыл, Идрис, Зулкифлдерге де мәрхамет еткен едік. Солардың барлығы да сабырлы еді» (21.Әнбия-85).
«Мұхаммед (с.а.у.) сендерден ешкімнің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші» (33.Ахзаб-40).
Енді Құранда аты аталған 25 пайғамбарға жеке‑жеке қысқаша тоқтала кетейік:
- Хазіреті Адам (а.с.): Адамзаттың алғашқы атасы әрі алғашқы пайғамбар. Алла Тағала оны жоқтан бар етіп, топырақтан жаратқан. Кейінірек оған серік әрі жұбай ретінде сол қабырғасынан Хазіреті Хауа ананы жаратты. Алланың әмірімен періштелер оған сәжде етті, тек Ібіліс қана сәжде етуден бас тартты. Алла Адам ата мен Хауа ананы алғашқыда жәннатқа орналастырды. Бірақ олар шайтанның арбауына түсіп, тыйым салынған ағаштың жемісін жеп, жәннаттан шығарылып, жер бетіне түсірілді. Кітап ретінде Хазіреті Адамға (а.с.) 10 парақ түскен. Риуаят бойынша ол араб түбегінде 930 жыл өмір сүрген екен.
- Хазіреті Идрис (а.с.): Хазіреті Адамнан (а.с.) кейін Құранда аты аталатын пайғамбар. Хазіреті Идриске (а.с.) байланысты Құранда төрт аят бар. Оған 30 парақтан тұратын кітап түскен. Адамзат тарихында ол алғашқы садақ атуды, тігін тігіп, жазу жазуды бастаған адам ретінде мәлім. 360 жыл өмір сүргендігі жайында риуаяттар бар.
- Хазіреті Нұх (а.с.): Хазіреті Адам (а.с.) дүниеден өткен соң, адамдар уақыт өте келе хақ діннен шығып, жасанды пұттарға табынуға көшті. Оларды таухид сеніміне, хақ дінге шақыру үшін Алла Хазіреті Нұхты елші етіп жібереді. Хазіреті Нұхтың айтқанына құлақ аспаған қауымына Алла Тағала жаза ретінде топан суды тоғытып, жаңа нәсіл шығарады. Хазіреті Нұхтың өмір сүру мерзімі 950 жылға созылған.
- Хазіреті Һуд (а.с.): Йеменнің Хадрамут аймағындағы Ахқаф деп аталатын жерде өмір сүрген. Ад қауымына пайғамбар етіп жіберілген. Ад қауымы топан судан кейін жолдан тайғандардың бірі болатын. Хазіреті Һуд (а.с.) қауымын хақ дінге шақыру барысында көптеген мұғжиза көрсеткенімен одан ешқандай нәтиже шықпайды. Қауымы иман етуден бас тартқандықтан Аллатың азабына ұшырап, қатарынан жеті‑сегіз күндей алапат дауыл соғып, қауымы бақилық болады. Һуд (а.с.) 150 жыл өмір сүрген.
- Хазіреті Салих (а.с.): Шам мен Хижаз өлкесі арасында ғұмыр кешкен Самуд қауымына жіберілді. Хазіреті Салих қауымына насихат айтып, тура жолға бет бұруға шақырды. Самудтықтардың кейбірі иман еткенімен басым көпшілігі дінге мойын бұрмады. Тіпті сенбегенімен қоймай Хазіреті Салихтің жартас арасынан мұғжиза ретінде шығарған түйесін өлтіріп, Алла Тағаланың ғаділетті қаһарына ұшырады. Осындай азғындықтарының ақыры оларды жер қойнауына кетіп, жойылуларына себеп болды.
- Хазіреті Ибраһим (а.с.): Ең ұлық пайғамбарлардың бірі. Кішкентай сәбилік шағында‑ақ Алланың бар екенін сезіп, Оны айға, күнге, жұлдыздарға қарап іздеген. Хазіреті Ибраһим Вавилон патшалығының гүлденген дәуірінде елшілік қызметпен жіберілген. Ол Вавилон патшасы Намрудты иманға шақырады. Ал Намруд болса, оған зәредей де құлақ аспай, оны тау болып лаулап жанған отқа лақтыртады. Сонда Құдайдың құдіретімен жалындаған аптап от сап‑салқын болады да, Ибраһимге ешқандай да әсер етпейді. Хазіреті Ибраһим «Халилуллаһ» деген лақап атымен де танымал. Ол ұлы Исмайыл екеуі Қағбаны салады.
- Хазіреті Лұт (а.с): Хазіреті Ибраһимнің жиені, жас кезінде көкесі Хазіреті Ибраһимге иман еткен. Лұт пайғамбар жаңа бір шариғат әкелген жоқ. Ол негізінен Хазіреті Ибраһимнің шариғатымен амал етті. Лұт пайғамбардың қауымы аса жиіркенішті жыныстық құмарлықтармен атағы шығып, осы азғындықтарының кесірінен Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, өмірлерімен қош айтысқан.
- Хазіреті Исмайыл (а.с.): Хазіреті Ибраһимнің (а.с.) Хажар есімді әйелінен дүниеге келген тұңғыш перзенті. Хазіреті Ибраһим бәйбішесі Сараның қызғанышынан, Алладан келген әмір бойынша, ұлы Исмайыл мен анасы Хажарды Меккеге әкеледі. Бала Исмайылдың құрғақшылық кезде жерді теуіп Зәмзәм суы шығарған кереметі баршаға мәлім. Исмайыл өсе келе әкесінің Хаққа берген уәдесіне байланысты құрбандыққа шалынбақ болады. Осылайша Хазіреті Ибраһим Алланың сынағынан елшіге тән қасиетпен сәтті өтеді. Хазіреті Ибраһимге Аллатың әмірімен ұлының орнына жәннаттан көк қошқар түсіріліп, құрбандыққа шалынады.
- Хазіреті Исхақ (а.с.): Хазіреті Ибраһимнің бәйбішесі Сара анамыздан туылған ұлы. Хазіреті Исхақ Алланың Хазіреті Ибраһимге қартайғанда сыйлаған перзенті еді. Хазіреті Исхақ әкесі Ибраһимнің көзі тірісінде Ұлы жаратушымыздың қалауымен Шам халқына пайғамбар етіп жіберіледі.
- Хазіреті Яқуб (а.с.): Хазіреті Исхақ пайғамбардың ұлы, Юсуф пайғамбардың әкесі. Сүйікті ұлы Юсуфты жоғалтып алған соң жылаудан екі жанарынан бірдей айрылып, зағиптік халге жетеді. Юсуфтың бауырлары Мысыр елінде Юсуфты кездестіріп, оның көйлегін әкелеріне әкеліп бергенде, әкелері ұлының көйлегімен көзін сүрткенде жанарына нұр бітіп, жарық дүниені қайта көреді. Ол Палестинаның солтүстік аймағына пайғамбар болып жіберілген болатын. Хазіреті Яқуб пайғамбардың екінші есімі Исрайл еді. Сол себепті Ибранилерді Исрайл ұлдары деп те атайды.
- Хазіреті Юсуф (а.с.): Яқуб пайғамбардың (а.с.) аса сүйікті ұлы. Бауырлары оны әкелерінен қызғанып, өлтірмек болып құдыққа тастайды. Алайда, құдықтан су алмақ болған керуеншілер оны шығарып алып, Мысыр еліне апарады да сатып жібереді. Кейінірек Мысырдың қазына басы, одан соң патшасы болып, бауырларын Мысырға әкелдірген.
- Хазіреті Шұғайб (а.с.): Пұтқа табынушы Мәдян қауымына пайғамбар етіп жіберілген. Мәдян халқы оның айтқан үгіт-насихатына құлақ аспай өз білгендерін жасаудан тайынбағандықтан, Алла оларды зілзала апатымен жойып жіберді. Ал Шұғайб және оған иман келтірушілер бұл апаттан аман қалды. Хазіреті Мұса Шұғайб пайғамбарға 10 жылдай қызмет ету шартымен оның қызына үйленеді.
- Хазіреті Мұса (а.с.): Ферғауын түс көріп, Исрайл ұлдарының келешекте басына бәле болып жабысатындығынан шошынып, дүниеге келген ер баланың бәрін көзін жоюға әмір береді. Хазіреті Мұсаны осындай сәтте дүниеге келген. Анасы оның ферғауын жендеттерінің қолына түсуінен қорқып, Алланың аянымен сандыққа жөргектеп салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Өзендегі ағып бара жатқан сандықты Ферғаунның әйелі алдырып, ішіндегі сәби Мұсаны өзіне бала етіп асырап алады. Алланың құдіретімен Хазіреті Мұса Ферғауынның сарайында ер жетіп, Мысыр еліне пайғамбар ретінде жіберіледі. Ақырында ол Исрайл ұрпақтарын б.э.д. 1250 жылдары шамасында Мысыр елінен алып шығады.
- Хазіреті Харун (а.с.): Хазіреті Мұсаның туған ағасы. Ол өте шешен болған әрі сол қасиеті әжетке жарап Хазіреті Мұсаның елшілік қызметіне жәрдем еткен.
- Хазіреті Дәуіт (а.с.): Б.э.д. Х. ғасырда өмір сүрген Дәуіт пайғамбар балалық шағын шопандықпен өткізген. Оған қасиетті кітаптардың бірі Забур кітабы түскен. Ол Забурді ерекше сұлу мақамға салып, қайталанбас әуен үйлесімділігімен оқитын болады. Дәуіт (а.с.) б.э.д. 1013- 973 жылдар аралығында 40 жыл бойы әрі пайғамбар, әрі патша болып дүниеден өткен.
- Хазіреті Сүлеймен (а.с.): Хазіреті Дәуіт пайғамбардың ұлы және әкесі секілді патшалық құрып, кейінірек пайғамбар болған. Сүлеймен пайғамбар жастайынан өте алғыр болып өседі. Бүкіл жан-жануарлардың тілін білді. Тіпті, Алланың әмірімен жындар оның әміріне бағынды.
- Хазіреті Аюб (а.с.): Хазіреті Аюб пайғамбар Шам маңында өмір сүрген адамдарға елші болған. Алла Хазіреті Аюбтың әуелі мал-мүлкін, сосын бала-шағасын алып, сынақтан өткізеді. Ол осыншалықты қиыншылыққа сабыр етіп, бір Аллаға ғана сиынып өткендіктен, дінімізде асқан сабырлылығымен танымал болған пайғамбар. Алла Тағала сүйікті құлы Аюбтің денесін құрттатып дертке ұшыратады. Мұндай жағдайда да ол сабырлықтың шыңын бағындыру арқылы дертінен айығады.
- Хазіреті Зулкифл (а.с.): Хазіреті Әлиасаның немере ағасының ұлы және сол кісіден кейін Исрайл ұлдарына жіберілген пайғамбар. Хазіреті Мұсаның шариғатымен амал еткен, адамдарға Тауратты уағыздап, Шам өлкесінде дүниеден өткен.
- Хазіреті Юнус (а.с.): Ассирия патшалығының орталығы болған Нинова халқын хақ дінге шақырушы. Нинова халқы 33 жыл бойы оның үгіт-насихатына құлақ аспаған соң, Алланың әмірінсіз Нинова қаласын тәрк етіп, соңынан осы қателігі үшін Аллаға шынайы түрде тәубе етеді. Алла Тағала тәубесін қабыл еткен. Нинова халқы Хазіреті Юнусты тыңдамай ақырында Алланың азабы таянғанда жаппай тәубе етуді бастайды. Алла олардың да тәубесін қабыл етеді. Хазіреті Юнус елін тастап кеткен соң, жолда ол теңізге тасталып, онда оны алып кит жұтып қойып, ақырында Алланың құдіретімен дін‑аман жерге қайта шығады.
- Хазіреті Илияс (а.с.): Исрайыл ұрпақтарына жіберілген елші. Яһудилер әдеттегідей оған да иман етпей айтқан үгіт-насихаттарын тыңдамай, керісінше оны ел-жұртынан қуып шығады. Осы әрекеттері үшін Алла яһудилерді ашаршылыққа ұшыратады.
- Хазіреті Әлиаса (а.с.): Яһудилер бейне бір пайғамбарлардың үгіт-насихатын тыңдау өздеріне харам етілгендей ешбір елшіге құлақ аспады. Тіпті Хазіреті Мұсаның шариғатын да тәрк етті. Ескерусіз қалған пайғамбарлардың бірі Хазіреті Әлиаса еді. Ол ғұмырының соңына дейін яһудилерді хақ дінге шақырумен өтті.
- Хазіреті Зәкәрия (а.с.): Хазіреті Яхя пайғамбардың әкесі. Хазіреті Мәриям ананың жездесі. Хазіреті Зәкәрия да яһудилерге жіберілген елші еді. Хазіреті Мәриям ана Алланың әмірімен Хазіреті Исаға жүкті болып, дүниеге әкесіз бала әкеледі. Бірақ яһудилер Алланың бұл мұғжизасына сенбей Хазіреті Зәкәрияны Хазіреті Мәрияммен көңілдес болды деген айып тағып, ақырында 100 жастағы Зәкәрияны (а.с.) арамен кескілеп, шәһит етеді.
- Хазіреті Яхя (а.с.): Хазіреті Зәкәрия пайғамбардың қартайған шағында көрген перзенті. «Өліден тірі шықты» деген мағынаға келетін оның есімін Алла Тағала қояды. Себебі, қартайғанда перзентті болу екі талай жағдай болатын. Алайда, Алланың әмірімен дүниеге Хазіреті Яхя келеді. Жастайынан пайғамбар болып, алғашында Хазіреті Мұсаның шариғатымен амал етті. Сол кезеңде Хазіреті Иса пайғамбар жаңа шариғатпен келген соң, кейіннен соның жолымен жүрді. Яһудилер Хазіреті Яхяны да әкесі секілді жастай шәһит етті.
- Хазіреті Иса (а.с.): Алланың бір мұғжизасы ретінде әкесіз дүниеге келеді. 30 жасында пайғамбар болып, яһудилерді жалғыз Жаратушыға ғибадат етуге шақырады. Інжіл кітабымен жаңа шариғат әкеледі. Пайғамбарлығының мұғжизасы ретінде өлі жанды тірілткен, балшықтан құс жасап оған жан берген, зағип жандардың көзіне нұр сыйлап, көктен дастархан түсірген. 33 жасында Хазіреті Исаны (а.с.) Алла Тағала көкке алдырады.
- Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.): Адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар. Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) қасиетті Құран Кәрім түсірілген және ол ең соңғы иләһи заңдылықтардың жиынтығы болып табылады. Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) 610 - жылы 40 жасында пайғамбарлық ұлық міндет жүктеліп, 632 - жылы 63 жасында Алла Тағаланың әмірімен бұл дүниеден озады.
(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)
Ummet.kz