Жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жандар үшін тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Мына дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақыретте жауап беретінінен қорқады, жасаған жақсылығының бақытқа, ал жамандығының зиянға себепкер болатынын жадында ұстайды.
Саңлақ сахабаның бірі Мұаз ибн Жәбәл былай дейді: «Йеменге басшылық қызметіне кетейін деп, үзеңгіге аяғымды қойған сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Мұаз! Адамдармен қарым-қатынас жасағанда жақсы мінезді бол!» деп маған соңғы өсиетін айтты. Мұсылман күнделікті өзін тәрбиелеп, өзгеге жамандығын тигізбеу үшін дұға-тілекте жүргені дұрыс. Мәселен, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды бастамай тұрып, Жаратқанға былай дұға ететін: «Уа, Алла! Мені ең көркем мінезге бағытта. Сенен басқасы мені жақсы мінезге бастай алмайды. Менен жиіркенетін мінезді алыс ет. Бұл істі Сенен басқа ешкім орындай алмайды». Тағы бір дұғасында: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де сондай көркем ете гөр!» деп Жаратқанға жалбарынатын.
Сахабалар Пайғамбарымыздан қандай амал көрсе, оны лезде іске асыруға асығатын. Сондай ардақты сахабаның бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) бір күні түнде тұрып Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де көркем ете гөр!» деп таңға дейін дұғасын жалғастырады. Таң атқаннан кейін әйелі:
«Әбу Дәрда, бүкіл түнгі дұғаң және қажетіңнің барлығы көркем мінез жайында сұраумен болдың ғой. Неге соншама таңға дейін мұндай дұға жасадың?» деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда: «Уа, Умму Дәрда! Бір мұсылман мінезін әдемілей-әдемілей ғұмыр кешетін болса, көркем мінезі оны жәннатқа жетелейді. Егер мінезі жаман болып тіршілік кешсе, жаман мінезі тозаққа итермелейді» деп себебін жеткізген екен.
Ғасырлар бойы асыл діннен ауытқымаған бабаларымыз да ихсан ілімін өмірлеріне серік еткен. «Өлімнен ұят күшті» деп, ұяттың иманнан һәм ихсаннан екенін көрсеткен. Сондықтан басшыға да, қосшыға да керек нәрсе – ихсан ілімі, яғни көркем мінезділік. Ол – адамның ары мен ұятын сақтап, абыройын асқақтата түсетін рухани ілім.
материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,
ummet.kz