01
Жұма,
Қараша

һижри

Алла Тағала мейірімінің молдығы

Алла Тағала мейірімінің молдығы

Ақида
Жарнама

Аса Құдіретті, Ұлы Алла Өзінің Кітабын оқуға жиналғандарға асқан мейірімділік танытады. Алла Тағала оларға төрт дүркін құрмет көрсетті және осы төрт сыйлықтың әрқайсысы олардың дәреже-жағдайларының Өзінің алдында қаншалықты жоғары екенін, Өзі амалдарын қабыл ететінін және олар аса Қамқор Раббыларының мейірімі мен кешіріміне бөленгенін айғақтайды.

а) «...оларға тыныштық түседі...».

Бара ибн Азиб (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) бір адам «Кәһф» сүресін оқи бастады. Сол кезде оның ауласында тұрған мініс көлігі (бір нәрседен) үркіп секіре жөнелді, сонан соң оны кенеттен тұман не бұлт секілді нәрсе қоршап алды. Ол осы туралы Пайғамбарға (с.а.с.) айтып еді, ол (с.а.с.): «Оқи бер, ей, пәленше! Ол Құран (оқығанға) қатысты түскен тыныштық», – деді», – деген. Осы тыныштықтың арқасында адамның жүрегі мен жан-дүниесі орнығады, адамның өзі қанағаттану рақатын сезінеді, ал ақыл-парасаты мен ой-қиялы тиянақтылық табады. Алла Тағала: «Сондай иман келтірген әрі жүректері Алланы еске алумен тыныштық табатындар; Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен тынышталады»;

«Ал кім Менің ескертуімнен теріс бұрылса, оған тар өмір болады әрі оны Қиямет күні жиналатын орынға соқыр күйде келтіреміз»;

«Жүректері Алланы еске алудан қатайғандарға нендей өкініш! Міне, солар ашық адасудағылар», – деді.

ә) «...мейірім-шапағат орап алады...».

Бір күні Салман (Алла оған разы болсын) басқа да адамдармен бірге Алла Тағаланы зікір етіп отырғанда, олардың қасынан өтіп бара жатып, Алла елшісі (с.а.с.) (тоқтап): «Не айтқан едіңдер? Расында, сендерге мейірім түсіп тұрғанын көрдім және оның бір бөлігі маған да тиесілі болса игі еді дедім», – деген.

Мұсылманға нәсіп болуы мүмкін ұлы істің ең бастысы және мұсылман жететін жақсылықтың ең жақсысы – осы мейірім-шапағат. Ол адамның бұл өмірдегі амалдарының тамаша жемісі болып табылады. Алла Тағала: «(Мұхаммед!) «Олар Алланың кеңшілігіне әрі мейіріміне қуансын. Бұл (Құран) олардың жиған-тергендерінен қайырлы», – де», – деген. Кімге Алланың мейірім-шапағатына жақын тұрса, сол адам шат-шадыман қуанышқа кенеледі, ал аса Құдіретті Алланың Кітабын оқып, бірлесіп үйрену олардың игілік жасаушылардан екендігінің белгісі болмақ. Өйткені Алла Тағала: «Расында, Алланың рақымы игілік жасаушыларға жақын», – деген. Және бұл – олардың Ұлы Жаратқанның жазалауынан құтылатындығы. Алла Тағала: «Мен қалағанымды азабыма ұшыратамын. Ал мейірімім болса әр нәрсені (барлығын) сыйдырады. Мен оны (мейірімімді) таяуда (Өзімнен) қорыққандарға, зекет бергендерге және аяттарымызға иман келтіргендерге жазамын», – деді», – деп айтқан. Ендеше, бұл олардың мүміндер мен Аллаһ тағалаға жақын тақуалар қатарына жататындығы туралы қуанышты хабар болады.

б) «...және оларды періштелер қоршайды...».

Усайд ибн Худайр (Алла оған разы болсын) бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанда, қасындағы байлаулы тұрған аты әлденеден үркіп тыпырши бастайды. Ол оқуды тоқтатқан кезде, аты да тынышталады. Ол (тағы да) оқи бастағанда, аты (тағы да) тыпыршиды, ол оқуды тоқтатқан кезде, аты да тынышталады. Ол (тағы да) оқи бастағанда аты (тағы да) мазасызданады. Ол (Құран) оқуды тоқтатады. (Бұл кезде) баласы Яхия ат маңында (ұйықтап жатыр) еді. Усайд оны ат басып кетер ме екен деп қауіптеніп, (баланы алысырақ жерге) жатқызады. Сосын көкке көз салып қарап еді, оны көрмеді. Таңертең (көрген-білгенін түгел) Пайғамбарға (с.а.с.) айтты. Сонда ол (с.а.с.): «Оқы, ей, Ибн Худайр! Оқы, ей, Ибн Худайр!» деді. Усайд: «Уа, Алланың елшісі! Атым оның қасында жатқан Яхияны басып кете ме деп, басымды (Кітаптан) көтердім де, балама келдім. Сонан соң аспанға қарап едім онда майда шамдарға ұқсайтын нәрселері бар ақ перде секілді зат көрдім, сонан соң ол көзден ғайып болды», – деді. (Сонда) Пайғамбар (с.а.с.): «Оның не екенін сен білесің бе?» – деді. (Усайд): «Жоқ, білмеймін», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Олар сенің даусыңа жақын келген періштелер, егер (таң атқанша) оқуды жалғастырғаныңда, онда таңертең адамдар оларды міндетті түрде көрген болар еді және олар адамдардан жасырынбас еді», – деді.

Демек, адамдар Құранды неғұрлым көп оқыса, соғұрлым көп періштелер жан-жақтан қоршап алады. Періштелердің адамдарға келуі нені білдіреді және Құран оқылған кезде бірге болып, адамдарды қоршап алуы не нәрсеге жеткізеді? Адамдар періштелермен бірге Құран оқып, үйрену барысында бейбіт өмірде және қауіпсіздікте болады. Періштелердің бірге болуы адамдарды түрлі зұлымдықтардан қорғайды және өздері қаламайтын нәрселердің жетуіне мүмкіндік бермейді. Алла Тағала: «Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп қорғаушы (періштелер) бар», – деген.

Бәлкім, бұл қастерлі істің ең жақсы жемісі періштелер Алланың мұндай құлдары мен олардың аса Құдіретті Жаратушысы арасындағы, Оған Өзін зікір етуші, Оның Кітабын оқып-үйренуші мұсылман-мүміндердің амалдары туралы, олардың жаны Алланың қамқорлығына ұмтылатындығы және Оның ашуы мен жазасынан қорқатыны жайлы хабар жеткізуші, сондай-ақ бұл құтылу мен табысқа жетудің қақпалары әрі Алла Тағаланың кешірімінің себебі болар.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, Алланың зікір етушілерді іздеп жолда жүретін періштелері бар. Олар Алланы зікір етуші адамдарды тапқанда, бір-бірін: «Іздеп жүрген қажеттеріңе келіңдер», – деп шақырады және (мұндай адамдарды) қанаттарымен қоршап ең төменгі аспанға дейін (түседі, ал адамдар Алланы зікір етулерін тоқтатқан кезде олар жоғары шығып кетеді). Сонда Раббылары жақсы біліп тұрса да олардан: «Менің құлдарым не туралы айтып жатыр?» – дейді. (Періштелер): «Олар Сенің Пәк екеніңді зікір етуде, Сені ұлықтап, Саған мадақ айтуда және Сені дәріптеуде», – деп жауап береді. Сонда (Аллаһ): «Олар Мені көрген бе?» – дейді.

(Періштелер): «Жоқ, Алламен ант етеміз! Олар Сені көрмеген», – дейді. (Алла): «Олар Мені көрген болса, не болар еді?» – дейді. (Періштелер): «Егер олар Сені көрген болса, онда Саған бар ықыласымен барынша ғибадат етіп табынар еді, Саған (бұрынғыдан да) көбірек мақтаумадақтар айтып, ұлықтар еді және Саған жиі тәсбих айтар еді», – дейді. (Сонда Алла): «Олар Менен не сұрайды?» – дейді. (Періштелер): «Олар Сенен жаннатты сұрайды», – дейді. (Алла): «Ал олар оны көрген бе?» – дейді. (Періштелер): «Алламен ант етеміз, уа, Раббым, олар оны көрген жоқ», – дейді. (Алла): «Егер олар оны көрген болса, не болар еді?» – дейді. (Періштелер): «Егер олар оны көрген болса, оған жетуге барынша күш салар еді және оған бұрынғыдан да үлкен табандылықпен ұмтылар еді, сондай-ақ бұрынғыдан да көбірек оны қалар еді», – дейді. (Алла): «Олар неден қорғауымды өтінеді?» – дейді. (Періштелер): «(Тозақтың) жалынынан», – дейді. (Алла): «Ал олар оны көрген бе?» – дейді. (Періштелер): «Уа, Раббым, Алламен ант етеміз! Олар оны көрген жоқ», – дейді. (Алла): «Ал олар оны көрген болса, не болар еді?» – дейді. (Періштелер): «Ал егер олар оны көрген болса, одан аулақ қашуға барынша әрекет етер еді және одан бұрынғыдан да қатты қорқар еді», – дейді. (Сонда) Алла: «Сендерді куә етемін, Мен оларды кешірдім», – дейді. Сонда періштелердің бірі: «Олардың ішіндегі пәленше олардан емес, ол өз қажеті үшін келген», – дейді. (Сонда Алла): «Олар – (сондай адамдар) олар арқылы жолдастары қайғы-қасіретке ұшырамайды», – дейді», – деп айтқан», – деген.

в) «...және Алла оларды Өзінің қасындағыларға айтып мақтанады...».

Аса Құдіретті Алла: «Енді Мені естеріңе алыңдар, Мен де сендерде есіме аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да, күпірлік жасамаңдар», – деген. Сонымен, мұсылман-мүмін Алланың Кітабын оқи немесе Оның аяттарын тыңдай өз Тәңірін есіне алғанда Ұлы Алла да Өзінің биік жағдайында пендесін есіне алады, бірақ осы екі еске алудың айырмасы өте үлкен. Өйткені Алла Тағаланың пендесін есіне алуы – (құлының дәрежесін) көтеру, кешіру, мейірімділік және разылық пен молшылық, мейірбандықтан тұрады.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Алла Тағала: «Мен пендем Өзімді қалай ойласа, сондаймын әрі ол Мені есіне алған кезде, Мен онымен біргемін, егер ол Мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын, егер ол Мені бір жамағаттың арасында есіне алса, Мен оны олардан жақсы жамағаттың арасында есіме аламын, егер ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір білек жақындаймын, егер ол маған бір білек жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын, ал егер ол Маған қарай жүрсе, Мен оған қарай жүгіремін», – дейді», – деді», – деген.

Мінеки, бұлардың бәрі аса Құдіретті де Ұлы Алланың ризалығын, Оның мейірбандығын білдіреді. Аса Қамқор Алла Тағалаға жалбарынатын, Оның шариғатының заңдарын бұлжытпай сақтап бұйрықтарын орындайтын, Оның салған тыйымдарынан аулақ жүретін және Оған бойсұнудан еш уақытта ауытқымайтын адамды Ол тез арада марапаттайды. Бір сөзбен айтқанда, Алланың Кітабын оқумен және үйренумен шұғылданса және іс жүзінде оның бұйрықтарын басшылыққа алып Құранға жүгінсе, оның саудасы табысты болады. Алла Тағала: «Ақиқатында, Алланың кітабын оқитын, намазды орындаған және Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жасырын әрі ашық түрде жұмсағандар жоғалмайтын сауданы (сауапты) үміт етеді, Ол сыйларын толық беруі және Өз кеңшілігінен қосып беруі үшін. Әлбетте, Ол –  өте Кешірімді, алғысқа бөлеуші» , – деген.

Мұндай адамдардың мақтан етулеріне, оларға Құран оқып, үйренуде үлгі болуға адамдардың ең игісі – Мұхаммед ибн Абдулла (с.а.с.) пен көктегі періштелердің ең жақсысы – Жәбірейіл періште (аләйһис-сәләм) толық жеткілікті. Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың ең жомарты еді, ал рамазанда Жәбірейілмен (аләйһис- сәләм) кездескенде аса жомарт болып кететін. Рамазан кезінде Жәбірейіл оған Құран үйретіп, әр түні кездесетін және (бұл күндері) Алла елшісі (с.а.с.) игілік пен жомарттық жасауда еркін ескен желден де жылдам еді», – деген.

Мұндай пайданы Алла Тағаланы еске алу үшін бірімен-бірі жолығысатын адамдардың әрқайсысы алады. Әбу Һурайра және Әбу Сағид әл-Худри (Алла ол екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдар аса Құдіретті де Ұлы Алланы еске алу (зікір ету) үшін жиналғанда, оларды міндетті түрде періштелер қоршайды және мейірімшапағатымен орап алып, араларына тыныштық түседі, сондай-ақ Алла оларды Өзінің қасындағылардың арасында еске алады», – деді», – деген. Сөйтіп Алла Тағаланы зікір етушіге ең жоғарғы құрмет көрсетіледі. Ол құрмет – аса Құдіретті Алланың Өзі зікір етушіні періштелер арасында ардақтап еске алуы.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадистің шарқы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: