01
Жұма,
Қараша

һижри

Егер әулие өзін пайғамбар санаса...

Егер әулие өзін пайғамбар санаса...

Ақида
Жарнама

Біздің көзқарасымыз бойынша, әулиенің кереметі – рас. Көз тию мен сиқыр да – ақиқат. Мұғтазилиттер бұларды мүмкін емес деп есептейді. Біз мұны рационалдық тұрғыдан және діни дәлелдер арқылы да дәлелдей аламыз:

а) Діни дәлелдер: Бұған Құрандағы Сүлеймен пайғамбардың (Оған Алланың сәлемі болсын) уәзіріне қатысты айтылған деректі келтіре аламыз. Ол (Саба патшайымы) Балқыстың патша тағын айшылық алыс жерден қас қағым сәтте алдына әкелген. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Ол: «Сен көзіңді ашып жұмғанша оны алдыңа әкелемін» деді. (Сүлеймен пайғамбар) оны көргенде: «Бұл – Алланың берген ерекшелігі», – деді» делінген.

Нихауандта жүрген Сария Мадинадағы халифа Омардың: «Ей, Сария, тауға қарай! Тауға!» дегенін естіген. Негізінде олардың арасында 500 фарсахтан астам арақашықтық бар еді. Омар хат жазып, Ніл өзеніне тастаған кезде, құрғауға бет алған Ніл ернеуінен асып, тасыған-ды139. Халид ибн Уалидтің  уды ішкеніне қарамастан, дін аман қалған оқиғасы да көпшілікке мәлім140. Сондай-ақ, табиғиндар мен мұсылман үмбетінен шыққан ізгі жандардың кереметтері туралы деректер көп жеткені соншалық, ахад хабарлар болса да бәрі қосылғанда мұтауатир дәрежесіне көтеріледі. Бұл – кереметтің бар екендігін көрсетеді.

ә) Рационалдық дәлел: Керемет – пенденің мойынсұнуы мен тағат-құлшылығының нәтижесін көрсететін, дінінің хақ екендігіне адамдардың көзін жеткізіп, имандарын арттыратын, табиғат заңдылықтарынан тыс жүзеге асатын Алланың ісі.

Сұрақ: Егер керемет осылай көрініс тапса, ол жағдайда мұғжизаға ұқсап кетіп, әулие мен пайғамбарды бір-бірінен ажырата алмай қалмаймыз ба?

Жауап: Олай емес. Себебі, мұғжиза өзін пайғамбармын деп атаған адамда көрініс табады. Әулие керемет көрсеткенде өзін «пайғамбармын» демейді. Егер ол өзін пайғамбар санаса, сол сәтте иманнан шығып, кәпір болады. Керісінше ол өзінің пайғамбарға еретіндігін нақтылап көрсетеді. Негізінде әулиелердің көрсеткен әрбір кереметі өзі мойындаған пайғамбардың мұғжизасы болып есептеледі. Пайғамбар мен әулиенің айырмашылығы міне осылай анықталады. Тура жолға бастайтын тек Алла ғана!

материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: