01
Жұма,
Қараша

һижри

Өкпе, реніш несімен қауіпті, онымен қалай күресу керек?

Өкпе, реніш несімен қауіпті, онымен қалай күресу керек?

Иман келтіру

Өмірде ренжіте алмайтын, ызаландыра алмайтын, қорлай алмайтын адамдарға жолыққан шығарсыз. Кішкене ғана ескерту жасай алмайтын адамдар болады, көпшілік оларды ренжіту «шыңмен немесе сарқырамамен күресумен тең» деп айтады.

Олар не сонда? Тума оптимист талант па әлде жылдар бойы шынықтырылған күшті иммунитет пе? Ондай адамдар сыйлы болады, кейде оларды қызғанып жататындар да жиі кездеседі. Сыртынан «осы темір ме, ауырмайды екен»,- деген сөздерді де естіген боларсыз. Денсаулық демекші, ондай адамдарды бекер қызғанбайды. Барлық адам интуициясымен сезе алатын қабілетке ие, олай болса біздің денсаулығымыз ішкі дүниеміздің халіне қарай жұмыс жасайтынын ұмытпау керек. Дені саудың жаны сау немесе керісінше!

Әрқайсымыз өмірде бір рет болсын ренжіген адамдармыз. Бір рет болса, сол жақсы болар еді! Тіпті кейде байқамай, осы күйге еніп кетіп жатамыз. Өзімізге ренжиміз, тағдырға налимыз, көбінесе айналамыздағы жандарға өкпелейміз. Тіпті өкпе мен реніш денсаулыққа зиян деп айтылып жатса да мән бермейміз. Бауырдың қабынуы мүлде ішімдік ішпеген адамда кездесер болса, ата- анасына деген бала күнгі өкпесінен пайда болғаны. Ал үнемі қатты ренжіп, өзін іштей жеп жүретін адамды рак секілді дертке шалдықтыратыны анықталған. Бұл деген адамның ағзасы іштей мүжіледі дегенді білдіреді. Олай болса, реніш пен өкпені «өзін жеу» деп айтсақ, артық айтпаған боламыз.

Реніш – адамның іштей жұтатын қайғысы. Кешіре алмайтын адамның іші бұзылады. Олай болса, не үшін ренжи береміз? Ешкім өзіне жамандық қаламайтыны белігілі, біз «ендеше не істеуіміз керек», «бұл сезіммен қалай күресеміз» деген сұрақтардың жауабын білмейміз. Олай болса, өзімізбен-өзіміз сұхбаттаса отырып бұл сезімді түсініп көруге тырысайық. Бұл сезім ақыры бізді еркімізден айырады екен, өмір сүруге кедергі болады екен, жағымды әсерден ләззат алуға кедергі келтіреді екен, олай болса бәлкім, бұл артық сезім шығар? Ішіміздегі жараларды реттеп, өткенді сараптап жүріп, уақытымызды босқа кетіріп аламыз.

Ең алдымен, мына нәрсені түсініп алуымыз керек. Ренжіген адам өзіне жасалған әділетсіздіктің көзін жоюдың жолдарын іздей бастайды. Оған неғұрлым қатты ренжіп, уайымдай беретін болса, соғұрлым тезірек тылсым бір өзгерістер болып, оның осы жанкештілігіне сыйлық берілетіндей болып тұрады. Бірақ ешқандай сый мен құрмет болмайды, күтпеңіз. Өтіп кеткен реніш пен өкпе — болып қойған жағдайға қарсылық таныту, алайда ол сәтті кері қайтара алмайсың. Олай болса, бос уайымнан ешқандай логика көріп тұрған жоқ шығарсыз? Өткенмен күресудің мәні бар ма? Өткенді өзгерте алмайсың, олай болса өткенмен күресуге жұмсалған барлық энергия өзімізді мүжу мен саулығымызға тигізген зиянымыз ғана болмақ. Міне, өкпе мен реніш құрдым мен уайымға апаратынын түсінген кезде, өзіңіз-ақ осы бір сезімді басқаруға күш саласыз. Ол сезім өзіңіздікі ғой, сізден шығып жатыр. Оны қай кезде өшірсеңіз де, өз еркіңізде. Кейде өзіңді сыйлау, өзіңді қадірлеу деген қарапайым ұстанымның да көмегі көп болады.

Бұл мәселені үнділік данагөй Ошо былай жеткізген: «Әлдекім бір тетікті басып қалады, біз мақтанға семіріп, үрленіп кетеміз, басқа тетікті басқанда желіміз шығып, ренжіп қаламыз. Біреудің сені басқарғаны өзіңе ұнай ма? Осы сұрақ адамды ойландырып, «өз өмірімнің қожайыны өзім, өзімнің сезімімді өзгенің басқаруына жол бермеймін» деген шешім қабылдауына түрткі болатын жалғыз факт.

материал «Кешіре білу өнері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: