01
Жұма,
Қараша

һижри

Көңілді қалай кірлетпейміз, жүректі қалай таза ұстаймыз?

Көңілді қалай кірлетпейміз, жүректі қалай таза ұстаймыз?

Иман келтіру

Барлық мақтау Өзінен басқа Жаратушы болмаған Алла Тағалаға ғана тән! Соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) оның жанұясы мен туған-туысқандарына және оның сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Жүрек – жақсылық пен жамандықтың, тақуалық пен күнәнің, халал мен харамның, яғни, періште мен шайтани күштердің соғыс майданы. Көңіл (жүрек) өмір бойы осы періштелік және шайтани көріністермен, бейімділікпен толқып тұрады.

Діннің негізгі мақсаты – Алла Тағалаға құл екендігінің байыбына барып түсінетін нәзік әрі кеме адамдарды тәрбиелеу. Жүрек – тәннің және рухани жан дүниеміздің орталығы. Оның тәніміздің өмір сүруінде маңызды рөлі бар. Расында адам денесіндегі миллиардтаған жасушаларға таза қанның жеткізілуі тікелей жүректің қызметі. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда,  әрбір жасушаға қанның жеткізілуі төрт секундтан көбірек тоқтайтын болса, ол жасушаның өмірі бітеді екен. Тән өмірі үшін осындай маңызға ие жүрек, сонымен қатар адамдағы сезімталдық құдірет пен қабілеттің негізін құрайтын рухани негіз.

Өмір сүрген ортамызға зер салсақ, әр пенденің жүрек қалауына байланысты әр түрлі өмір кешірмесін басынан өткізетінін байқаймыз. Қуатты иманнан нәр алып, жақсылық пен ізгілік атаулыға құштар жүрек адамды арманның асқарына бастап, ұлы мұрат болған Алла ризалығы үшін бар күш жігерін салуға итермелейді. Көптеген сыртқы себептер мен нәпсінің құмарлықтарынан әсер алған жүрек жаратылыс мақсатынан алшақтап өзінің мәңгілік болашағына қауіп төндірерлік жағдайға алып келетіндігі де ақиқат.

Іс-әрекеттеріміз жүрегіміздің бағытын құрайды. Жүрегіміздің құбылысына қарай іс-қимыл танытамыз. Бұл дүниедегі тепе-теңдік пен тыныштық, ақыреттегі шаттық пен бақыттылық таза жүрекке ие болумен тікелей байланысты. Мұндай жүрек – сәлиим, яғни, жаратылысындағы таза әрі табиғи ерекшелігінен ажырамаған, діннен айырылмаған, сау жүрек.

Пайғамбарымыз Мухамметтің (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Әрбір бала Ислам табиғатымен туады. Кейіннен ата-анасы оны (діндеріне қарай) не христиан, не яһуди, немесе мәжуси (отқа табынушы) етеді», – деп айтылған. (Мүслим, «Қадар», 22)

Бұл ақиқат хабардың көрсетіп тұрғаны, жүректің табиғи әрі таза болмысы сөзсіз «Ислам» бойынша белгілі болмақ. Бірақ, жүрек қашан жағымсыз нәрселерге душар бола қалса, сол кезден бастап-ақ таза табиғатын жоғалтып, бағытынан айырылуы мүмкін.

Жүрек рухани жағдайларына қарай үш түрге бөлінеді. Соның біріншісі, жаратылыс мақсатын сақтап қалған жүрек. Қасиетті Құран-Кәрімге қарап отырып мұндай жүректердің де үш түрге бөлінетінін көруге болады.

  • Қалбун сәлиимун – таза жүрек. Біз жоғарыда айтып өткен сау жүрек. Бұл туралы «Шұғара» сүресінің 88-89 аяттарында:

يَوْمَ لَا يَنْفَعُ مَالٌ وَ لَا بَنُونَ إلَّا مَنْ آللَّهَ بِقَلْبِ سَلِيمٍ

Яғни «ол күні мал-мүліктің де, әулеттің де түкке пайдасы (себі) жоқ. Тек Аллаға пәк көңіл, шын жүрегімен барған адам ғана пайда көреді».

  • Қалбун муниибун – шынайы жүрек. Бұл туралы Алла тағала:

مَنْ خَشِىَ آلرَّحْمَنَ بِالْغَيْبِ وَجَآءَ بِقَلْبٍ مُنِيبٍ اُدْخُلُوهَا بِسَلَام ذَلِكَ يَوْمَ الْغُلُودِ

Яғни «кім көрмей тұрып, қайырымды Алладан қорқып, берілуші жүрекпен келсе (Оларға:) Жаннатқа есендікпен кіріңдер! Бұл мәңгілік орын (делінеді)». (Қаф: 33-34)

  • Қалбун мутмаъинун – қанағатты жүрек. Бұл турасында қайсиетті Құранда Алла Тағала былай дейді:

اَلَّذِينَ اَمَنُوا وَ تَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُمْ بِذِكْرِ آللَّهِ اَلَا بِذِكْرِ آللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Ол сондай иман келтіргендердің көңілі Алланы еске алу арқылы жай табады. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен көңіл орнығады (тынышталады, қанағаттанады)».

Жүректің адам өміріндегі маңызы туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с) бір хадисінде:

اَلَا وَ إِنَّ فِى الْحَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْحَسَدُ كُلُّهُ وَ إِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْحَسَدُ كُلًّهُ أَلَا وَ هِىَ الْقَلْبُ

«Біліп алыңдар, адамда бір жапырақ ет бар. Ол жақсы болса барлық дене жақсы болады. Ол бұзылса барлық дене бұзылады. Ол – жүрек». (Бұхари, «Иман» 39)

Қалбун сәлиимун (قلب سليم), қалбун  муниибун (قلب منيب), қалбун мутмаъинун (قلب مطمئن) сипатына ие жүректердің белгілері:

Көңілшек, жаратылысқа мейірімді, көзі мен көңілі жасқа толы, өз халіне риза болу (الحمد لله على كلى حال), хақ пен жақсылыққа қызмет ету, жамандықтан қашу, насихат пен дұрыс жолға ұмтылу, Алланың сүйіспеншілігіне ынтық болу.

Шынайы ниетпен дұға және истиғфар айтумен қатар, адал тамақтануға көңіл бөлу, осы жүрек дәрежесінің қоры болып табылады. Бұл қорды сақтау, тек ізгі амалдар жасаумен ғана мүмкін болады. Адам болғандықтан күнәләрдан үнемі аулақ болу мүмкін емес. Күнәлар жүректің сезімталдығын (қасиетін) азайтып, оны ақиқат алдында рухани соқыр әрі саңырау ететіндіктен, жүректің жағымды көріністерге ие болуы үшін шынайы истиғфар мен дұғаға жүгінуі шарт.

Бұл жерде жүректі осы қасиеттерге жетелуде жамандықты жою, жақсылықты таратудан абзал екенін естен шығармаған жөн. Жамандықтың жойылуы, жақсылықты таратудан да маңызды. Ал, адал тамақтанған пенденің жүрегін Алла нұрландырады да хикмет бұлағын оның жүрегінен алып, тіліне жібереді.

Рашид Алпысбаев,

«Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: