Шүкіршілік дегеніміз – берілген нығметтің ақысын бере отыра пайдалану. Егер біз шүкір ететін болсақ, артуы керек. Себебі шүкіршіліктің белгісі арту. Алла Тағала «Ибраһим» сүресінің 7-інші аятында «шүкіршілік етсеңдер арттырамын» деп айтқан.
Осы жағдайда біз шүкіршілікті жалқаулықпен шатастырмауымыз керек. Ол екеуінің қандай ұқсастығы бар? Кейде адамдар жеткен жетістігіне «разымын», «осыған шүкір» деп дамуын, ары қарай жүруін тоқтатып қояды (зона комфортаға кіріп кетеді). Ол жалқаулыққа айналып кетеді.
Жоғарыда айтқандай – шүкіршілік – ақысын беру. Көздің ақысы – халал, рұқсат етілген нәрселерге қарау. Құлақтың ақысы – Құран, нашид, уағыздар тыңдау. Ақыл-сананың, мидың ақысы – жұмыс жасату, дұрыс пайдалану, тура жолда қолдану. Сіз осы дәрежеге жеткен болсаңыз, әжептеуір жаттаған болсаңыз, Аллаға шүкір айтып, Алланы ұлықтап, мадақтап, ары қарай жүре беруіңіз керек.
Маңызды мәселе! Кейде адам жетістікке жеткенде нәпсісі құтыра бастайды, такаппарлығы оянып, өзін басқалардан жоғары санай бастайды. Шайтанның бұл қақпанына ілініп қалмаңыздар. Сақ болыңыз. Барынша кішіпейіл болып, өзіңіз жасауға намыстанған дүниелерді жасай бастаңыз.
Мысалы, өзіңізден кішіге бірінші амандасу, басқаларға орын беру, көмектесу. Қысқаша айтқанда, өзіңізге қалағанды бауырыңызға да қалау. Бұл жайлы хадис бар Бухари, Муслимде келген: «Араларыңнан ешқайсысың өзіне қалағанын мұсылман бауырына да тілемейінше толық иман еткен болып саналмайды». Сол себепті кішіпейіл болып жүрейік.
материал «Қарилыққа қадам» кітабынан алынды,
ummet.kz