01
Жұма,
Қараша

һижри

Сен міндетті арқалайтын жасқа келдің!

Сен міндетті арқалайтын жасқа келдің!

Иман келтіру

Елестетші, қашан, қалай әрі қай жерде жан тәсілім ететінің жайлы шешім сен туылмай тұрып қабылданып қойған. Қорқынышты ма?

Ықылым заманнан бері бұл процесс болған әрі әлі күнге дейін бар, жалғасады. Күндердің күні патшалардың бірі түсінде билігі оның ғасырында туылатын бір ер балаға өтетінін көреді. Содан соң әлгі патша дүниеге есігін жаңа ашқан ер балаларды түгел өлтіруді әмір етеді. Сол кездегі аналардың жағдайлары қандай болғанын ойлаңыз! Бірақ, бұл жайт залымдардан құралған қоғам үшін тосын жағдай емес. Дегенмен бұл дүниенің Иесі, Жаратушысы залымдардың жоспарларын ойсыратуы да таңсық жайт емес!

Кез келген анаға баласының өлімінен гөрі өзінің жан беруі оңай болары анық. Алайда перзентінің өлімі мен өзінің өлімі арасындағы қорқынышты, қиыншылықты салыстыру мүмкін емес. Десек те ана жүрегіне перзентінің қазасы өзінің өлімінен әлдеқайда ауыр.

Айтпақ болып отырған оқиғадан Жаратушының махаббатын көреміз. Алла бұл сәбиді жақсы көрді. Сол себепті барлық жағдайлар өзгеріп сала берді. Иә, ол сәби өмірге келгенде күш-қуаты жоқ тым әлсіз еді. Бұл жердеоның кім екені және қандай болғаны емес, онымен бірге Кімнің болғаны маңызды! Әлбетте, онымен Құдіреті Шексіз Алла бірге болды.

Мұса пайғамбардың анасы сәби Мұса жылаған кезде жүрегі ауыратын әрі оны әртүрлі жолдармен тыныштандыратын еді. Себебі Перғауын әскері баланың тірі екенін білсе, сәбидің жанын қияр еді. Алладан Мұсаның анасына аян келмейінше бойын қауіп пен үрей биледі. Жаратушыдан келген аянда не баяндалған болатын? Ол жерде адам баласының ақылына қонбайтын нәрсе бұйырылады, яғни егер баласына шынымен жаны ашыса, оны өзенге тастау әмір етілген еді. Ал ол теңізден ең мықты еркектер, тіпті Перғауынның әскері де қорқатын еді. Енді арнасы алып теңізге құятын өзенге мүлде күш- қуаты жоқ емшектегі сәбиді ағызып жібермекші. Бұл әмірімен Алла Тағала сенің кім екенің емес, сенімен Кім болғаны маңызды екенін түсінуімізді нұсқауда.

«Мұса анасына: Оны еміз! Өміріне қауіп төне ме деп қорыққаныңда өзенге ағызып жібер және ол үшін еш қорықпа да, мұңайма. Біз оны өзіңе қайтарамыз, әрі елші пайғамбарлардың бірі һәм бірегейі қыламыз», - деп аян бердік. [28:7] Осы жерде біз мәжбүрлік пен мұқтаждықтың бейнесін байқап тұрмыз. Бұрын айтып кеткеніміздей мәжбүрліктен кейін оның шешімі келеді. Міне, туылмай жатып үкімі ажал болып кесілген баланы Жаратушы құтқарып, Өзінің елшілерінің бірі қылмақшы.

Неткен ғажап! Таң атқан кезде Мұсаның анасы өзенде ағып бара жатқан баласының жылаған дауысын Перғауынның әскері естіп, оны тауып ала ма деп қорықса, кеш бата Мұса Перғауынның сарайында бар дауысымен шыңғырып жылап жатады. Ал дәл сол Перғауын Мұсаға қамқор болатын сүт ана іздеумен әлек еді. Кезінде сенің анаңа аян арқылы мынадай әмір бердік: «Оны сандыққа сал да, суға ағызып жібер. Өзен суы оны жағаға шығарсын, сөйтіп, оны Менің де, өзінің де дұшпаны алсын. Уа, Мұса, өз тарапымнан айналаңдағы адамдардың жүректеріне саған деген махаббат пен сүйіспеншілік сезімін ұялаттым. Осылайша, сен Менің көз алдымда бағылып, тәрбиеленген едің. Кезінде апайың жағдайыңды біліп қайту үшін бір амалын тауып, Ферғауынның сарайына кірген еді, сонда ол саған сүт ана іздеп, шарқ ұрған сарай тұрғындарына: Сендерге бұл баланы жақсылап бағып беретін кісі тауып берейін бе? - деген еді. Осылайша, анаң көзайым болсын әрі сарғайып мұңаймасын деп, сені оның өзіне қайтарған едік. Содан сен ержетіп, абайсызда бір кісіні өлтіріп қойдың. Біз сені басыңа түскен сол бір істің әлегінен құтқардық. Біз сені содан кейін де жан-жақты жетілдіріп, кемелдендіре түсу үшін көптеген қиындықтарға душар қылып, сынадық. Сөйтіп, сен жылдар бойы Мәдияндықтардың арасында тұрдың. Уа, Мұса, нәтижесінде кемелденіп, бабыңа (әрі пайғамбарлық міндетті арқалайтын жасқа) келдің [20:38-40]. Осылайша Мұса Пайғамбардың анасын тыныштандырған ұлы Алла: «Қорықпа да қайғырма!», - деді. [28:7]

Сондай-ақ Алланың бізге берген уәдесі бар: «Ал көкте ризық-несібелерің мен өздеріңе уәде етілген жұмақ бар» [51:22]. Сол үшін біз адамдарға деген мұқтаж болмай жан тазалығын сақтауға тырысуымыз қажет: «Ақиқатында олар Алланың қалауынсыз бірде-бір жанға зиян келтіре алмайды». [2:102] Расында барлық нәрселер тек Алланың қалауымен болады, сол үшін біз Алланың разылығын көздеп тырысуымыз керек. Дүние қалай өзгерсе де Алламен бірге бол! Ол Алла - күші жоқ, қауқарсыз құндақтағы сәбиді қуатты Перғауын әскерінен құтқарды да теңізді Перғауынның құрдымы етті. Бұл оқиға егер Алла сенімен бірге екенін білсең, оны сезініп сол күймен өмір сүрсең ешкім зиян тигізе алмайтынын айғақтайды.

материал «Мүмкіндік» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: