01
Жұма,
Қараша

һижри

Иман келтіргендер ғана амалдарының жемісін көреді

Иман келтіргендер ғана амалдарының жемісін көреді

Иман келтіру

«Алла Елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ең жақсы амал не?» деген сұрақ қойылды.

Сонда Ол:

– Аллаға және Оның Елшісіне иман ету, – деді. (Әбу Һурайрадан (радиаллаһу анһ) жеткен хадис)

Бұл хадисте ең басты құндылық – иман ету жайлы айтылған, ол барлық ізгі әрі ең жақсы амалдардың басында тұратынын көрсеткен. Яғни, Жаратушысын танып, иман келтірген жанның ғана амалдары қабыл боп, ақыретте амал таразысына мол сауапқа айналып түседі.

Барша адам баласының осы өмірдегі ең үлкен міндеті – Жаратушысына иман келтіруі. Адамзат бұл дүниеге Алласын танып, Оған бойсұнып, мәңгілік өмірге мол азық жинап қайту үшін кемел ақыл, сана-сезімге ие және барша жаратылыстан да жоғары дәрежелі болып жаратылған.

Аллаға және Оның Елшісіне иман ету деген – Исламның діңгегі болған бес парыздың алғашқысы. Біз мұсылман болуымыз арқылы Аллаға, Оның Періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, тағдырға, қиямет күні болатынына және өлгеннен соң қайта тірілетінімізге қатар иман етеміз.

Әрбір адамның иман келтіруі – оның тура жолға түсуінің басы, яғни, бұл оның саналы түрде өмірдегі ең маңызды бір міндетін орындағанын, ал ақыретінде Жұмаққа жолдама алуына мүмкіндігінің мол екендігін білдіреді.

Бізге берілген сынақ өмірде еңбек еткен кез келген жан үшін атақ-абырой, мансап-билік, мол байлық пен керемет жеңіс нәсіп етсе, келесі өмірде тек иман келтіргендер мен барша ісін Алла разылығы деп жасағандар ғана жеңіске жетеді. Аллаға, Оның Елшісі мен дініне бас имей өту – адамның өзіне жасаған ең сорақы жамандығы емес пе? Оның ақыреті күйді, бүтін бір ғұмыры зая кетті деген сөз. Өзінің Жаратушысын мойындамағандардың жасаған жақсы істері осы өмірде адамдардың арасында әділетті түрде бағаланары рас. Бірақ тек осы өмірде ғана... Игі мұсылмандар болса, әрине, екі дүниеде де жеңімпаз! Ақыретімізді жалған өмірден абзал көріп, шынайы иман келтірген соң өзіміз үшін де, қоғам үшін де қажетті іс-харекеттер жасауды ең үлкен мақсатымыз етейік.

Сонымен түйгеніміз, барлық сауапты амалдардың ақыреттік азық болуының кепілі – ең бірінші дұрыс иман келтірумен басталады. Аллаға иман келтіріп, Исламға келмей қаншалықты ең сауапты амалдар жасаса да бос кететінін, ал «Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһ, уа әшһәду әннә Мухаммадар-расулаллаһ» («Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммедтің Оның елшісі екендігіне куәлік беремін») деген жанның амалдары еселенген үстіне еселеніп, Алла қаласа, Жаннат бақшаларына жеткізерін ұмытпаңыз!

 

материал «Жәннатқа жеткізер ең сауапты амалдар » кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: