01
Жұма,
Қараша

һижри

Білім мен амал шариғатқа сай болмаса – адасушылық

Білім мен амал шариғатқа сай болмаса – адасушылық

Иман келтіру

Ілімнің негізі – итағат пен ғибадаттың не екенін білуің.

Білгін! Итағат және ғибадат деген, сөз жүзінде де, іс жүзінде де шариғаттың бұйрығы мен тыйымына бойсұну. Яғни, барлық айтқан нәрсең және барлық істеген ісің, тіпті айтпаған нәрсең, істемеген ісің – бәрі шариғатқа сай болу керек. Мысалы, екі айт күндері мен тәшриқ күндері ораза ұстасаң, күнәһар боласың (өйткені ол күндері ораза ұстаудан дініміз тыйған) немесе біреуден тартып алған киіммен намаз оқысаң, бейнеңмен ғибадат еткеніңмен, (біреудің дүниесін киіп алғаның үшін) күнә жасаған боласың.

УА, БАЛАМ!

Сөзің де, ісің де шариғатқа сай болуы тиіс. Шынында, білім мен амал (іс) шариғатқа сай болмаса, ол адасушылық болмақ.

(Кейбір) Сопылардың (трансқа кіріп) айтқан қате сөздері мен шектен шығушылықтарына алданба. Бұл жолға (сопылық жолына) түсу деген - «мүжәһәдә» жасау және «риязат» қылышымен нәпсі құмарлығын шауып, менмендікті өлтіру болып табылады. (Ол жол) шектен шығушылық немесе толқудан туындаған бос, негізсіз сөздер емес.

Біліп қойғын! Тыйымсыз тіл және ғапылдық пен құмарлыққа толған жүрек – азғындықтың белгісі. Шынайы бір «мүжәһәдәмен» (нәпсі тәрбиесі) нәпсіңді өлтірмесең, жүрегіңді мағрипат нұрымен тірілте алмақ емессің.

Білгін!

Менен сұраған кейбір мәселелердің жауабын жазбаша немесе ауызша сөзбен айтқан дұрыс болмайды. Сол мәртебеге жеткен кезде ғана, оның не екенін білетін боласың. Ол мәртебеге жетпей, ол мәселелердің жауабын білу мүмкін емес. Өйткені олар дәмін татып, сезіп білетін нәрселер. Сезіп білетін нәрселерді, сөзбен сипаттап беру дұрыс болмайды. Мысалы, тәттінің тәттілігі, ащының ащылығы, тек дәмін татып көрумен білінеді, сөзбен емес.

Мынадай бір әңгіме айтылады. Бір белсіз ер адам өзінің досына:

- Жыныстық қатынастың ләззәтын айтып берші, қалай екен? – деп жазып жіберіпті. Досы оған жауап ретінде былай депті:

- Ей, пәленше! Мен сені тек белсіз ғана десем, ақымақ та екенсің ғой. Жыныстық қатынастың ләззәты сезіммен білінеді. Жақындассаң ғана білесің. Жақындаспасаң, оны сөзбен айтып беру немесе жазбаша жазып беру дұрыс болмайды.

УА, БАЛАМ!  

Сенің сұраған кейбір сұрақтарың осы түрден. Оның арасындағы жауап беруге болатындарын біз «Ихя улумиддинде» және басқа кітаптарда айтып өткенбіз. Мұнда соның біразын тілге алып, жауабына ишара бере кетелік.

Бірінші сауалың: (сопылық) жолына түсуші кісіге не керек?

Оған жауабымыз: (Сопылық) жолына түсуші кісіге төрт нәрсе қажет:

  1. Бидғат араласпаған, дұрыс сенім (дұрыс ақида) қажет.
  2. Қателігіне қайта оралмайтын «нәсух тәубе» (шынайы тәубе) қажет.
  3. Өзгелердің сенде ешқандай ақысы қалмайтындай, ақысын даулашыны разы қылу қажет.
  4. Алланың бұйрықтарын орындай алатындай мөлшерде шариғат ғылымын үйрену керек. Одан артығын үйрену міндет емес. Ақырет ілімінен де сені (о дүниеде) құтқаратындай үйренуің жеткілікті.

Мынадай әңгіме айтылады, Шәләби (рахимаһуллаһ) төрт жүз ұстазға қызмет қылыпты. Ол былай дейді:

«Төрт мың хадис оқыдым. Ішінен бір хадисті таңдадым, соған ғана амал етіп, одан өзгесін ысырып қойдым, өйткені ойланып, толғанып, ақыры менің құтылуым сол бір хадисте екендігін ұқтым. Әуелгілер мен ақырғылардың ілімі сол бір хадисте қамтылғанын көрдім, сондықтан сол хадиспен шектелдім. Ол хадис мынау. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кейбір сахабаларына былай деген:

«Дүниең үшін - онда қалатыныңша (жұмыс) істе. Ақыретің үшін - онда қалатыныңша (амал) істе. Алла үшін - оған мұқтаждығыңша (қаншалықты мұқтажсың, соншалықты) амал қыл. Тозақ оты үшін - оған шыдай алатыныңша (күнә) істе».

УА, БАЛАМ! Осы хадиске амал қылар болсаң, саған көп ілімнің қажеті қалмайды...

материал Имам Ғазалидың «Ей, ұлым!» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: