Ислам діні тарих сахнасына шыққан он төрт ғасырдан бері әһлү суннаға жататын фиқһтық төрт мәзһаб ғұламаларының ешқайсысы жылқы малын құрбандыққа шалуға пәтуа берген емес. Оның басты себебі ислам шариғатының басты қайнар-көзі Құран Кәрімде:
«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар. (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр» (Хаж: 34), деп бұйырылған.
Құран Кәрімнің осы аятындағы «әнъам» сөзі араб тілінде төрт түлік мал мағынасын білдіреді. Мәзһаб ғалымдарының көзқарасынша төрт түлікке сиыр, түйе, қой, ешкі малдары жатады. Яғни, шариғат бойынша төрт түлік малдан өзге ішіп-жеуге еті адал саналған жылқы, киік, арқар, тауық, қаз-үйрек, кекілік т.б. жануарлар құрбан ретінде шалынбайды.
Қазір кейбір «Құраншы» деп танылған ғалымдар Хаж сүресінің 30 аятындағы «Сендерге арамдығы білдірілгеннен басқа малдар, халал қылынды» деген аятты негізге алып «құрбандыққа тауықты да шалуға болады» деген оғаш пікірлер айтып қалып жүр. Бұл пікірмен фиқһтық төрт мәзһаб ғұламалары ешқашан келіскен емес. Өйткені, құрбан шалу үкімі кесілген Хаж сүресінің 34 аятындағы «әнъам» (төрт түлікке) сөзіне қой, ешкі, түйе, сиыр малы ғана кірген.
Сондай-ақ, Алла Елшісінің (с.а.с) сүннетінде һәм салаф (сахаба, табиғин, таба-табиғин) мұсылмандардың тәжірибесінде төрт түліктен басқа мал құрбандыққа шалынған емес. Яғни, құрбандыққа төрт түлік малды ғана шалуға қатысты фиқһ ғұламалары ижмағ (консенсус) жасаған. Осы себептен де, әһлү сунна қауымы құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі малын ғана шалады. Бұл он төрт ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан дәстүр.
ummet.kz