01
Жұма,
Қараша

һижри

Ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар кімге беріледі?

Ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар кімге беріледі?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Фиқһ кітаптарында орын алған мәлімет бойынша, жас бала анасымен қалады. Себебі, жас бала маһаббат пен сүйіспеншілікке мұқтаж.

Былайша айтқанда, бала үшін ананың жылы алақанынан артық еш нәрсе жоқ. Осыны түсінген ардақты Пайғамбарымыз ажырасып баланы алып қойғысы келген еріне шағымданған бір әйелге: «Өзгемен некеге тұрмаған болсаң, баланы (өзіңде қалдыруға) толық құқығың бар»[1], – деп бұйырған. 

Сондай-ақ, Әзіреті Омар әйелімен ажырасып, баланы өзіне алғысы келгенде Әбу Бәкр (р.а.) оған: «Уа Омар! Балаға анасының сілекейі сендегі балауыз[2] бен әселден әлдеқайда артығырақ», – деген еді.

Егер айел тұрмысқа шығатын болса, я балаға қарауға қауқарсыз болса, немесе қайтыс болса, нәрестені нағашы әжесінің қолына тапсырады. Егер нағашы әжесі болмаса, өз әжесіне, ал өз әжесі болмаған жағдайда баланы бағу міндеті шариғатта белгіленген рет бойынша ең жақын туыстарына тапсырылады.

Ұл бала есі кіріп, өз бетінше ішіп-жей алатын, ешкімнің көмегінсіз киініп-шешіне алатын, әжетін өтей алатын жасқа (шамамен 7-9 жас) келгенде ғана әкесіне беріледі. Себебі, баланың жағдайын жасап, ішер-жемімен қамтамасыз ету, оны бағып-қағу – жалпылай алғанда әкесінің міндеті. Оның үстіне, есі кірген ұл бала ер кісінің тәрбиесіне зәру. (Ал, қыз бала бой жеткенге дейін анасының қасында қалғаны дұрыс). Бұл ханафи мәзһабы бойынша.

Ал мәлики мәзһабының негізін қалаушы Имам Мәлік ұл бала балиғат жасқа дейін анасының қасында қалады десе, Имам Шафиғи (р.а.) «Жеті жасқа толған бала кіммен қалғысы келсе де өз ықтиярында. Қаласа, анасымен, қаласа, әкесімен қалады. Бірін таңдап алып, кейін шешімін өзгертемін десе де өзі біледі» деп, бұл мәселенің басқа да қырын алға тартады[3].

 

[1] Әбу Дәуід – 3/588 бет, 2276-хадис.
[2] Араның құрсағының ішкі жағында орналасқан балауыз безінен бөлінетін зат.
[3] Бадруддин әл-Айни, Биная – 5/644-650 беттер.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: