Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің егемен еліміздің іргесінің бекіп, шаңырағының көтерілуіне сіңірген еңбегі зор. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында мемлекеттік маңызды істерге араласа бастаған ол Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды. Содан бері мемлекетіміздің басынан кешкен жағдайларды, халқымыздың әрбір қуанышы мен сүйінішін көз алдынан таса қылған кездері жоқ. Академик әсем Астанамыздың елорда атанған алғашқы жылдарынан бастап, осы күндерге дейінгі өмірінің, шағын шаһардан барша әлем қызығатын қалаға айналуының да куәгері. Биылғы еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында және Астана күні тойлануына шамалы уақыт қалғанда біз Мырзатай ағамен осы тақырыптар төңірегінде сұхбаттастық.
БАБАЛАРЫМЫЗ ӨРКЕНИЕТКЕ ҮЛЕС ҚОСТЫ
– Мырзатай аға, еліміз егемендігін алар тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасынан табылдыңыз. Елбасының тәуелсіздікті орнатудағы рөлі туралы талай жерде айтып та, жазып та жүрсіз. Десек те, оны өз аузыңыздан естісек деген тілегіміз бар.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері мен егемендікті ақын болмасам да жырлап келемін. Менің жырым да, әнім де – Тәуелсіздік. Елбасына арналған «Бәйтерек» дейтін ән де шығардым. Оның сөзін Несіпбек Айтұлы жазды. Ілгеріректе «Мен Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсімін» деген сұхбатым шыққан. Шындығында да солай.
Қазақта арғы-бергі заманда небір кемеңгерлер, небір хандар, хандардың ханы
– Абылай өткен. Небір жыраулар, жыраулардың жырауы – Бұқар өткен. Небір даналар, даналардың көсемі – Абай өткен. Небір ақындар, шешендер, батырлар өткен. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Неге дейсіз ғой? Тарихтан біз білетін қазақ даласындағы ерлік пен даналықты, қайсарлықты, көсемдікті, шешендікті үзбей келген ұлыларының барлығы армандаған тәуелсіздікті Нұрсұлтан Назарбаев орнатты. Мемлекет құрып, оның экономикасын қалыптастырды. Бұл мемлекетті әлемге танытып, мойындатты.
– Бүгінгі күні көпшілік тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп жүр ме? Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Егемендіктің алдында да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да, жұрттың не боламыз деп, басы шыр айналған кезеңде оның ыстық-суығына көнген, соның рахатын да сезініп, бейнетін де көрген адамбыз. Қазақ – данышпан, кемеңгер халық. Бірақ Абай сынағандай, қазақтың бір басында кемшілік те жетіп артылады. Басынан асып төгіліп жатыр десек те болады.
Тәуелсіздік алғанымызда заман тудырған небір қозғалыстар пайда болды. Неше түрлі қимыл-әрекеттер болып, жұрт жиналып алып даурықты. Егемендікке жете алмай жүрдік қой, соның бәрі бізге не керек еді?
Біз азаттықты қансыз алдық. Тәуелсіздігімізді жарияладық.
Мен даурықпаға салған жұртты жинап алып: «Қазақ, сенің екі жарым мың жыл тарихың бар, содан бері тәуелсіздікті аңсаған жоқсың ба? Осы жолда қаншама батырларың, қаншама хандарың, қаншама кемеңгерлерің басын тікті. Ел шетіне жау келсе, ұлтарақтай жерді қорғау үшін қазақ бір жерден табылды. Қазақтың басы қосылуы үшін оның басына қайғы түсіп, бұлт үйірілу керек пе?» дедім.
1986 жылы қазақтың басы бірігіп, жұдырықтай топтасты. Меніңше, қай жағдайда да қазақтың басы үнемі бір болуы керек. Тәуелсіздік үшін аз қан төгілген жоқ. Орхон ескерткіштерінде, Күлтегін бабаға арналған жырда «Мен қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым» деген жолдар да бар. Одан артық қалай айтуға болады?
Тәуелсіздік жолында қазақтың көрмеген қиындығы, шекпеген азабы, көрмеген қорлығы жоқ. Мәселен, арғысын айтпағанда, бергі үш ғасырға жуық Ресейдің боданы болдық. Ешкімге қиянаты жоқ, кең далада бейбіт тіршілік етіп отырған халықтың арасына үрей түсті. Сол кезде қазақтың байларын, хандардың бәрін «шынжыр балақ, шұбар төс, пәлен-түлен деп» ақымақ қылды. «Қазақтың екі проценті ғана сауатты болды» деген сөздер шықты. Ол уақыттағы биліктің сөзін өзіміз «иә, солай болдық» деп қайталадық. Бұл не деген сұмдық? Бабаларымыз мүмкін кириллицаны оқымаған шығар, алайда өзіне дейінгі, қазақпен бірге жасасып келген жазулардың барлығын меңгеріп, өркениетке үлес қосты. Қайсыбірін айтайын, Фарабиден бастап небір даналарымыз өткен. Сондықтан тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін әрбір адам түсіне жүргені абзал. «Қазақ – жылқы мінезді» деп бірде жазғаным бар. Баяғыда біздің елде Тасқасқа дейтін ат болды. Бейшараның көзіне көк шыбын үймелетіп, оны қосқа да қосады, соқаға да тіркеп, арбаға да жегеді. Арқасы әбден жауыр болған кезде Тасқасқаны бір айға бос жібереді. Бір айдан кейін Қаратаудың баурайындағы шүйгін шөпті жеп, ол есін жинайды. Сол кезде маңайына адам жолатпайды. Қазақ – сондай халық. Кешегісін ұмытып кетеді. Аяз би атамыздың ақылды сөзін де, кеше кім болдық, қазір кім болдық, соны да ұмытпауымыз керек.
Әнебір жылдары мен «Жамбыл қайта тірілді» деп кішкентай бір ақын баланы қолынан жетектеп, сахнаға шығардым. «Мырзатай атамның алдына барып, батасын аламын» деп өзі келді. Сонда ол «Тәңірден келген тәтті сый» деп, тәуелсіздік туралы өлең оқыды. Оның дәмі аузымыздан қалай тез кетіп қалады? Өмір бойы дәмі кетпеу керек. Кеше қолымыз кісендеулі, аяғымыз байлаулы болды. Тәуелсіздік алдық, тәуелсіз ел болып, еркін сөйлей алатын болдық. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп, елдің шырқын бұзуға, ел арасындағы тыныштықты шайқауға ешкімнің де қақысы жоқ.
АСТАНА РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛА БАСТАДЫ
– Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» бағдарламасының қадамдарының бірінде Астананы кәсіпкерлерді, студенттерді, зерттеушілерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру туралы айтылады. Сіз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры кезінде соны бастап бердіңіз. Біраз жақсы ғалымдарды, жазушыларды, жалпы шығармашылық адамдарын елордаға алдырттыңыз. Бірақ әлі күнге дейін «Алматы – мәдени астана» деп айтылып жүр. Астана әлі сондай деңгейге жеткен жоқ па? Осы жөнінен пікіріңізді біле отырсақ.
– Астана дейтін ғасырлар бойы қалыптасады. «Үй салғанды, зауыт, фабрика салғанды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде астана салғанды көрген жоқ едік, Құдай оны да өзімізге көрсетті» деп жазғаным бар еді.
Ал, жаңа елорда салынғалы 20 жылға жетпейтін уақытта Астана қазір бүкіл Қазақстанның ғана емес, күллі Еуразия кеңістігінің айнасына айналды. Бізге кішкене сабыр керек емес пе? Құдайға тәубе демейміз бе? Қазір Астана руханиятымыздың да, парасатымыздың да, саясатымыздың да, үлкен табыстарымыздың да ордасына айналды.
Алматының қазақ интеллигенциясы мен ұлттық дәстүрімізді қалыптастырудағы, тәуелсіздігімізді тербеген алтын бесігі ретіндегі рөлін ешқашан ұмыта алмаймыз. Оны ешкім еш ғасырда, еш мыңжылдықта кеміте алмайды. Алматы – алтын бесігіміз және керемет әдемі қала. Ұлттық ғылым академиясын қалыптастырғандардың көзі тірісінің көбісі әлі сонда жүр. Жазушылардың біразы да сонда қалды. Екі қаланы шатастыруға, шағыстыруға болмайды. Мәселен, Түркиядағы Стамбул мен Анкараның тарихтан алатын өз орындары бар. Сондықтан Астана әкімшілік тұрғыдан ғана емес, руханиятымыздың да астанасына айнала бастағанын қайтадан қайталап айтайын. Осында келіп жатқан, осында өмір сүріп отырған ғалымдар, білімпаздар, өнер қайраткерлері ешкімнің тақиясына тар келе қоймайды деп ойлаймын.
– Аға, ұлтқа сіңірген еңбегіңіз көп. Әлі де алған бағытыңыздан таймай, сексеннің сеңгіріне алқынбай шығып барасыз. Алла ғұмырыңызды ұзақ етіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
Астана ақшамы