Үшінші халифа дәуірі еді. Ел арасындағы арам пиғылды бүлікшілер сауатсыз адамдарға халифа жайлы түрлі қауесет таратты. Діннен аса хабары жоқ адамдар бұл сөзге құлақ түре бастады. Айтылған сөзді ақиқат деп қабылдады.
Бүлікшілер Халифа Осман бин Аффанға (р.а) «Құран кітабын өртеді, Ридуан биатына қатыспады, мемлекет қорығының аумағын кеңейтті, жұмада екінші азанды қосты, туыстарын билікке тартты» деген сияқты негізсіз он үш жала жапты[1]. Ал, хауариждермен соғысқандығы үшін әділ халифалардың бірі, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере інісі әрі күйеу баласы Әли бин Әбу Тәліпке (р.а) кәпір деп тіл тигізді[2] (Алла сақтасын!). Бұл аз болғандай халифаны өз көзімен көрмеген, шалғайдағы дінге енді ғана кірген мұсылмандар мұндай өтірікке тез иланды. Осылайша бүлікшілер құрған тұзаққа лезде түсті. Соның салдарынан олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең абзал жандардың бірегейі деп айтқан екі сахабаны, жәннатпен сүйіншіленген екі адамды залым деп қабыл алды. Бүлікшілердің соңынан ергендер шынымен-ақ сауатсыздар болатын. Өйткені зәредей мұсылманшылықтан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерінен хабары болса, Осман бин Аффан және Әли бин Әбу Тәліптің (Алла екеуінен де разы болсын) халыққа қысым көрсетуі немесе дінді бұрмалауы мүмкін емес екендігін білер еді. Яғни, арандатушылардың арбауына түспес еді.
Бұл – хауариждер (харижиттер) деп аталған Ислам тарихындағы ең алғашқы дінбұзар топ ретінде танылды. Харижит – көтерілісші, үкіметке қарсы шығушы деген мағынаны білдіреді. Мақсаттары – мұсылмандар арасына іріткі салу. Шынайы мұсылман мемлекетін құрамыз деген жалған ұранмен елді арандату. Олар сол кезде мақсаттарына жетті. Дінбұзарлардың арандатуына түскен мұсылмандар екі рет бір-бірімен соғысып, нәтижесінде Харижиттер кесірінен Жамал және Сиффин атты екі шайқас болды. Ел арасында алауыздық пен дүрдараздық оты тұтанды.
Бүлікті тоқтату мүмкін емес. Себебі, Алла сақтасын, соғыс басталып кетсе, ешбір адам оны тоқтата алмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде:
الفتنة نائمة لعن الله من أيقظها
Яғни: «Бүлік ұйқыда. Оны оятқанды Алла Тағала қарғыс етсін», – деген екен. Ибн Таймия: «Бүлік (яғни фитна) тұтанып кетсе, ақылдылар ақымақтарды тоқтатуға шамалары келмей қалады», – деген.
Осылайша халифа Әли мен Шам әкімі Мұғауия (Алла Тағала екеуінен де разы болсын) әскерлерін екі жақтың үлкендері бүлік отын сөндіруге, әскерлерді тоқтатуға шамалары жетпеді. Құранда осы бүліктің белгісіне қатысты:
وَاتَّقُوا فِتْنَةً لَا تُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنْكُمْ خَاصَّةً وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар. Сондай-ақ, Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер»[3], – делінген.
Расында, бүлік бүкіл мұсылман мемлекетіне қауіп төндірді. Мұсылмандар арасында жасырын жүрген хауариждер еш нәрседен тайынбады. Үнемі астыртын ылаң таратумен болды. Төртінші халифа Әли бин Әбу Тәліп (р.а.) арандатушылықты жойып, мұсылмандар арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты нығайтуға бар күшін салды.
Сиффин шайқасының нәтижесі (тахким) төрелікке жүгінумен аяқталды. Найзаның ұшына Құран парақтары көтерілгендіктен екі жақ соғыспауға келісті. Халифа Әли (р.а.) төрелікке жүгінуге бас иді. Халифа Куфаға кері қайтты. Мұғауия Шамға оралды. Төрелікке жүгіну (тахким) Рамазан айында өтеді деп уәделесті. Хазреті Әли өз атынан Әбу Мұса әл-Ашғариді, Мұғауия өз атынан Амр бин Асты жіберді.
Уәделескен уақытта Шам әкімі Мұғауияның сенімді өкілі Амр бин Ас халифа Әли бин Әбу Талибтың кеңесшісі Әбу Мұса әл-Ашғаримен кездесіп: «Бұл мәселеге қалай қарайсың?», – деп сұрады. Әбу Мұса: «Ол Алла Елшісі (с.ғ.с.) риза болып кеткен кісілерден (Әли бин Әбу Талибты меңзеп)», – деп жауап берді. Амр бин Ас: «Мен және Мұғауия ше?», – деді. Әбу Мұса: «Егер (халифа Әли) екеуіңнің көмектеріңді пайдаланса, сендерден көмек бар. Ал, екеуіңнің жәрдеміңнен бас тартса, Алланың ісінде сен екеуіңе мұқтаждығы жоқ», – деді. Осымен кездесу аяқталды. Амр бин Ас Мұғауияға осы хабарды жеткізді. Әбу Мұса да халифа Әлиге оралды. Бұл оқиға тахким (төрелікке жүгіну) деген атпен белгілі.
Мұсылмандар әміршісі Әли Куфаға оралды. Халифаға хауариждер қарсы шыға бастады. Олар тахким, яғни төрелікке жүгіну келісіміне қарсылықтарын білдіріп, тек Алланың үкімі ғана бар деп ұрандата берді. Тіпті, халифаға мешіт ішінде де наразылық көрсетіп, орындарынан тұрып: «Тек Алланың үкімі ғана бар, тек Алланың үкімі ғана бар», – деп айқай салатынды шығарды. (إنْ الحكم إلا لله) ...Билік Аллаға ғана тән...(Анғам сүресі, 57-аят)
Хазреті Әли: «Бұл жамандық ниетімен айтылған ақиқат сөз», – деп жауап берді.
Бұдан кейін хауариждер әзіз сахаба Абдулла бин Хубабты өлтірді. Сонымен бірге ай күні жетіп тұрған жүкті әйелін өлтіріп, қарнын жарды. Жан түршіктірер хабар Әлиге жеткенде: «Кім өлтірді?», – деп елші жіберді. Есірген хауариждер барлығымыз өлтірдік деп кері жауап береді. Халифа он мыңға тарта қолмен шығып, олардың бәрін Наһрауан деген жерде қырып салды.
Бұл оқиға жайлы Убайдулла бин Ъияд бин Амр әл Қари мынадай дерек айтады: «Абдулла бин Шаддад Айша (р.а.) анамызға келді. Біз ол кісінің жанында едік. Ибн Шаддад, Әли өлтірілген түні Ирақ жақтан келе жатқан болатын. Оған Айша (р.а.): «Ей Абдулла бин Шаддад! Сенен сұраған сауалыма шын жауап беремісің? Әли соғысқан қауым жайлы айтып бер», – деді. Ибн Шаддад: «Неге сізге шындықты айтпасқа?», – деді. Айша (р.а.): «Олардың оқиғасын әңгімелеп бер», – деді.
Ибн Шаддад әңгімелей бастады: «Әли Мұғауиямен бірге келісім жазып, екі би төрелік еткенде, оған Құранды жатқа білетін сегіз мың қари қарсы шықты. Наразылық танытушылар Куфаның жанындағы Харуара деген жерге келіп ат басын тіреді. Олар хазреті Әлиді жазғырып: «Алла кигізген көйлекті (халифалықты) және Алла берген (халифа) атын өзің алып тастадың. Сосын Алла дінінде адамдардан төрелік (үкім) сұрадың. Алайда, тек Алланың үкімі ғана бар», – деді.
Хазреті Әли өзін мінеп, айыптағандардың сөзін естігенде жаршысына: «Мұсылмандар әміршісінің құзырына тек Құраны бар кісі кірсін», – деп жар салдырды. Халифа үйінің ауласы Құранды жаттаған қари кісілерге лық толды. Халифа «имам мусхаф» Құран кітабын алып келуді бұйырды. Құран әкелініп, халифаның алдына қойылды. Хазреті Әли қолымен түртіп: «Ей мусхаф (Құран)! Адамдарға сөйле!», – деді. Жиналған жұрт: «Уа, мұсылмандар әміршісі! Бұл тек парақ бетіндегі сия ғана ғой. Біз Құрандағы аяттарды оқимыз. Сіз не қалайсыз, сұраңыз?», – деді.
Халифа: «Көтеріліс жасап жатқан бауырларың, мені мен олардың арасында Алланың кітабы бар. Алла Тағала Өз кітабында әйел және ер кісіге қатысты:
وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَابْعَثُوا حَكَمًا مِنْ أَهْلِهِ وَحَكَمًا مِنْ أَهْلِهَا إِنْ يُرِيدَا إِصْلَاحًا يُوَفِّقِ اللَّهُ بَيْنَهُمَا إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلِيمًا خَبِيرًا
«Егер екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Алла да екеуінің арасын үйлестіреді. Күдіксіз Алла толық білуші, анық хабар алушы»[4], – дейді. Мұхаммед үмбетінің жаны мен ары әйел және ер кісіден жоғары. Олар маған Мұғауиямен келісім жасағанда: «Әли бин Әбу Тәліп» деп жазды, деп айыптауда (яғни хазреті Әли мұсылмандар әміршісі сөзін алып тастап, тек жалаң атын жаздырды).
Алайда, кезінде Худайбия келісімінде бізге Суһайл бин Амр келді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) құрайышпен ымыра жасады. Келісімде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бисмиллаһир Рахманир Рахим (Аса мейірімді, ерекше қамқор Алла атымен)», деп жаздырды. Суһайл: «Бисмиллаһир Рахманир Рахим» деп жазба», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қалай жазамыз?», – деді. Суһайл: «Бисмика Аллаһумма (Аллаһым, Сенің атыңмен), деп жаз», – деді. Сосын Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мұхаммед Алла елшісі, деп жаз», – деді. Суһайл: «Егер мен сенің Алла Елшісі екеніңді білсем, саған қарсы келмес едім», – деді де: «Бұл Мұхаммад бин Абдулланың Құрайышпен жасаған келісімі, деп жаз», – деген. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған да келісті. Ал, Алла Тағала Өз кітабында:
لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآَخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا
«Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар»[5], дейді, – деп түсіндірді.
Ол көтерілісшілерге Әли Абдулла бин Аббасты (р.а.) жіберді. Мен (Ибн Шаддад) Ибн Аббаспен бірге шықтым. Біз олардың әскери лагерінің ортасына келгенде Ибн Кауа тұрып адамдарға: «Ей, Құран көтерген қауым (қарилар)! Мынау Абдулла бин Аббас. Кім бұны танымайтын болса, мен Алла кітабынан ол және оның жұрты жайлы айтылған аятпен таныстырайын:
وَقَالُوا أَآَلِهَتُنَا خَيْرٌ أَمْ هُوَ مَا ضَرَبُوهُ لَكَ إِلَّا جَدَلًا بَلْ هُمْ قَوْمٌ خَصِمُونَ
«Олар: «Біздің тәңірлеріміз жақсы ма, не Иса жақсы ма?», – дейді. Олардың саған бұны айтулары жанжал үшін ғана. Өйткені олар қиқар ел»[6], – деген. Сондықтан Абдулла бин Аббасты кері қайтарыңдар. Сендер оны Алла кітабына бас идіре алмайсыңдар», – деді. Сонда көтерілісшілер арасындағы шешендері тұрып: «Біз оны Алла кітабына бас идіреміз. Егер біз білетін ақиқатпен келсе, әлбетте артынан ілесеміз. Ал, жалғанмен келген болса, міндетті түрде жазғырамыз», – деді. Олар Абдулла бин Аббаспен үш күн бойы тартысты. Ақыры нәтижесінде төрт мың кісі барлығы тәубе етіп райынан қайтты. Олардың арасында Ибн Кауа да бар еді. Абдулла бин Аббас оларды Куфаға алып келді. Халифа Әли қалған көтерілісшілерге де жіберіп: «Біз бен адамдар арасында өздерің көрген жайт болды. Мұхаммед үмбетінің басы бірігуі үшін қалаған жерге барып орналасыңдар. Біз бен сендер арамыздағы келісім бейкүнәнің қанын төкпеу, жол торып, кісі тонамау және зиммиге (мұсылман жерінде өмір сүретін өзге дін өкілі) зұлымдық көрсетпеу. Егер сендер бұл келісімнің бірін бұзатын болсаңдар, сендерге соғыс жариялаймыз. Расында Алла қиянатшыларды жақсы көрмейді», – деді.
Айша (р.а.) анамыз: «Ей, Ибн Шаддад! (Әли) оларға соғыс ашты ма?», – деп сұрады. Ибн Шаддад: «Олар қарақшылық жасап, бейкүнәнің қанын төгіп және зиммилерге қысым көрсетпейінше Әли оларға әскер жіберген жоқ[7]», – деді. Наһрауан шайқасы һижраның отыз сегізінші жылы болған еді. Хауариждердің саны мың кісідей болатын. Олар шайқаста түгелдей өлтірілді. Ал, хазреті Әлидің әскерінен бар-жоғы төрт, кейбір риуаят бойынша, жеті сарбаз шейіт болды.
Хауариж ағымы тарих бетінен түбегейлі жойылып кетпеді. Бұл ағым атын өзгертсе де затын сақтап, арам ойларымен сауатсыз адамдардың санасын улаумен болды.
Олардың қате сенімдерінің бірі:
Намаз, ораза және зекет сияқты амалдар иманның бөлінбес бөлшегі. Кісі жүрегімен сену арқылы иманды бола алмайды. Тіпті, тілмен айтса да. Міндетті түрде амал жасаумен ғана мұсылман болады[8], – дейді.
Әһли сунна уал жамағат ақидасында: Иман тілмен айту және жүрекпен растау[9]. Сондай-ақ, иман амал емес, амал иман емес. Өйткені көп жағдайда мұсылман баласының мойнынан амал түсетін кездер болады. Мәселен, етеккір кезінде әйел намаз оқымайды. Бұл жағдайда әйелдің иманы кетіп қалды деуге болмайды. Етеккірі келген әйел ораза тұтпайды. Бұл жағдайда шариғатта әйелге: оразаңды қоя тұр, кейін қазасын өтейсің, делінеді. Бірақ: иманыңды қоя тұр, кейін қазасын өтейсің делінбейді. Дінде: кедейге зекет парыз емес деп айтылады. Бұл сөзді кедейге иман парыз емес деп айтпаймыз ғой. Сөз түйіні, әһли сунна уал жамағат ақидасында амал иманның таразысы, бірақ ажырамас бір бөлшегі емес[10].
Сөзімізді мына бір хадиспен нақтыласақ болады. Имам Бұхари және Муслимде мынадай хадис жазылған: «Усама бин Зайд риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бізді Жуһайна руына жұмсаған еді. Біз олармен шайқасып, жеңдік. Олардың бірі мұсылмандардан біреу оны өлтіруге ниеттенбейінше, ол да өлтірмейтін еді. Мен және ансарлық бір кісі екеуміз оған жетіп барғанымызда ол: «Лә иләһа илләллаһ», – деді. Ансарлық қаруын кері тартып, жайына қалдырды. Ал, мен оны найзаммен түйреп алдым.
Біз қайтып келгенімізде, болған жайт пайғамбарымызға да жеткен еді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) мені шақырып алып: «Ей, Усама! Сен оны: «Лә иләһа илләллаһ» деп айтқан соң өлтірдің бе?», – деді. Мен: «Уа, Алла Елшісі! Ол бұл сөзді қарудан қорқып айтты», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен оның жүрегін жарып көрдің бе?![11]», – деді.
Хауариждің тағы бір ұстанымы: Күнә жасаған мұсылман кәпір болады. Осы сеніммен олар Әли, Мұғауия, Әбу Мұса (Алла тағала баршасынан разы болсын) көптеген сахабаларды кәпір деп айыптаған[12].
Хауариждер Куфа қаласына кіріп келеді. Олардың ұстанымы – өздеріне қарсы болған әрбір адамды кәпір санау еді. Хауариждерге бұл қаланың бетке тұтар ғұламасы анау деп, Әбу Ханифаны көрсетеді. Олар: «Күпірліктен тәубе ет», – деп талап қояды. Әбу Ханифа: «Мен әрбір күпірлік атаулыдан тәубе еттім», – деп астарлы жауап қайырады. Мұны естігендер хауарижге: «Ол сендердің күпірліктеріңнен сақта деп тәубе етемін», – деп тұр дейді. Хауариждер имамды ұстап алады. Сонда имам Ағзам: «Менің сөзім сендерге қарсы екенін анық білдіңдер ма, әлде ой күдікпен бе?», – деп сұрайды. Олар: «Күдікпен», – десті. Әбу Ханифа: «...Расында күмәннің кейбірі – күнә...» (Хұжурат, 12). Ал, сендердің ұстанымдарыңда күнә – күпірлік. Сендер күпірліктен тәубе етіңдер», – деп айтады. Олар да: «Сен де күпірліктен тәубе ет», – деді. Әбу Ханифа: «Мен барлық күпірлік атаулыдан тәубе етушімін[13]», – деген жауабын тағы қайталайды.
Әбу Ханифа осылайша хауариждердің имани ұстанымдарының қате екендігін өздерінің «ақидасы» бойынша дәлелдеп, сан қақтырды. Сондықтан да олар Әбу Ханифаны хазреті Әли (р.а.) сияқты жек көреді. Ал, қазіргі таңда сол хауариждердің «ұрпақтары» Әбу Ханифа десе төбе шашы тік тұрады. Олар Әбу Ханифаның «аталарын» ренжіткенін біледі. Бірақ себебінен бейхабар.
Қазіргі таңда «мен хауарижбін» демесе де сол ағымның ұстанымын ұран етіп жүргендер бар. Олардан қалай сақтану қажет. Немесе ол ағымға түсіп кеткен бірен-саран жақын туысыңыз болса оны қалай құтқару керек?
Бірден-бір жолы атам қазақ ұстанған мұсылманшылыққа жүгіну қажет. Ол ханафи мектебі. Дана қазақ мұсылманшылықты сахаба көзін көрген және үлкен табиғиндерден тәлім алған ғұламаның мектебін ұстанды. Аллаға шүкір сол мектеп арқылы Құран және хадиске бұлжытпай амал етті. Алла Тағаланың сөзін және елшісінің сүннетін үйретуші бұл мектепке ешбір заманда ешбір ғұлама сын айтпаған. Керісінше тек алғысын білдіріп отырған.
Мәселен, Әбу Жағфар Ахмед бин Мұхаммед әт-Тахауи әл-Ханафи өзінің ақида еңбегін: «Бұл әһли сүннат уал жамағаттың үмбет фиқһ ғалымдары: Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, Әбу Юсуф Яқуб бин Ибраһим әл-Ансари және Әбу Абдулла Мұхаммед бин Хасан әш-Шайбанидің мәзһабына сай ақида түсініктемесі», – деп бастаған.
Бұлай жазуының себебі неде? Әбу Жағфар әт-Тахауи өзі хадисшілер имамы. Ол Әбу Ханифа және оның шәкірттерінің мектебі әһли сүннат уәл жамағаттың негізі болғандықтан, оларды үмбет ғұламалары деп атап, өзі де ханафи мектебін таңдаған. Өйткені Әбу Ханифа сахабалар ғасырында дүниеге келген. Табиғиндер заманында тәлім алып, табиғиндермен ғылыми пікірталаста болып, әрі өзі сол ғұламалар санатына жатқан. Бұл ғасыр ғұламалары дініміздің негізін салып берген. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі айғақ. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы менің ғасырымда, сосын олардан кейін келетіндері, сосын олардан соң келетіндері. Кейін куәлігі айтқан сертінің алдын орап кететін және серті берген куәлігінің алдын орап кететін адамдар келеді»[14], – деген екен.
Әт-Тахауи әуел баста шафиғи мәзһабын оқып, үйренген ғалым. Кейіннен ханафи мәзһабын таңдап, сол мектеп өкілдерінің біріне айналады. Бұл шешімі жайлы Мұхаммед бин Ахмед Шурути: «Неге нағашыңыздың жолын қойып, Әбу Ханифа мәзһабын таңдадыңыз?», – деп сұрайды. Әт-Тахауи: «Мен нағашымның Әбу Ханифа кітаптарына көп жүгінетіндігін көрдім, сол себепті ханафи мәзһабына өттім», – деп айтқан екен.
Ал, ата-бабамыз ұстанған саф мұсылманшылық жолын үйрену орталығы - мешіт. Демек, мешіт қызметкерлерінен тәлім алу түрлі ағым жетегінде кетпеуіміздің кепілі.
«Нұр Астана» Орталық мешіті
сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров
[1] Осман бин Мұхаммад әл-Хамис, Хиқбатун мин тарих, 134-бет, Мысыр.
[2] Шайх имам Маймун бин Мұхаммад Насафи, Бахрул калам, 160-бет, Бейрут
[3] Анфал сүресі, 25-аят.
[4] Ниса сүресі, 35-аят.
[5] Ахзаб сүресі, 21-аят.
[6] Зухруф сүресі, 58-аят.
[7] Осман бин Мұхаммад әл-Хамис, Хиқбатун мин тарих, 192-бет, Мысыр.
[8] Ғұлама Әли бин Осман әл-Уши, Баду әл-Әмали, 39-бет.
[9] Нұғман бин Сабит, Фиқһул Әкбар, 141-бет.
[10] Нұғман бин Сабит, Фиқһул Әкбар, 149-бет.
[11] Нибрас шарху шархил ақаид, 537-бет.
[12] Ғұлама Әли бин Осман әл-Уши, Баду әл-Әмали, 38-бет.
[13] Ахмад бин Хажар әл-Хайтами, Хойротул Хисан, 106-бет
[14] Бухари, сахабалар фазилеті, 3451