«Бидғат» сөзінің тілдік мағынасы – өзінен алдыңғы үлгіден басқаша жасалған нәрсе. Шариғи терминдік ұғымы: Құран және сүннет мәтінінде көрсетілмеген (діни) жаңалық.
Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
من أحدث في أمرنا هذا ما ليس منه فهو ردّ
«Кімде-кім біздің ісімізде болмаған бір іс жасаса ол кері қайтарылады», - деген. Бұл хадистен түйілетін жайт бидғат екіге бөлінеді екен. Хадистің түсіндірмесі: Құранда да, хадисте де жазылмаған жаңалық істі бидғат дейміз. Осы жаңалықтың өзі екіге бөлінеді. Бірі Құран және хадиске қайшы іс, бірі ғұламалардың көзқарасында Құран және хадиске қайшы емес, керісінше сәйкес іс. Бірінші бөлігі екі кітапқа, яғни Алланың сөзі мен пайғамбардың сөзіне қайшы жаңалыққа бидғат далалат, яғни адастырушы жаңалық, деп анықтама береміз. Адастырушы бидғаттың өзі: ақидалық және амали болып екіге бөлінеді.
Ақидалық бидғатқа карамия сияқты мушаббиха ағымдары (Алланың Құрандағы сипаттарын әр нәрсеге ұқсатушылар), мұғтазила, хауариж ағымдары, қазіргі заманда уахабшылар жатады.
Алғашқы хауариждер ұғымында: патша шариғатсыз үкім шығарса кәпір болады. Сондай ақ, ол патшаның қол астындағы халқы да кәпір болады. Шариғатсыз шығарған үкімімен жүрген де, жүрмеген де кәпір болады. Бұл ғасырда Саид Қутуб деген өз ағымын құрып, осы бидғат ұғымды қайта тірілтті. Ол шариғатқа сүйенбей бір үкім шығарған кісі кәпір, сондай басшы билейтін елде өмір сүруші барлық адам түгелдей кәпір. Тек осындай Ата заңға сүйеніп билік құрған үкіметке қарсы көтерілген адам ғана кәпір емес деген ақида ұстанды. Осылайша адамдарды өлтіруді шариғат бойынша өздерінше заңдастырып алды. Осындай бидғат ақиданың зардабын Шешенстан, Алжир және Мысыр мемлекеттері тартты.
Ақидада бидғат сеніммен кеткен бұл ағымдар Құрандағы аяттарды тиісті мағынасымен емес, теріс түсінікпен талқылады. Сондай-ақ, өздерінің ұғымдарын дұрыс деп сенді. Бұл ағымдар Құрандағы сөздер хазіреті Омар (р.а.) айтқандай екі кейде одан көп мағынаны білдіретіндігіне назар аудармады. Сондықтан да Құрандағы сөздің қай мағынада қолданылып тұрғанын білу аса маңызды. Бұл теріс ағымдар Аллаға және Оның Елшісінің (с.ғ.с.) ризашылығына сай келмейтін ұғымдармен түсіндірді.
Сондай-ақ, амалдағы бидғатқа келетін болсақ: сырт бейнесі сопылыққа ұқсайтын, жан дүниесі саф сопылықтан әлдеқайда қашық ағымдардың бидғаттары. Олар зікір отырыстарында Алланың есімін бұрмалап айтатын болды. Алла деудің орнына «аһ» деп зікір салатын болды. Олар «аһ» Алланың көркем есімдерінің бірі деп түсіндірді. Ал, тым артық кеткендері Алла есімінен қарағанда «аһ» есімі арқылы дұға тез қабыл болады деп айтты. Мұндай амалдағы бидғат әуелгі буын, дұрыс бағыттағы сопылық жолында болмаған еді.
Ал, бидғаттың екінші бөлігі яғни ғұламалардың Құран және сүннетке сай енгізген, қайшылығы жоқ бидғат немесе жаңалықтар деп мешіттерде михраб және азан шақыратын орын жасауды айтуға болады. Сонымен қатар Құрандағы бә және тә әріптерінің асты үстінде тұратын ноқаттарын қою. Бұл Исламның бірінші ғасырында енгізілген бидғат еді. Бұл бидғаттардың бастамашысы Омар бин Абдулазиз және Ибн Яғмар. Сондай ақ, қадария және руфағия тариқаттарының мәуліт мерекесін Ислам әлеміне енгізуі. Мұның барлығы сунна хасана, яғни дұрыс дәстүрге жатады. Бұл жайлы Алла Елшісі (с.ғ.с.):
من سنّ في الإسلام سنة حسنة فله أجرها و أجر من عمل بها لا ينقص من أجورهم شىء.
«Кім Исламда бір жақсы үрдіс салса, оған сол ісінің сауабы және сол істі істеген адамдардың сауабынан да үлес бар. Бірақ ол адамдардың сауабы азаймайды», - деген. Бұл хадис имам Муслим жинағында келтірілген. Ал, кім бұл хадистегі бидғат, яғни діндегі жақсы жаңалықты адасушылық бидғатқа жатқызса, ол қатты қателесуде. Бидғаттың жақсы жаман тұстарын ажыратпай қарайтын сауатсыздар әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
من أحدث في أمرنا هذا ما ليس منه فهو ردّ
«Кім біздің бұл ісімізде (дінімізде) жоқ нәрсені жаңалық етіп енгізсе, ол қабыл етілмейді», - деген (Имам Бухари сахих жинағы) хадисінің түсіндірмесі дінімізде жоқ нәрсені енгізуге тыйым салу екенін білгені жөн. Кеңірек айтқанда дінімізге сәйкеспейтін іс болмауы тиіс. Мысалы, Пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында мешіттер михрабсыз және азанханасыз болды. Бұл жағымды жаңалық іс Исламның бірінші ғасырының аяғында пайда болды. Мұны ізгі халифа атанған Омар бин Абдулазиз енгізген еді. Ал, сол дәуір ғұламалары оның діндегі бұл жаңалығын құптап, қолдады. Теріс ағымдар михраб, және азанхана сияқты бидғат хасананы мойындайды да бес уақыт намаздан кейін жамағат болып тасбих қайтару және Алланың аяттарын оқып бата жасау сияқты діндегі жақсы жаңалықты адастырушы бидғат деп санайды. Қысқасы қалағанын қабылдап, өздеріне ауыр келгенді жаман деп шығара салады.
Демек, бидғат екіге бөлінеді, бірінші: бидғат хасана, яғни жақсы жаңалық басқаша айтқанда сунна хасана, яғни дұрыс дәстүр. Бұл Құран және сүннетке сай жаңалық.
Екінші: бидғат саиа, жаман жаңалық. Сүнна саиа, яғни қате дәстүр деп аталады. Бұл Құранға және сүннетке қайшы келетін жаңалық.
Бидғатты осылайша екіге бөлу Жабир бин Абдулла ал Бажали риуаят еткен хадистен байқауға болады. Онда:
من سنّ في الإسلام سنة حسنة فله أجرها و أجر من عمل بها بعده من غير أن ينقص من أجورهم شىء. من سنّ في الإسلام سنة سيئة كان عليه وزرها و وزر من عمل بها من بعده من من غير أن ينقص من أوزارهم شئ.
«Кімде кім Исламда бір жақсы жол салса, ол кісіге сол ісінің сауабы және өзінен кейін сол істі істегендердің сауабы бар. Кімде кім Исламда бір жаман жол салса, ол кісіге сол ісінің күнәсі және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәсі бар», деген. (Хадис сахих Муслимде келген.)
Бидғаттың жақсысы барлығына Құраннан дәлел келтіріп көрейік. «Хадид» сүресінің 27 аятында:
و جعلنا في قلوب الذين اتّبعوه رأْفةً و رحمةً و رهبانيّةً ابتدعوها ما كتبناها عليهم إلاّ بتغاءَ رضوانِ الله.
«... Оның соңынан ергендердің жүректеріне шапағат, рақым ұялаттық. Ал, рахбаниятты (тәркі дүниелікті, монах болуды) олардың өздері тауып алды, оларға оны біз бұйырған жоқпыз. Оны олар Алланың ризалығын тілеу орайында (тапты)...».
Бұл аятта Иса (ғ.с.) үмбетінің мұсылмандарын мақтап тұр. Өйткені олар аса жұмсақ және өте мейірімді ел еді. Сондай-ақ, олар (діндеріне) монахтықты енгізді. Бұл харам етілген амалдардан сақтанумен қатар, қосымша рұқсат етілген нәпсілік рақаттардан тыйылу. Тіпті, олар үйленбей, жақсы тағам мен тәтті сусын және сәнді киімнен бас тартып, жан-тәнімен ақырет амалдарына берілді. Алла Тағала: «...Оларға оны біз бұйырған жоқпыз. Оны олар Алланың ризалығын тілеу орайында (тапты)...», - деді. Бұл аятта Иса (ғ.с.) үмбеті Інжілде жазылмаған істі діндеріне енгізген амал үшін мақтау айтуда. Оларға пайғамбарлары Иса (ғ.с.) «осылай етіңдер!» деп бұйрық бермеген. Өздері Аллаға құлшылық етуде қосымша амал қалады. Сонымен бірге аятта Алла мақтап тұрған адамдар Иса (ғ.с.) пайғамбарға таухид дінде соңынан ерген, шірк жасамаған үмбет еді. Олар елден жырақ жерге лайдан лашық құрып, сонда құлшылық ететін. Замандар зырғып, құлшылық ететін келесі ұрпақ туып-өсті. Бұлар алдыңғы үмбеттер сияқты лайдан лашық салып, сонда ғибадат етті. Бірақ олар бұл ғибадаттарында Аллаға серік қосты. Олар Иса мен оның анасына құдай деп құлшылық етті. Бұлар жайлы Құранда: «... Оған лайық дәрежеде көңіл бөлмеді...», делінген. Өйткені, екінші ұрпақ Иса (ғ.с.) шариғатына сай келетін, бірінші ұрпақ жолы болған рахбаниятты ұстанған жоқ. Бұл аяттан шығатын қорытынды: кім шариғатқа қайшы келмейтін, керісінше сәйкес келетін бір амал жасаса ол жаман бидғат болып есептелмейді. Бұл амалды істеушіге сауап бар. Оның амалы сунна хасана, жақсы жол деп аталады.
من أحدث في أمرنا هذا ما ليس منه فهو ردّ
Яғни: «Кім біздің бұл ісімізде (дінімізде) жоқ нәрсені жаңалық етіп енгізсе, ол қабыл етілмейді», деген пайғамбарымыздың сөзінде айтылғандай дінге теріс түспейтін жаңалық енгізсе ол кері қайтарылмайды деген ұғым пайда болады. Мысалы Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйреткен тәлбиясын өзгертіп жаңа тәлбия айтты. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) тәлбиясын:
لبّيك اللهم لبيك, لبيك لا شريك لك لبيك. إنّ الحمد و النعمة لك و الملك لا شريك لك.
Ал, хазіреті Омар (р.а.) тәлбияны
لبيك اللهم و سعديك, الخير في يديك, و العمل و الرغباءُ إليك.
деп айтушы еді. Бұл амалын ешбір сахаба сынға алған жоқ. Өйткені Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) амалына қайшы келмейтін іс жасады.
Сондай ақ, сахабалардан кейін табиғиндер шариғатқа сай бір амал жасады, ол - Алла Елшісі есімінен кейін «салла Аллаһу ғалейһи уа саллам» сөзін қосып жазу. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көзі тірісінде жаздырмаған еді. Алла Елшісі Рим императоры Гераклиге, Парсы патшасы Кисраға, тағы басқа мемлекет басшыларына хат жолдаған. Бірақ хатында «салла Аллаһу ғалейһи уа саллам» сөзін жазбады. Қазіргі таңда мәулітті атап өту және азан шақырғаннан кейін пайғамбарымызға дауыстап салауат айтуды бидғат деушілердің өзі кітаптарында пайғамбарымыздың есімінен кейін салауат сөзін жазады. Осылайша олар іс-әрекеттерімен өз сөздеріне қарсы амал жасайды. Олар Құранда жазылмаған және пайғамбар айтпаған істі харам бидғат дейді де, өздері шығарған үкімге қарсы амал жасайды.
Дінге енген жаңалықтың жақсысы да бар екендігіне дәлел ретінде көрсетілген:
من سنّ في الإسلام سنة حسنة فله أجرها و أجر من عمل بها
«Кімде-кім Исламда бір жақсы жол салса, ол кісіге сол ісінің сауабы және өзінен кейін сол істі істегендердің сауабы бар...», деген хадиске қатысты:
Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірісінде жасалған жаңалық (яғни бидғат) болуы керек, - дейтіндер де болады. Бұған жауап ретінде усул фиқһта:
لا تثبت الخصوصية إلاّ بدليل
Яғни «үкімнің жалқылығы тек дәлелмен айқындалады» деген қағида бар. Мұның мағынасы – үкімнің белгілі бір уақыт немесе белгілі бір тұлғамен шектелуі тек нақты дәлелмен айқындалады. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)
من سنّ في الإسلام
«кімде-кім Исламда орындаса...» деді. Ол кісі «кімде-кім менің көзім тірісінде орындаса немесе кімде-кім мен істеген істі қайта жандандырса» деген жоқ. Ал, Ислам діні бір заманмен шектелетін дін емес.
Енді бұл хадистің тарихына назар аударайық. Сіңірі шыққан бір топ тақыр кедейлер жүннен тоқылған (сол заманның ең нашар киімімен) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырына кіріп келеді. Бейшараларды көрген Алла Елшісінің өңі бұзылып кетеді. Сонда адамдар оларға садақа беріп, әлгі пақырларға біраз қаражат жинайды. Сонда жүзі жадыраған Пайғамбарымыз:
من سنّ في الإسلام سنة حسنة فله أجرها و أجر من عمل بها
«Кімде кім Исламда бір жақсы жол салса, ол кісіге сол ісінің сауабы және өзінен кейін сол істі істегендердің сауабы бар...», - деген екен. Алайда, бұл хадисте айтылған үкім тек сол оқиғаға қатысты кісілерге ғана емес, жалпыға ортақ қолданылады.
Сондай-ақ, бидғатқа қатысты бір хадисте:
و كلّ محدثةٍ بدعة و كل بدعةٍ ضلالة
«Әрбір жаңалық бидғат. Және әрбір бидғат адасушылық», - делінеді. Бұл үкімге бидғат хасана, яғни жақсы жаңалық кірмейді. Себебі, бұл хадис ғам махсус, яғни сөзі жалпы мағынада бидғатқа болғанымен, үкімі шариғатқа қайшы жаңалықтарға жүреді. Бұған жоғарыда келтірген имам Муслим еңбегіндегі:
من سنّ في الإسلام سنة حسنة فله أجرها و أجر من عمل بها
«Кімде кім Исламда бір жақсы жол салса, ол кісіге сол ісінің сауабы және өзінен кейін сол істі істегендердің сауабы бар...» деген хадис дәлел болады. Өйткені пайғамбарымыздың бір тақырыптағы сөздері бір-біріне қарама қарсы болмайды. Керісінше бір бірінің мағынасын күшейтеді.
Демек, бидғат екіге бөлінеді: бидғат хасана, жақсы жаңалық немесе үлгілі үрдіс. Және бидға саиа, яғни жаман әдет.
Ізгі ғұламалар енгізген бидғат хасананың тарихына үңілер болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулід күнін ғибадатпен өткізу сияқты жақсы жаңалық һижраның жетінші ғасырында Музаффар патша тарапынан енгізілді. Сондай-ақ, Құранға харакат қою жаңалығын тақуа және ғұлама табиғин Яхия бин Яғмар енгізді. Пайғамбарымызға уахи түскенде аяттарды жазып алатын катабат уахи, яғни уахи жазушы сахабалар болды. Олар аяттарды жақсы иленген тері, жалпақ тас пен сүйектерге жазды. Аяттарды ешбір әрекетсіз және әріптерді нүктесіз түсірді. Құран әуелгі халифа Әбу Бәкір дәуірінде жинақталып жазылғанда да әріптер нүктесіз және харекетсіз еді. Халифа Осман заманында екінші рет қайта жазылғанда да Құранға керекті таңбалар қойылмады. Тек қажеттілік туындаған шақта табиғин Яхия бин Яғмар Құранды таңбалап шықты.
Ал, енді мына сахих хадисті
و كلّ محدثةٍ بدعة و كل بدعةٍ ضلالة
«Әрбір жаңалық бидғат. Және әрбір бидғат адасушылық» қате ағымдар секілді түсінетін болсақ мынадай қорытынды шығады. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үлкен сахабалары Омар бин Хаттаб (р.а.) және Осман бин Аффан (р.а.) адасқан деген тұжырымға келуіміз керек.
Хазіреті Омар рамазан айында тарауихты жамағат болып оқуды қолға алған еді. Алайда, мұсылмандар Алла Елшісі (с.ғ.с.) заманында тарауих намазын жеке-жеке оқитын еді. Тарауих жамағатпен оқыла бастаған кезде Омар (р.а.) «бұл қандай тамаша жаңалық», деп айтқан сөзі бар. Бұл имам Бухариде жазылған.
Ал, Осман бин Аффан (р.а.) өз заманында жұма намазына екінші азанды қостырды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) дәуірінде жұма намазына тек бір рет қана азан айтылатын. Хазіреті Османның бұл жаңалығына ешбір сахаба қарсы болмады. Қазіргі таңда жер шарында жұма оқитын барлық мұсылман жамағаты бұл күні екі рет азан шақырады. Бұл оқиға да сахих Бухариде бар.
Демек, бидғат деген сөз екі ұғымды білдіреді. Бұл жайлы имам Науаи: «бидғат: уәжіп, харам, мандуб, макрух және мубах болып бөлінеді. Бидғаттың қай амалға жататынын анықтау үшін шариғат қағидаларына сүйену қажет. Егер жаңалық болып еніп жатқан бидғат уәжіп қағидасына сай келсе уәжіп, харам қағидасына сай келсе харам, мандуб ережесіне сай келсе мандуб, мухаб ережесіне сай келсе мубах болады», деп қорытындылаған.
Ал, Ибн Абидинның «Роддул мухтар ғала дуррил мухтар» еңбегінде: бидғат кейде уәжіп болады. Мысалы: адасқан ағымдарға дәлел айту және Құран мен сүннетті түсіну үшін араб тілі грамматикасын оқу. Мандуб бидғаттар: мектеп пен медресе ашу және исламның бірінші ғасырында пайда болған жаңалықтар. Ал, мубах бидғаттар тамақтану, сусын ішу және киім киюудегі кеңшілік», деп бидғатқа кеңірек анықтама берген.
«Нұр Астана» Орталық мешіті
сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров