«Уаһһабилік» – екі жарым ғасыр бұрын араб түбегінде, Нәжд даласында Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.) негізін қалаған ағым. «Уаһһаби» атауы – осы ағымның негізін қалаушы Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге тағылған айдар. Уаһһабилік тарихта «харижиттік» әрекет ретінде де танымал болған.
Өйткені олардың әрекеттеріндегі қатыгездік пен өз ұстанымдарына қосылмағандарды кәпір деп айыптау әрекеттері харижит ақидасының (сенімінің) көшірмесі іспетті. Олар Ибн Тәймияның жолы мен ханбали мәзһабын ұстанатындарын айтқанымен, ханбали мәзһабына қайшы келетін тұстары жетерлік. Уаһһабилер өздерін былай деп сипаттайды:
«Біз сенімде сәләф, амалда ханбали мәзһабын ұстанамыз. Негізінде Ахмад ибн Ханбал сенімде сәләфилікті ұстанған. Біз де амал мен итиқадта (сенімде) ханбалиміз. Уаһһабилік деген нәрсе жоқ. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб білімімен және ісімен осы мәзһабты жаңартқан Шайхулислам»[1].
Енді ағымның құрылуына тоқталып өтер болсақ тәмим тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб 1115/1703 жылы Рияд қаласына жақын орналасқан Уяйна атты елді мекенде дүниеге келген. Оның ата-бабасы ханбали мәзһабын ұстанған. Әкесі, атасы мен бауыры қазылық қызметті атқарған. Ол алғашқы сауатын Уяйна қазысы болған өз әкесінен ашады. Ілім іздеу барысында Ибн Таймияның пәтуаларымен танысып, дінге қатысты пікірлерін басшылыққа алып, жаңғыртуға көшеді. Біраз уақыт Шам қаласындағы ханбали ғалымдарынан дәріс алады. Шамнан Нәждке оралған соң ауыл тұрғындарына арнап діни кітапша жазуға кіріседі[2].
1740 жылы әкесі қайтыс болған соң туған жері Уяйнаға оралып, сонда насихат жұмыстарын жүргізеді. Сол жердің әміршісі Осман ибн Хамд ибн Муаммармен достасып, өз пікірін қабылдауға шақырды. «Егер менің пікірімді қабыл етсең, Алла сені Нәжд даласының әміршісі етеді» деп үгіттейді. Осман ибн Хамд оның насихатын қабылдап, айналасындағы жандарға ықпал етіп, өз қатарына тарта білді. Тіпті бұл сенімді маңайындағыларға күштеп қабылдатты. Олардың бұл әрекеттерінен қорыққан тұрғындар Нәждтің беделді руы Халид ұлдарының көсемі Сулейман ибн Урайға шағымданады. Ол Уяйнаның әміршісіне Мұхаммедті ол жерден қууын немесе өлтіруін талап етеді. Мұхаммед ол жерден Риядқа жақын маңдағы Дария кентіне көшеді. Дария кентінің әміршісі Мұхаммед ибн Суғудпен тіл табысады. Тіпті өз сенімін қабылдатып, қолдауына ие болады. Осылайша, 1744 жылы уаһһабилік немесе сәләфилік ағымның іргесі қаланады[3].
Нәжд өлкесі халқының табиғаты жаугершілікке жақын еді. Олар Исламнан алдын Йемен, Иран, Ирак, Үндістан және Шам әміршілерінің қол астында түрлі сенімдер аясында өмір сүрген болатын. Сол себепті Ислам тарихындағы төрт жалған пайғамбар да осы өлкеден шыққан. Өр рухты бәдәуилер Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың насихаттаған «таухид дінін» жаю жолында мұсылмандарға қарсы жиһад басталады. Бұл пікірге қарсы шыққандар өлтіріліп, мал-мүлкі олжа ретінде бестен бірі үкімет қазынасына алынып, қалғаны жауынгерлер арасында үлестіріледі[4].
Сол заманның ғұламаларынан йемендік Әмир әс-Санғани әуелде оның пікірлерін қолдағанымен жазықсыз мұсылмандардың қанын төгіп, мал-мүлкін талан-тараж еткенін көріп, оған қарсы шығады. Ибн Тәймия мен Ибн Қайюмның ұстанымдарын қате түсінген деп, оны жазғырады. Тіпті осыған қатысты һижри 1170 жылы (1856-1857-ге сәйкеседі) оның әрекетін терістеп өлең де жазады[5].
Уаһһабилер 1773 жылы Рияд қаласын басып алып, жақын аймақтарға ықпал етуге ұмтылды. Нәжд өлкесіндегі көптеген тайпаларды біртіндеп бағындырып, Хижаз аймағына қол салады. Хижаздың да бірқатар тайпалары осы сенімді қабылдап, аз уақыт ішінде біршама аймаққа үстемдік етеді[6].
1766 жылы Мұхаммед ибн Суғуд қайтыс болған соң орнына ұлы Абдулазиз ибн Суғуд билікке келіп, әке жолын жалғастырады. Ал 1792 жылы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб көз жұмады. Ол өлген соң ұлы Абдуллаһ ибн Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб уаһһабилік әрекеттің діни көсемі болады. Әкесі секілді бидғатшылармен белсене күреседі. Бұл жолда шииттерге қарсы кітап та жазады[7].
Хижаз аймағы сол дәуірде Осман империясының бір провинциясы болатын. Осман империясы уаһһабилік бүлік басталған тұста Ресей және Иранмен соғысып, қала берсе ішкі жанжалдар мен таластар нәтижесінде қол астындағы елдерге қарауға мұршасы келмей нәтижесінде уаһһабилер аз уақыт ішінде Нәжд өлкесіне толықтай үстемдік етті.
Уақыт өте келе уаһһабилер өз үстемдігін Басра шығанағына дейін ұлғайтады. Нәжәфта уаһһабилер мен шииттер арасында жанжал шығып, арты қантөгіске ұласып, бірнеше уаһһаби мертігеді. Осы мәселені сылтау етіп, Абдулазиз ибн Суғуд 1802 жылы 10-шы мұхаррам[8] күні Кербалада Хазіреті Хусейннің кесенесіне жиналған мыңдаған шиттерді қырғынға ұшыратты. Мұнымен шектелмей Хазіреті Хусейннің кесенесін талқандайды[9]. Осы оқиғадан кейін шииттер мен уаһһабилер арасында дұшпандық өрті тұтанды. Кектенген шиттердің бірі һижри 1217 жылы, милади 1803 жылы Дария мешітінде Абудулазиз ибн Суғудты пышақтап өлтіреді[10].
Суғуд ибн Абдулазиз 1803 жылы ораза мен құрбан айт арасында Таиф қаласына жорық жасап, қантөгіспен қаланы алады. Таиф қаласын алған соң, сол маңайдағы зираттарды жермен жексен етеді. Таиф қаласы алынған соң Меккеге бағыт алады. Алайда қажылық уақытына тура келгендіктен қалаға кірмей кері қайтады. Мекке тұрғындары Таифтегі қанды қырғынды естіп білгендіктен олармен соғыспастан бейбіт бітімге келуді қалайды. 1804 жылы (һижри 1218 ж.) Мекке тұрғындары елші жіберіп, қантөгіссіз беріледі. Уаһһабилер осы жылдың мухаррам айында қалаға кіріп, тұрғындарға өз сенімдерін насихаттап, қабылдауға мәжбүрлейді. Қарсы келгендер қысымға ұшырап, тіпті өлтіріледі. Көптеген ғалымдар мен ауқатты мұсылмандар да оның қаһарына ілігеді.
Уаһһабилер Мекке қаласын алған соң артынша Мәдина қаласына шабуыл жасап, қаланы басып алып, талан-тараж етеді.
Уаһһабилердің қауіпті бола бастағанын аңғарған Осман империясының патшасы ІІ. Махмуд (1808-1839 ж.) бұл бүлікті бастыруды Мысыр әкімі Мехмед Али пашаға (генерал) жүктейді. Паша баласы Тосунды алып, қалың қолмен 1812-1813 жылы Мәдина, Мекке және Таифты уаһһабилерден азат етеді.
Уаһһабилік немесе сәләфилік
Уаһһабилік ағым ислам әлемінде түрлі ағымдардың шығуына түрткі болды. ХХ ғасырдың басында уаһһабилік ағымды үлгі тұтқан діни реформалық әрекеттер де жасалды. Суданда «Маһдия», Ливанда «Мадрасат Санусия», Мысырда Мұхаммед Абдуһтың ағымы, Жамаләддин әл-Ауғанидің медресесі және Үндістанда бірнеше ағымдар пайда болды. Бұл ағымдардың барлығы да ислам әлемі он төрт ғасыр бойы мойындап келе жатқан төрт мәзһабты мойындамай, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Олар алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандар мен қазіргі заманғы мұсылмандардың арасы тым алшақтап кеткен деп, алдыңғы үш буын мұсылмандарға ұқсауды насихаттауда[11].
Діни ұстанымдары
Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың сенімі мен көзқарасын жазған еңбектерінен байқауға болады. Ол бірнеше кітап жазған. Солардың ішінен ең танымалы «Китабут-таухид» (Таухид кітабы), «Кәшфуш-шубуһат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы). Міне осы еңбектерінде таухид, ширк, бидғат мәселелеріне кеңінен тоқталады. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Кәшфуш-шубуһат» атты кітабында:
لا خلاف أن التوحيد لا بد أن يكون بالقلب واللسان والعمل، فإن اختل شيء من هذا لم يكن الرجل مسلما. فإن عرف التوحيد ولم يعمل به، فهو كافر معاند كفرعون وإبليس وأمثالهما.
«Таухид (иман) жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады» [12], – деп амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деп кесіп айтады. Оның ұстанымы бойынша, иман – жүрекпен сену, тілмен айту, амал ету. Егер де осы үшеуінің бірі кем болса, ондай жан мұсылман емес, кәпір болады. Демек амал иманның бір бөлшегі деп қабыл етілсе, қандай да бір парыз амалды тәрк еткен адам – кәпір, діннен шығады деген үкім шығады. Ал амал иманның ажырамас бөлшегі деп үкім айтқан имам Мәлик, Шафиғи, Ханбал сынды ғалымдар өз кезегінде амал етпеген жандарға кәпір демей, «пасық», «күнәһар мұсылман» деп үкім берген.
Уаһһабилер өздерін ханбали мәзһабын ұстанамыз дегенімен, толықтай Ахмад ибн Ханбалдың ақидасымен (сенім) жүрмейді. Мысырлық ғалым Мухаммед Әбу Заһра «Мәзһабтар тарихы» (Тарихул мәзаһиб) атты еңбегінде Ахмад ибн Ханбалдың иман жайындағы көзқарасын былай деп келтіреді: «Иман – жүрекпен сену, сенімін тілімен айту және амал етуден тұрады. Егер адам жүрегімен сеніп, тілімен сенгенін айтса, Аллаға серік қоспаса, Құран мен сүннетте бұйрылған әмірлерді терістемесе, бірақ жалқаулықпен амал етпесе діннен шықпайды. Алла қаласа ол пендесін жазалайды, қаласа кешіреді»[13].
Имам Әбу Ханифа, Мәлик, Шафиғи, Ханбалидің пікірі бойынша, иман етіп, сенімін тілімен айтқан адам – мұсылман. Егер адам иман негіздеріне жүрегімен сеніп, сенімін тілімен айтып, амал етпесе, ондай кісі кәпір болмайды, діннен шықпайды. Ондай мұсылман – пасық, күнәһар. Амал жасамағаны үшін Алланың құзырында өзі жауап береді. Осы мәселеге қатысты Ислам ғұламалары төмендегідей хадистерді дәлел ретінде ұстанады: «Әнастан (Алла оған разы болсын.) жеткен риуаят бойынша: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде кім шын жүрегімен «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде шаң тозаңындай жақсылық (иманы) бар болса, ол тозақтан құтылушы...» (Бухари, Иман; Муслим, Иман; Тирмизи, Жәһәннам). «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһәннамды харам еткен» (Муслим, Иман).
Хадисте айтылғандай, кәлимаға тіл келтірген адам түбінде жәннатқа барады. Жасамаған амалы үшін Алла алдында жауап береді және тозақта күнәсін өтеген соң жұмаққа кіреді. Құранда кәпір адам тозақта мәңгі қалады деп анық айтылған. Ал Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб болса, өз пікірін қолдамаған әрбір мұсылманды кәпір деп, тозақта мәңгі қалушы имансыздармен, яғни кәпірлермен тең санауда. Осы пікірімен көпшілік мұсылмандарға қарсы келеді.
Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб таухид мәселесінде Ибн Тәймияның пікірін қолдап, таухидті:
1. Таухидур-Рубубия – Алла Тағаланы Рабб екендігінде бір деп білу.
2. Таухидул-Улуһия – Алла Тағаланы ғибадатта бір деп білу.
3. Таухидул-Әсмаи уәс-сифат – Алла Тағаланы есім-сипаттарында бір деп бөліп қарастырады[14].
Ал Ибн Тәймияға дейін өткен ешбір ғалым таухидті бұлай бөліп түсіндірмеген. Төрт мәзһабтың сенімінде де таухидті бұлай бөліп түсіндірмейді.
Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың еңбектері негізінен ширк (Аллаға серік қосу) пен бидғаттар (дінге енген жаңалық) төңірегінде жазылғандықтан, Ислам дінін ұстанушыларды ширк пен бидғаттан арылту керек деп санайды. Оның пікірінше, жаһилия (надандық) кезіндегі мүшриктер қандай жағдай болсын Аллаға сенетін. Олардың ширкі қазіргі мұсылмандардың жасап жатқан ширкімен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл еді деп, мұсылмандарды мүшриктерден бетер төмен санайды. Уаһһабилер өздеріне қосылмаған және өздері секілді сенбеген (ақида ұстанбаған), амал етпеген мұсылмандарды мүшрик, адасқан деп санайды[15].
Пайғамбарлар мен әулиелерді тәуәссул жасауды ширк санап, ондай жанды мүшрик, кәпір болады деп есептейді. Мәуліт мерекесіне қарсы, бидғат санайды. Тіпті, ғасырымыздағы ағымның танымал ғалымы Салих ибн Фаузан «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған күнін мұсылмандардың надандары мен адасқандары ғана тойлайды» дей келе ондай әрекетті яһудилерге ұқсау деп бағалаған[16]. Оның бұл сөзінен «мәулітке рұқсат берген ғалымдар да адасқан» деген ұғым шығады.
Олардың ұстанымы бойынша, Құран мен сүннет заһири (сыртқы, тікелей) мағыналары бойынша қабыл етіліп, амал етіледі. Аят пен хадисті тәуил ету – бидғат және адасушылық.
Әһлу сүннет ғалымдары орайы келгенде антропоморфизмге ұрынбау мақсатында сақтық таныта отырып, аяттарды тікелей мағынасымен емес астарлы (мәжази) мағынасында және араб тілінің рұқсат еткен шеңберінде қабылдаған[17]. Мәселен,
وَمَن كَانَ فِي هَـذِهِ أَعْمَى فَهُوَ فِي الآخِرَةِ أَعْمَى وَأَضَلُّ سَبِيلاً
«Кімде-кім бұл дүниеде соқыр болса, онда ол ақыретте де соқыр. Және мүлдем жолдан адасушы» (15. «Исра» сүресі, 72-аят) деген аятты «екі көздің соқырлығы емес, рухани соқырлық» деп қабыл еткен. Егер тікелей айтылған күйінде қабыл етілсе, анадан туа бітті көзі көрмейтіндер тозақтық болады деген ұғым шығады. Сондықтан ғалымдарымыз осыған ұқсас астарлы мағынадағы аяттарды тәуил еткен.
Таухид мәселесінде каррамия, мушәббиһә, мужассима ағымдары секілді Аллаға мекен беруде.
Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб біреудің артынан еру немесе ағым құру – дін ішінен дін жасау деп есептегенімен халықты өзінің идеяларымен діни пәтуаларын қабылдауға үндеді. Өзін қолдамағандарды, айтқандарын қабыл етпегендерді кәпір, мүшрик деп санады. Осылайша, бидғатпен күресемін деп, өз сөзіне өзі қайшы әрекет етті. Яғни біреудің артынан жүру, бір жол құру дін ішінен дін жасаумен тең деп айтқанымен, өзіне қосылмағандарды адасқан санап, жаңа бір жол немесе ағымның негізін қалады. Бір күні бауыры Шейх Сулейман ибн Абдулуаһһаб оның осы әрекетінің дұрыс емес екенін әшкерелеу үшін былай деп сұрақ қояды: «Исламның шарты қанша?». Ол: «Бесеу», – деп жауап береді. Сулейман: «Сен бұларға алтыншысын қостың. Өзіңе бағынуды діннің шарты деп санайсың. Исламның шарты мұсылмандарды кәпір деп айыптау емес», – дейді[18].
Олар тек өздерінің пікірлерін ақиқат санап, өзгелердің ұстанымдарын теріске шығарды. Бұл жайында танымал ғалым Мұхаммед Әбу Заһра былай дейді: «Уаһһаби ғалымдары өздерінің пікірлерін қате деп санамайды. Ал өзгелердің пікірлерін айтуға болмайтындай қате деп ойлайды әрі терістейді»[19].
Ғасырымыздағы сәләфи ағымының танымал ғалымы Салих ибн Фаузан «Исламдағы атақты жаңғыртушылар» атты еңбегінде матуриди және әшғари ақида мектеп өкілдерін әһлу сүннет уәл-жамағат жолын ұстанушыларға лайық емес деп, артық кетеді. Ол жайында былай дейді:
الأشاعرة و الماتريدية لا يستحقون أن يلقبوا بأهل السنة و الجماعة ...
«Әшғарилер мен матуридилер әһлу сүннет уәл-жамағат деп аталуға лайық емес»[20]. Ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабын ұстанушы мұсылмандар матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанатыны анық. Олай болса, Салих ибн Фаузанның пікірі бойынша, кім матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанса, адасқан мұсылман, әһлу сүннетке жатпайды деген сөз.
Сонда біздің төменде аты аталған ғалымдарымыздың барлығы адасқан ба?
Әшғари мектебінің ғалымдары: имам Әл-Хаким, имам әл-Байһақи, әл-Хатиб әл-Бағдади, әл-Мунзири, Ибн Салах, Ибн Хажар Асқалани, имам Нәуәуи, Шахристани, Абдулқаһир әл-Бағдади, Қуртуби, Рази, Сәғалиби, Әбу Хаиян, Қарафи, Шатиби, Ғазали т.б.
Матуриди мектебінің ғалымдары: имам Сарахси, Ибн Абидин, Кәсәни, Мулла Алиюл Қари, Нәсәфи, Тафтазани т.б.
Уаһһабилік немесе сәләфилік ағымның Қазақстанға келуі
Уаһһабилік ағым қазақ жеріне тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда келе бастады. Сәләфилік идеология өкілдері елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар, діни сауат ашу курстарын, араб тілін үйрететін оқу орындарын ашып, көптеген жастардың санасын улады. Қала берсе орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды өз қатарларына тарта білді. Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатында араб елдеріне бет алды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккен кейбір жастар оқуын тамамдап, елге оралған соң сол діни ағымның ұстанымдарын жаюға көшкенін білеміз[21].
Бұл ағым өкілдері әһлу сүннет жолын ұстанушы 4 мәзһабтың біреуін де ұстанбай өздерін «сунна» жолында жүрміз, «сәләфпыз» деп санайды. Өздерін сәләф санай отырып, өзі секілді сенімді ұстанбаған мұсылманды кәпір, мүшрик, адасқан деп, ондай жанға қол көтеруді күнә санамайды. Ғалымдар деңгейіндегі діни мәселелерді қарапайым мұсылмандар шешетін мәселе секілді үлкен дауға айналдырды. Намаз оқымаған жағдайда мейлі ата-ана болсын, ағайын туыс болсын мұсылман емес деп, қарым қатынасты үзуде. Өз ата-анасына қарсы шығып, намаз оқымағандықтары үшін кәпір санап, тіпті берген асын ішуден бас тартып жатты. Қазақ халқының салт-дәстүрін мансұқтап, мәзһаб ұстануды адасушылық деуде. Бірақ өздерінің де бір ағым екенін мойындамайды.
Ғасырымыздағы уаһһабилік немесе сәләфилік бағытты ұстанушылар өзара бірнеше ағымдарға бөлініп кетті. Бұлай бөліну барлық ағымға тән құбылыс. Пайда болған кезкелген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай тармақтарға бөлінетіні ақиқат. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі болған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?», «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санайды.
Қорыта келгенде аталмыш ағым өкілдерінің ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабтарының ақидасы мен ұстанымдарына қайшы келетін тұстары көп. Сол тұрғыдан оларды адасқан ағым қатарына жатқызған.
Олардың өзге мұсылмандарды өздері секілді сенуге, өмір сүруге, ғибадат етуге, бидғаттардан аулақ болуға шақыру барысында күш қолданып, қан төгуі – шариғатқа қайшы. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мұсылманды балағаттау – пасықтық, қанын төгу – күпірлік» (Бухари, Иман 36; Муслим, Иман 116).
[1] Fığlalı Ethem Ruhi. Çağımızda itikadi İslam mezhepleri. – İstanbul, 1996. 96-бет.
[2] Mevlana Muhammed Fadlurresul. Tashih’ul-mesail. Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü. түрікшеге аударған А.Фарук Меян. – İstanbul: Berekat баспасы, 1976. 348-бет.
[3] Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 97-бет; Қазақстандағы діндер. – Алматы, 2008. 78-бет.
[4] Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 98-бет;
[5] İslam Ansiklopedisi. – İstanbul: Türkiye Diyanet vakfı баспасы, 2005. 30-том. 492-бет
[6] Қазақстандағы діндер. – Алматы, 2008. 79-бет.
[7] İslam Ansiklopedisi. – İstanbul: Türkiye Diyanet vakfı баспасы, 2005. 30-том. 493-бет.
[8] 780 жылы 10-шы қазан күні Кербалада Хз. Хусейнді халифа Язидтің әскерлері шәһид еткен. Содан бері шииттер 10-шы қазан күні Кербалада Хз. Хусейннің кесенесіне жиналып, діни рәсім өткізеді. Осы күні өздерін шынжырмен сабау әдеттері бар.
[9] Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 99-бет; Қазақстандағы діндер. – Алматы, 2008. 79-бет.
[10] Mevlana Muhammed Fadlurresul. Tashih’ul-mesail. Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü. түрікшеге аударған А.Фарук Меян. – İstanbul: Berekat баспасы, 1976. 364-бет.
[11] Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2000 жылдан бастап шыққан ПӘТУАЛАР жиынтығының бір бөлігі. – Алматы, 2008. 219-бет.
[12] Мухаммед ибн Абдулуаһһаб. Кәшфуш-шубуһат. – Бәйрут: Дар ибн Хазм. Лубнан. 2001. 158-бет.
[13] Muhammed Ebu Zehra. Mezhepler tarihi. – İstanbul, Şura yayınevi. 500-бет.
[14] Мухаммад ибн Салих әл-Усаймин. Әл-қаулул-муфид ала китабут-таухид. – Мысыр: Дарул басира. һ. 1417. 9-бет.
[15] Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 98, 104-бет.
[16] Салих ибн Фаузан. Таухид. – Рияд. 115-116-бет.
[17] Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 111-113-бет.
[18] Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 106-бет.
[19] Muhammed Ebu Zehra. ж.к.е., 223-бет.
[20] Салих ибн Фаузан. Мин мәшәһирил мужаддидинә фил-ислам: Ибн Тәймия уә Мухаммәд ибн Абдулуаһһаб. – Рияд. 32-бет.
[21] Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Біз ұстанатын діни жол. – Астана, 2012. 21-22-бет.
Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы
бойынша өкіл имамы
Muftyat.kz