Пайғамбарымыздан ﷺ бастау алатын үмбеттің қамы әр дәуірдегі Ислам ғұламаларының бәрінің дерлік басынан өтті. Олар үшін қара бастың қамынан көрі үмбеттің жәй-күйі, болашағы, Алла алдындағы міндеті көбірек толғандырды. Пайғамбарлықтың 23 жылдық міндетін жаратушы Хақты разы еткен халде толық атқарып, соңғы тұрағына аттанып бара жатқан ардақты Eлшінің ﷺ соңғы сөзі «Үмбетімнің ендігі халі не болар екен?» деп қамығумен үзілген болса, сол үмбеттен шыққан саңлақ сахабалар мен ғұлама ғалымдар және Құдай сүйген құлдардың да бар ынта-жігері, күш-қайраты, таланты мен тағылымы тек Ислам үмбетінің қам-харекетіне арналды.
19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында қазақ даласынан шыққан көрінекті ақын, ойшыл, ғұлама Ақыт қажы да сол Ислам үмбетінің қамын ойлап, жүрегі қарс айырылған, бойындағы барын, руханиятының нәрін сол үмбетке арнаған көрнекті тұлғаның бірі. Ол Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде айтылған: «Менің үмбетімнен әр ғасырда туатын тұлғалар болады. Олар өз заманынан оза туады» десе, енді бір хадисінде: «Алла Тағала әр ғасырдың басында бұл үмбетттің жоғын жоқтап, пайғамбар сүннетін қайта жаңғыртатын тұлғалар жібереді», – деген.
Біз осы хадиске негізделе отырып, Ақыт қажы Үлімжіұлын Алла Тағала 20-ғасырдың басында қазақ даласына жіберген салих құлы десек артық айтқандық болмас. Себебі, оның бойына ана сүтінен дарыған адами болмысымен, мұсылмандық тағлымынан туындаған уағызы, дуалы насихаты сол кездегі ұлт мүддесіне, үмбет тағдырына арналған еді.
Көрнекті ақын, ғұлама оқымысты, қоғам қайраткері, танымал ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов (Алтайский) қазіргі Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының Қайырты деген жерінде, 1868 жылы тамыз айында дүниеге келген.
Ол бала кезінде ауыл молдасынан сауат ашып, кейіннен Махбумулла есімді оқымысты ұстаздан араб, парсы және түрік тілдерін жетік үйренеді. Соның нәтижесінде Ислам әдебиеттері мен араб тілді классик шайырлардың еңбектерін терең меңгереді.
Сонымен қатар, өзі оқыған әдеби кітаптарды негізге ала отырып, 23 жасында ең алғашқы туындысын жазады. Бұл шығармасы 1891 жылы Қазан баспасында «Жиһанша Тамуз шах ұғылы» деген атпен басылып шығады. Осылайша 1891 жылдан 1914 жылға дейін ғалымның Қазан, Орынбор, Семей баспаларынан 9 кітабы 17 рет жарық көреді.
Ол кезінде қазақ әдебиеті мен поэзиясын дінмен жаңғыртқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Хакім Абай сынды қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарымен заманы қарайлас өмір сүрсе де, қазаққа шариғатты кілең өлеңмен насихаттаған, әлсіреген үмбеттің жоғалтқан дүниесін өлеңмен жаңғыртқан ерекше жан дер едік. Сондықтан болар замандасы Қасымов Абайдың «Шариғаттың бәрі өлең емес, ендеше, өлеңнің бәрі шариғат болмауы керек» деп ақындық сынға ерік бергені. Кейіннен ғалымның өзімен дидарласқан Қасымов Ақыттың терең ілімі мен Тәңір берген талантына тәнті болғаны сонша, оның хакім Абайдың шығармасымен сусындауына себепші болады.
Ақыт қажы өзі шыққан ортаға асыл дінді насихаттауда ерекше стиль қолданған. «Әр мақамның мақалы бар» дегендей, халқын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, өнер-ғылымға баулуды мақсат тұтқан. Ғұлама сол заманға сай әр сала, әр жік, әр кәсіптегі адамдардың мінез-құлқына, қасиетіне қарай отырып насихат жасаған. Оның «Насихат» деп аталатын өлеңдер топтамасындағы ел басқарған билер мен қарапайым қосшыға дейін жеке-жеке өлең арнап, олардың бойындағы шариғатқа жат әдет-қылықтарымен сол кездегі ұлт мешеулігінің басты факторы болған ғылымнан алшақ надандықты сол таптың мүшесі түсіне алатындай етіп жеткізуі, сондай-ақ, «Билерге», «Байларға», «Молдаларға», «Кедейлерге», «Кәрілерге», «Жігіттерге», «Әйелдерге» деп жік-жікке бөліп жырлауының өзі осының айқын дәлелі.
Ақын бабаның өмірлік асыл арманы халқының надандық шырмауынан босап, ғылым-білімге ойысуы еді. Ол жәһилдік пен ғапылдық қатар жайлап, күйкі тірліктің құлына айналған жұрттың жақын арада оңалмасын қам көңілі сезсе де, соңына дейін шыдауға бел байлағандай. Бір өлеңінде:
Адам қойды атымды,
Надан қылды халқымды.
Мұңыңды айтып жалынсаң,
Ақыл бермес тартымды.
Барар жер жоқ, басар тау
Оңда Құдай артымды, – деп соңғы үмітін ұрпағынан күткен ғұламаның ендігі бар арман-мұраты жастарға тәлім беруге ойысқандай. Себебі, дінінен тірек, ділінен иман әлсіреген алдыңғы буын өкілдерін көріп өскен жастардың сол кездің өзінде-ақ имани тәлім-тәрибеден алыстап, отбасылық құндылықтары құрдымға бет алған-ды.
Ол ұлтқа төніп келе жатқан осы бір қатерлі індеттің алдын алу үшін ең әуелі отбасы ұғымы, отбасы жауапкершілігі, отбасы құндылығы, отбасы тәрбиесі сынды маңызды мәселелерді назарда ұстауға үндейді. Ал ұлттың, арысы үмбеттің негізгі тірегі саналатын отбасылық ұйытқының іркіттей іруі ғұламаның арқасына аяздай батқаны белгілі.
Ақынның пікірінше, отбасы дегеніміз – адамгершілік үстемдік құрған қоғамның азаматын тәрбиелейтін ұлттың негізгі буыны. Жанұя – болашақ ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп. Ендеше отбасында сыйластық пен жарастық орнаған үлгілі ортаның бүкіл Ислам үмбетіне пайда әкелері сөзсіз. Адамның бағы да, соры да оның отбасында көрген тәрбиесі мен оқыған іліміне тікелей байланысты екенін әуел баста бағамдаған данышпанның арнаулары мен толғаулары осы тақырыпты көбірек өріс етіп, адам өмірі үшін отбасының ықпалы ең негізгі әсер етуші күш екенін анағұрлым дәлелдей түскендей.
Осы орайда ғалым жастардың көңіл қосып, шаңырақ көтергенін қолдай отырып, сол шаңырақтың салмасын байлайтын алтын қазықты аса ыждағаттықпен таңдауға шақырады.
Адамның бір серігі жақсы қатын,
Шығарар жақсы қатын ердің атын.
Еріне қызмет қылса пәк көңілмен,
Арттырар Алла оның инабатын.
Табылса пешенеңе ізденіп көр,
Алуға әйелдің нақ асыл затын, – деген жыр жолдарындағы «Нақ асыл зат» сөзі шариғат терминіндегі «Әл-мәрә әс-салиха» (Салихалы жар) сөзінің әдеби баламасы еді.
Ғалымның «Асыл жар» түсінігі Пайғамбарымыздың ﷺ өнегелі өсиетіне негізделгені айдан анық. Алла Елшісі ﷺ бір хадисінде: «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлге қызықпаңдар» деп ескертеді. Мәнісін сұраған сахабаларына «Нашар ортада өскен сұлу әйел» деп түсіндірген. Халифа Омар (р.а.) осы хадиске сай «Жаман ортада өскен сұлу әйелден сақтаныңдар. Себебі, оның туған баласы тегіне ұқсамай қоймайды. Текті, көргенді жердің қызын алыңдар. Өйткені, ол нағашыларына тартқан салиқалы ұрпақ дүниеге әкеледі», – деген. Демек жар таңдағанда оның әке-шешесінен, туған-туыстарынан алған тәрбиесіне де көңіл бөлу керек. Хадистің тағылымына терең үңілген Ақыт ақын 1916 жылы «Жақсы қатын мен жаман қатын» атты мәшһүр өлеңін жазған еді.
Ақыт қажы 1939 жылы желтоқсан айының 24-і күні өзі қазылық әрі имамдық қызметін атқаратын «Ақ мешітте» Қытай үкіметі тарапынан тұтқындалады. Дәл сол күні өзімен қоса бүкіл кітаптары (800 ге жуық) мен қолжазбалары да тәркіленген. Ғұлама бабамыз 1940 жылы тамызда Үрімжі түрмесінде 72 жасында ауыр азаппен шаһид болады. Бүгінде ғалымның еңбектері төте жазуда 4 том болып, ал кирилл жазуында 2 том болып жарық көрді.
Десек те, ғалымның еңбектері ел арасында ойдағыдай насихатталып жатқан жоқ. Сондықтан да, ғалымның шығармаларын халыққа жеткізу, оның қазақ халқын ғылым-біліммен сусындату жолында жасаған қызметі мен телегей теңіз ілімінен тәлім алу мақсатында осы желілес мақаланы өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Еркінбек Алтай, исламтанушы
Толық нұсқасы мына жерде: