01
Жұма,
Қараша

һижри

Құнанбай салдырған медресе

Құнанбай салдырған медресе

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Аруағыңнан айналайын Құнанбай қажының Қарқаралыда мешіт, Меккеде Тәкие салдырғанын дүйім жұрт тегіс білсе керек. Бірақ, Құнекеңнің медресе салдырғанын біреу білсе, біреу білмес.

Өткен бірнеше ғасырдың ұзына бойына үңілсек, қазақ даласында білім алудың өзгеше дәстүрі қалыптасқан. Елге мағлұм зиялыларымыз әуелі медреседен білім нәрімен сусындаса, одан кейінгі кезеңде мектеп бағдарламасымен өз білімін дамытқан. Міне, бұл қазақ мұсылманшылығындағы өзгеше өркениеттің бір қыры.

Өткендегі есті қазақтың қайсысы болмасын бала тәрбиесіне немқұрайды қарамаған.  Алайда, Қажы бала тәрбиесіне алабөтен ұқыппен қараған.

Кәкітай Ысқақұлы өзінің «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» атты естелігінде «Уақытында елдің құр мұсылманмын дегеннен басқа діннің не екенін білмей, қан жеп неше түрлі ырымдарға табынып жүргеніне қатты тыю салып, анық шариғат қоспаған істі қылған, ғайри бұзықшылық іс қылғандарға бек ауыр жаза салып, халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадари хәл ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған», - деп[1] атасы Құнанбайдың діндарлығын жоғары бағалаған. Бұл деркті М.Әуезов деректері қуаттай түседі.

Шәһкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Қазақ, түрік һәм хандар шежіресінде» «Қажы марқұм бұл елдің бек надан кезінде туып шала хат танып қалса да, әкесі Өскенбай биге әр жақтан келген хаттарды оңашаға алып барып, бірін-біріне салыстырып өзінен-өзі оқып, түркі кітапты оқитұғын болыпты. Және ноғай молдаларды сақтап, елсізге үй салғызып, қазақтың балаларын жиып алып, молда мен балаларды сонда сақтап оқытып, бұл жақтағы қазаққа оқу оқытып хат танытқан сол қажы марқұм еді. Осы күнгі біздің күзеу қорамыз Ескітам деген жер сол бала оқытқан тамның орны еді»[2], - дейді.

 Екі деректің меңзеп отырғаны – Құнанбай салдырған «Ескітам» медресесі.

Ниязбек Алдажаров, Әрхам Кәкітайұлының естеліктеріндегі деректер бойынша бұл медресе Өскенбай бидің асынан кейін салынған. Шілдеде ас беріліп, осы медресенің салынғаннан кейінгі ұстазы Ғабитхан молда мен Құнанбай сол аста табысқан (Ә. Кәкітайұлының дерегі бойынша Қақаралы дауанына қарасты Жобалай керейдің ұру бастығы Шүршіт, Н. Алдажаров дерегі бойынша керей Бөдес қажы деген кісінің асқа сойысқа айдатқан он бес атпен бірге жіберген).

Ал, медресенің салынуы жайлы екі түрлі дерек бар. «Қазақстан» Ұлттық энцклопедия IX томында  (Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ж.) «1850 жылы Құнанбай Жидебайдың солтүстігінде 15 км жердегі күзеуден, Ескітам деген қоныстан жиырма балаға арналған медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. Абай сегіз жасынан бастап сол медреседен дәріс алып, сауат ашқан» деп берілген. Бірақ, бұл деректе жаңсақтық бар сияқты. Бұл мәлімет Өскенбай би «1849 жылдар шамасында 70 жастан асып» қайтыс болды делінетін Ә.Кәкітайұлының естелігіне сүйенген болса керек. Алайда,  М. Әуезов «Абайдың өмірбаянында» Өскенбай би «1850 жылы, 72 жасында» қайтыс болды дейді[3]. «Абайдың ата тегі туралы» деген көлемді мақаласында да «1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі»[4] деп келтіреді. Бұл деректі «Жұлдыз» журналының 1992-жылғы 1-санында жарияланған Н. Алдажаров ақсақалдың «Абай туралы әңгімелер» атты естелігінде мына бір дерекпен салыстырып көрейік. Онда «1851-жылдың жазында (нақтылай айтсақ шілдеде) Құнанбай әкесі Өскенбай биге арғын ішінде Қамбар жері Көкшетауда Көкжайдақ деген кең қоныста ас берген», - делінеді. Ал, Ахат Шәһкәрімұлы қажы жайлы жазбасында «Әкесі Өскенбай қайтыс болып, бір жылдан соң Қамбарлар отырған Көкшетауда үш жүздің баласының басын қосып, ат шаптырып ас береді» дейді. Қазақ салтында қайтыс болған адамға ас бір жылдан кейін берілетіні - шартты ұғым. Демек, Өскенбай би 1850 жылы қайтыс болған. Ас 1851 жылы берілген. Сонда «Ескітам» медресесі 1851-жылы салынған деген дерек дәлелді болады.

Медресенің салыну жайында Әрхам Кәкітайұлының «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде «Құнанбай ауылдары қыстауынан ерте қар алатегенек болып ери бастасымен көшіп Қызылжал, Найзатас, Ескітам дейтұғын күзеу қораларына қонады. Күз болса осы күзеу қорада қар екі-үш жауғанша отырады. Малдың қыс жайылатын жерін кейінге сақтайды. Бұл мезгілдерде суық киіз үйде балаларға оқу қиын болғандықтан, Құнанбай Ескітам деген мол судың басынан жиырма шақты бала сиып, жатып оқырлық медресе салғызып, Ғабитқанды шәкірттерімен сонда орналастырады», - деп жазады.

Ахат Шәһкәрімұлы өзінің «Құнанбай туралы» атты еңбегін медресенің қалай жұмыс жасағаны жайлы аз-кем деректі кездестіруге болады. «Қазақ балаларының оқығанын арман етіп көксеген Құнанбай өзінің күзегінен ең алғаш там салдырып сауын мал, азық жинап беріп, айналасындағы қазақ балаларын, өз балаларын оқытқан», - деп жазады А. Шәһкәрімұлы. Сонымен бірге аталған еңбектен оқу орнының алғашқы оқытушысы Мұхамед (Байдалының Сарымолдасы атанған) деген ноғай болғанын, кейін Ғаитханды қойғанын, діни кітаптар («Сламия», «Тәпсір», «Мұхтасар») мен қоса Шығыс әдебиетінің жауһарларын, ертегі, қисса кітаптарды жылына бір рет Ташкентке керуен жіберіп алдыртатынын біле аламыз.

Осылайша, заманынан асып туған Құнанбай өз медресесінде шаруашылық жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, оқу ісінде де өзіндік өзгешелік болғанын байқаймыз. Яғни, жиырма балаға шақталған «Ескітам» медресесінде шариғат ілімдерімен қоса фольклор, Шығыс әдебиеті, т.б. дүниеауи пәндерден де сабақтар беріліп тұрған.

Абай 8 жасынан 11 жасына дейін осы «Ескітам» медресесінде Ғабитқан (Қазақбай. – А. Шәкәрімұлы) молдадан тәлім алған. Аталған медресе Тобықтының елге үлгі боларлық көп ұланын білім айдынына шығарған.

Оразбек САПАРХАН

________________

[1] Абайдың ақын шәкірттері. Дайын.Қ. Мұхамедханұлы 1-кітап. –Алматы. «Дәуір». 224 б. 28-бет

[2] Ш. Құдайберді. «Қазақ, түрік һәм хандар шежіресі», 44-б.

[3] М. Әуезов. «Шығармаларының елу томдық толық жинағы». –Алматы. «Дәуір», «Жібек жолы», 2014 ж. 15-том: Мақалалар, зерттеулер, пессалар. 68-б.

[4] Сонда. 183-бет.

Бөлісу: