01
Жұма,
Қараша

һижри

Бауыржан Момышұлының ішімдік туралы насихаты

Бауыржан Момышұлының ішімдік туралы насихаты

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Бауыржан Момышұлы  өмірінің соңында балаларына ішімдікті дастарханға жолатпауды насихаттайды. Ол туралы батырдың келіні Зейнеп апа:  “Жақсы араласып жүрген бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болды. Сол кісінің жетісіне барып келгенімде атам:

– Иә, балам, қалай барып қайттың? – деп әңгіме сұрады. Мен кісілердің көп келгенін, дастархандарының мол болғанын, үй иесіне жұрттың риза екенін айтып бердім.

– Адам өлген соң көмусіз қалмайды, әйтеуір жүзі жабылады. Дегенмен, “орнында бар оңалар” дегендей, баласы артында қалып, жөн-жоралғысымен жақсылап жөнелткені дұрыс болған екен. Шындап келгенде марқұм үшін енді бәрібір, бұның барлығы тірілер үшін жасалатын нәрселер ғой, – дейді.

Кейде өзі күтпеген тосын нәрсені топ еткізіп айта салатын әдетін білсем де, өлім туралы салқынқандылықпен жайбарақат сөйлеп отырғаны біртүрлі денемді түршіктіргендей болды, бірақ үндемедім.

– Дастархандары таза болды ма? – деді атам.

– Иә, өңкей аппақ крахмалданған дастархан жауыпты, – дедім сөзді тура мағынасында түсініп, әрі неге олай сұрағанына таңданып қалдым.

– Ақымақтанба! Нені сұрағанымды білесің, – деді, көзінің оты жарқ етіп.

– Кешіріңіз, ата, шынымен түсінбей қалдым.

– Дастарханда ішімдік болды ма деп отырмын.

– Е-е, болды. Неше түрлісі болды, – дедім, сөз мәнісін енді түсініп.

Атам ештеңе демеді, әңгіме осымен бітіп қалды ма деп ойладым.Бірақ меніңше, атам жайдан-жай, текке әңгіме болсын деп бас-аяғы жоқ сөзді қозғамайды. Бастаған екен, қайткенде бір түйін түйіліп жатады. Атамды әрі қарай сөйлетпекші болып:

– Қазір молшылық кезі ғой, елдің бәрі осылай істейді, дәстүр болып кеткен, – дедім атам ондайды көрмей жүргендей білгішсініп.

– Дәстүр дейсің бе? Қай жеті атаңнан қалған мұра еді бұл дәстүрің? – деп дауысы ызғарланып шыға келгенде тілімді тістедім. – Дәстүр дейді ғой, дәстүр емес – жұқпалы ауру, егер түсінсең. Өлім – жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы.Біреуге ерте, біреуге кеш келеді.Уақыт шіркін, мидың ине көзіндей тесігінен құмсағаттай сырғып өте шығады. Смерть – это приговор природы, не подлежащий обжалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру – адамзаттың ұлылығы.Қалай десең де, өлімнің аты ызғарлы, тіпті асарын асап, жасарын жасап, немере, шөбере, туажат сүйіп өлсе де, тіршіліктен адам қайтады.Қурай сынды дей алмайсың.Суық қара жерге, қараңғы көрге мәңгі жалғыздыққа аттанады.Айналасындағыларды дір еткізіп, бір сәт алды-артына көз жіберуге мәжбүр етеді. Күйкі-күйбеңмен қоқыс дүние үшін кеткен асыл уақытына өзегі өртене өкініп, алдағы күнін басқаша барлайды. Той үстінде өкпелескен, өлім тұсында татуласады. Жүз көріспей жүрген ағайын арасындағы араздық осындайда ымыраға келіп, жымдасады. Тірілер тірлігіне іштей тәубе етіп, жарық дүниенің қадіріне жетуге тырысады. Қазір жас өлсін, кәрі өлсін марқұмның жүзін топырақ жасырмай жатып саусылдатып тізіп қояды. Қойылған соң ішіледі, ішілген соң кейбіреудің көзіне түйенің екі өркеші төртеу болып елестей бастайды. Қаралы үйде артық сөз туып та кетеді. Бөтелкені мөлтілдетіп тізіп, ән салып, ата-бабам өлім жөнелтпеген. Осыны ұмытпаңдар, – деді саусағын шошайтып.

Әке өсиетін, керек болса бұйрығын Бақытжан екеуміз бұлжытпай орындауға тырыстық. Атамның Ержанға қалдырған қара шаңырағының ақ дастарханын кең жайып, таза ұстадық”, – деп жазады “Шуақты күндерінде”.Бұл да болса үлкен адамның ата салты мен дініне жүрегінің мықтап байланғанын, тәубесіне келгенін көрсетсе керек.

Артында қалған өлеңдері мен баталары да соның дәлелі…

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: