01
Жұма,
Қараша

һижри

Саятшылық өмірдің бір қызығы

Дәстүр даналығы
Жарнама

Саятшылық, яғни құс салып аң аулау өнері де қазақ өміріндегі сирек кездесетін қызықты салт. Мұндай адамды құсбегідеп атайды. Құстың «тілін» білетін және оның мінез-құлқын, жан дүниесін, қасиеті мен табиғатын білетін адамдар бұрын көп болған. Олар қазір де бар, бірақ сирек кезедседі.

Құсбегілер көбінесе бүркіт, лашын, қаршыға, сұңқар, тұйғын, ителгі, қырғи сияқты жыртқыш құстарды ұстап аңға салып баулиды. Мұның бірнеше қыр-сыры, құпия-қызығы да өте көп. Құсбегілер көбінесе бүркіт ұстайды. Сыр-сипатына қарай оған ат қойылады. Жасына қарай олартастүлек, мұзбалақ, көк түбіт, май түбіт, барқын, баршын деп бөледі. Алғыр құстарды қыран, шәулі деп бағалайды. Құстың құндақ, тұғыр, балақ бау, томаға деп аталатын әбзел-жарақтары болады.

Құсты күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі бір ғылым десе де болғандай.  Мұның құпия сырын құсбегілер өте жақсы білген. Бабы келген бүркіт қыс қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қоянға түседі. Ал жаз кезінде қыран құстарын қаз-үйрек, қырғауыл, шіл, кекілікке салады.

Саятшылар мен аңшылардың күтетін ең сәтті күні сонар. Бұл күнгі аңшылық қызықтың орны тіпті бөлек. Баяғыда біреу «Атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар. Мұндай қызық қан сонар, маған қайдан табылар» деп атасы өлгенде де бұрылмай кеткен екен дейді. Сонар деп толассыз жауған қардың таң біліне тоқтап, күннің шайдай ашылып кетуін айтады. Жаңа жауған қарға түскен із тайға таңба басқандай сайрап жатады. Сонар үшке бөлінеді: ұзақ сонар, келте сонар және қан сонар.Мұның ішінде ең қызығы қан сонар. Бұл күні шыққан аңшының жолы болатыны айдан анық. Саятшылық қазақ халқының табиғаттың тыныс-тіршілігін, құпия сырын терең меңгергендігінің айғағы. Бұл зор өнердің қызығын саятшылардың өздері, ал игілігін халық көрген. Сөйтіп саятшылық – халықтың мұрат тұтқан арманы әрі өнері болып саналған.

Қазақ халқының тағы бір ғажайып өнерінің бірі – осы саятшылық, яғни құс алу арқылы аңшылық құру. Бұл өнер тіршілік қамы ғана емес, көңіл көтеру, бойға күш алу, қызықтау әрі спорт ретінде қазақ даласында тым ерте дамыған. Саят өнері ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «сегіз қырлы, бір сырлы» болуды талап етеді. Мұның өзі бірнеше жылға созылатын ғылым десе де болады. Саятшылар ел ішінде өте сыйлы, құрметті адамдар қатарына жатады. Олар кезінде осы құс салу арқылы ел-жұртты тамақпен (етпен), қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян терілерімен қамтамасыз еткен ел қамқоры, асыраушысы деп те саналған.

Саятшылардың аңға алатын ең негізгі құсы – қыран, бүркіт. Бүркіт – текті құс.  Оны сол бүркіттей жігіттер ғана ұстап, бабын келтіріп аңға салады. Бүркітті балапан кезінде тау басынан, құз қиясынан әдейі барып алады.

Бұрын ел жақсылары мен бай, би, серілер бүркіт ұстаған. Әлібек батырдың қыраны бір жылда 60 түлкі, 10 қарсақ, 12 қасқыр алған. Ұлы Абайдың Көкшегір, Қарашолақ деген бүркіттері болған. Сол Қарашолақты ұлы ақын Тулақ деген кісіден 10 шақты ірі қараға сатып алған.

Бүркіт өз иесін таниды, қарсы шаппайды. Найманда атақты Тіней атты құсбегінің Сарықұсы иесі өлгенде оның зиратының басынан кетпей, «құсадан» өлген. Саятшылар мен аңшылардың тағы бір сенімді серігі – тазы. Сидам, сыптығыр, әрі ұшқыр да жүйрік тазыларды иесі күтіп-баптап, таза, жылы жерде ұстап аңға шыққан. Са     йып келгенде саятшылық біздің халқымызға тән және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсіптік өнер әрі ол еліміздің әр іске, кәсіпке бейімділігін көрсетеді.

Бүркіт сыны

Жұқалау, көк тұмсығы келсе жалпақ,

Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.

Көз ауданы шүңіршек, кешкіл маңдай,

Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.

Топшысы келсе алдында жоғарылау,

Шалғысы құйрығында тұрса таяу.

Көкте ұшқыр, тұғырда шаңқылы жоқ,

Бір түлкіден болмаса басқаға жау.

Қолыңнан өзі түлеп ұшса самғап,

Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.

Дүниенің бір қызығы – қыран бүркіт,

Алыстан ат терлетіп тапсақ таңдап.

Шегір көз, қанды балақ, қыран бүркіт,

Бозбала, қапы қалма, малыңды іркіп.

Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,

Байланса қандай қызық қарға сілкіп.

Қара тіл, қанжар қияқ, қанға тоймас,

Қанша керіп тұрса да алмай қоймас.

Шұбартөс жиренді тауып салсаң

Ердің құнын берсең де бәсін жоймас.

                                                                     (Абай)

 

Материал Сейіт Кенжеахметұлының

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары»

кітабынан алынған

Бөлісу: