Аманат сөзінің асыл дінімізде алар орны ерекше. Осы бір ғана сөз адамның Алламен қандай байланыста екенін, оның ақыреттегі есеп-қисаптан қаншалықты қорқатынын көрсетеді. Аманат дегенде бірден қиянат сөзі еске түседі.
«Аманатқа қиянат жүрмейді» деген халық даналығы да бар. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, (жауапкершілігінен) қорықты. Оны адам қабыл алды. Шынында, ол – өте залым әрі надан», – дейді («Ахзаб» сүресі, 72-аят). Осы жерде адамның қабыл алған аманатының ауырлығы және оны орындау өте қиын екендігі меңзелген. Асыл дініміздегі аманттың түрлеріне хадистер арқылы тоқталып өтейік:
«Әйелдер – сендерге берілген Алла тағаланың аманаты» (Ибн Жәрир).
«Жұбайларыңды ренжітпеңдер! Ол – Алла тағаланың сендерге берген аманаты.» (Муслим).
«Жұбайының жасырын сырларын басқаларға айту – аманатқа қиянат жасау болып табылады» (Муслим).
«Қызын пасыққа (күнаһарға) берген адам Алла тағаланың аманатына қиянат еткен болады. Аманатқа қиянат еткендердің баратын жері – тозақ» (С.Әбәдийа).
«Кедейлік – аманат. Мұны жасырған адам ғибадат жасаған болады. Кедейлігін жария еткен адам да дін бауырларын қарыздар қылған болады.» (Ибн Асакир).
«Сөз – аманат. Жаман сөзді жеткізу (сөз тасу) халал болмайды» (Әбу Нуайм).
«Сендерге екі нәрсені аманат етіп қалдырып барамын. Оларға мықтап жабысыңдар (сөйтсеңдер) еш уақытта адаспайсыңдар. Оның бірі – Алланың кітабы – Құран, екіншісі – Сүннетім» - деген (Имам Хаким).
«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші - адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі – өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал, әйел - күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты,– деген. (Имам Муслим).
Әрбір аманатқа қиянат жасамау үшін әрдайым Алла Тағаланың Көруші, Білуші және Есеп алушы екенін әсте естен шығармаған жөн.
ummet.kz