01
Жұма,
Қараша

һижри

Ұлттық ойын – рухты ойын

Ұлттық ойын – рухты ойын

Дәстүр даналығы
Жарнама

Ағаш атты мініп, тақия төбелерді айнала шапқан ауылдың қарадомалақтарының аузынан дәмі кетпеген естелігінің ең тәттісі осы ойын. Батырлардың бекзада болмысын сомдап, қолдан қазылған көмбені қоршауға алып, жұлма-жұлмасы шыққан тулаққа таласатын сәттер сана түкпірінде қаттаулы. Баба жосынымен жүріп, мұрасын бойына қондырған ұрпақтың қанында бар қасиет қайда жүрсе де соңыңнан қалсын ба? Дәуір алмасса да ұлттық ойынға келген де әлі де делебеміз қозып отыратыны содан-ау!

Тасадан тап беріп, жағасына жар­масқанды, ожданына от бүркіп ошағын қиратқанды оңай жібермесі кәдік. Онда қаһарман халықтың тамырында бүл­кілдеген қызба мінездің қиып түсер қы­лышына соқтықтым дей беріңіз. Ал бұл ойынның салты бөлек. Өмілдірігін үзердей алқынған аттар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосқан балуан тұлғалы азаматтардың шабысты шағы. Әмбе мыңжылдықтарды мінбеге сүйреп, мысын басқан білекті де жүректі жігіттердің ерлігінің еленер сәтінен бір қойылым.

Ұлан-байтақ даланы уысында ұстап тұрғандай, тұяғынан будақ-будақ шаң төгіп қиқулаған сайын құстай қалық­таған тұлпар мен кедір-бұдыр жолда омақаса құлармын деген ойдан аулақ азаматтар. Алаң шетіндегі алаң-елеңге түскен жанкүйер көкпарға жарақтанған жігіттердің жанталасын, тебісінен тең­селе топқа кірген баран аттың бабын аңдағанда, наркескен намыстың буына балқитыны анық. Рух пен жігерді ұштастырған алып күшті екпіні алыс­тан барлаған жанның арқасы қозары сөзсіз. Адуынгер алып күшке сүйенген сыралғы спортты бабалардың қалай ойлап тапқанына таңғалмасқа шара жоқ. Әлем халықтары киіз үйді көріп, жасалуы мен құрылуын зерттей келе қазақтың кемеңгерлігін еріксіз бағалаған еді. Ал көкпар ойыны әлемге таныла бастағанда, жағасын ұстап үріккендер мен таңданысын жеткізгендер де табылып жатты. Бұл батыр бабалардың бүгінгі ұрпағы үшін зор мақтаныш. Шын­дығында қазақ халқы көкпар ойы­нын қалай ойлап тапты деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті сол додаға шы­дас беретін тек серке екенін дөп тап­қандары бүгінгілер үшін тынып жатқан тылсым дүние екені даусыз.

Әйтсе де бағзыдан із суытпай біз­­ге бұйырған дәстүрлі де дәріпті мей­ра­­мы­мыздың көрігін қыздырар көк­пардың шығу тарихы екіұшты. Салиқалы салтымызды сапыра келіп, қалам ұшында ой тербеген ғалымдар «көк-бөрте» қос сөзді қосақтап, яғни терісі жыртыл­майтын серкеден өрбітіп «көкпар» атауы берілген деп тұжырымдауда. Көп­ше күмілжіп, кібіртектемей, бұл тұста біз де ақиық ақын Мұқағалиша «Жа­зылмаған тарихымның жолдарын, Ауыз­екі аңызыңнан іздедім» деп тереңге тартып, көкпардың шығу тарихына дендеп көруді жөн санадық.

Өрісі төрт түліккке толған елдің қыс­­та қыстау, жазда жайлау жайлаған бел­гілі. Сол қыстаудағы шопан тірлігінің түлені – қызыл көз, қанды азулы қас­қыр. Ай қораланған күні қорасындағы тамақ­талған қойын көрген шопандар ширығып, талағы тарс айырылған деседі. Барлық қойшының басындағы нәубет болған соң, іргелес отыруға бекініп, түз тағысына не істеу керек деген сауал тастайды. Сөйтіп тұрақтарын бір жерден сайлаған шопандар, қораға түскен қасқырды атпен омыраулата қуып, сілесі қатқанда тақымдап тартып, қолын қол, бұтын бұт етуге дағдыланады. Қайсар қазақтың арғы бабалары қасқырдан қасқыр қоймай тақымдап, қинап өлтіріп, бертін келе көксеркеге ауысқан деген деректер кездеседі. Осы айтылған аңыздың жаны бар іспетті. Мал баққан елдің жауының бірі қасқыр екені рас. Ал мылтықсыз заманда қазақ қойын қасқырға талатып қарап отырмағаны шүбәсіз шындық. Сондықтан да көк­пардың шығу тарихы осы аңызға астар болатындай. Әрине, бұл да бір түйіп қояр тұжырым ғана.

Көкпар – көне ойын. Ауыл сыртын­да ат тұяғының дүбірі естілсе тыпыр­шып тұра алмайтын, бірден кермедегі тұлпарына тұрман салатын халықпыз. Ныспысы ұлттық ат спортына тартқан­мен, ойынның мән-мағынасы тереңге тамыр жаяды. Жаугершілік заманда ба­тырлық пен ептілікке бейімдеу, сарбаз жолдасы ысқырып жеткен оқтан опат болған жағдайда, ат үстінен өң­геріп алып, жат жерге, жау табанында қалдырмауға машықтанудың ең ың­ғайлы әдісі десек те болады. Өйткені шай­қаста шейіт кеткен ақсүйек немесе қолбасының сүйегін жау қолына беру, жалауының жығылғанымен тең. Сондықтан да көкпар тартып, майдан даласында орын алған тосын оқиғада тосылып қалмау үшін машықтанған секілді. Бұл біз білетін бір ғана сипат.

Әртүрлі деректердің басын қосып, көкпар ойынын түркі халықтарының ортақ мұрасына да балауымызға болатындай. Қазақ сахарасында ғана емес, көршілес қырғыз, моңғол, өзбек сынды елдерде де ойналады. Баһадүр бабалардан қалған ғажайып ойынымыз «дода көкпар», «сайыс көкпар» және «жалпы көкпар» болып үшке бөлінетіні атқа мініп, қазақы қанын тулатып жүрген жандарға белгілі. Ал аймақтықтан бас­тап халықаралық жарыстарға дейін өтілетін түрі «сайыс көкпар». Бұл әлем­дік аренаға сұранып тұрған спорт түрі десек те болады. Десе де, ат үстінде қа­зақ­тай қасқайып отыратын халық жоқ болғандықтан: «Бұл ойын емес, жаба­йы­лықтың асқан шегі», деген сараң пікірге салынып жүрген елдер де бар. Ер қанаты ат деп білген қазақтың алты жасар баласы ат құлағында ойнап, до­даға сексеннің сеңгіріне шыққан қа­рияның өзі тіксінбей тура кіреді. Бұдан кейін сіз көкпарды қазаққа телі­мей кө­ріңіз.

Шыны керек, бүгінде бір туған қыр­ғыз ағайындарымыз бізден шыққан ойын деп ортадан оңаша тартуда. Олар да атқа мініп, жамбы атқан жұрт болғандықтан таласқа түскісі келетіні заңды-ақ. Де­генмен Сүйінбайдан жеңілген Қата­ған­ды өмірде болмаған, бізде ондай ақын жоқ деп өткенін өшіргісі келетін қыр­ғыздардың қылығы қызық та бұзық. «Өркениет жоқ кезде өзгелерде, біздерде алтын, күміс, мыс та болған, темірін балқытып тұлпарына, үзеңгі соққан алғаш ұста қолдан», деп айтыскер Рүс­тем Қайыртайұлы айтқандай, әлемге шалбар кигізуді үйреткен қазақ еліне тән ойын екені даусыз. Сол себепті дәс­түрін дәріптеп жүрген азаматтарымыз көкпарды насихаттау мақсатында үлкен-үлкен жарыстар ұйымдастырып, жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Мұның өзі егемен елдің ертеңі мен бабалар аманаты жолында істелініп жатқан ғибратты іс. Біз өткенімізді дәріптеу арқылы бола­шаққа жол саламыз.

Аз-кем ақсақалдардың аузынан есті­ген әңгімемізді тарқатсақ. Әлқиса, сайыс көкпарға 25-30 кило серке тартылады екен. Бұл жарыстың есебі ашылу немесе қос команданың біреуі айқын басымдылықпен жеңіске жету үшін. Ал дода көкпарда 80 килоға дейінгі сер­ке салынады. Бұл ат үстінде екі аяқ­пен жүргендей сезінетін қазақ елінің ұлан­дары үшін ауырлық етпейді. Сайыс көкпардың жүлде қоры бүгінгі қомақты ақша болса, бұрындары дода көкпардың өтуі тіптен ерек болған деседі. Қос төбеде тұрған шенді-шекпенді бай-манаптар, жалпылай сынға түскен азаматтарға 1 түйе немесе басқа көлемдегі мал атап, серкені маған алып кел деп дауыстайтын көрінеді. Тойға жиылған небір сайыпқырандар топтасып емес, жалғыз тақымдап бай тұрған жерге лақты алып бару керек-ті. Жүз немесе мыңдаған тақымшының арасынан суырылып шығып, өзінің ептілігін көрсеткен жан бай атаған малды еншілеп кететін көрінеді. Бұл да қазақ халқының ерлігін паш ететін, азаматтың тұрқы бөлек толағайдай жан екенін даралап беретін көкпардың бір түрі.

Хош, қазақ халқының әрбір ұлттық ойынының астарына бойласақ, тылсым да тұнық, қаһармандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бастайтын небір сыр жатқандай. Тек соны бүгінгі ұрпаққа жеткізе білу лазым. Ал бүгінде атойламасақ та ат ойнатып жүргеніміз бабалар ізін жал­ға­ғанымыз болар. Рас, тақымында тұл­парын тулатқан, түркілердің айбынын асқақтатқан алты Алаштың азаматтары ұлттық ойынын ойнап, сәйгүліктің қадірін білмесе қиын-ақ. Алайда ел мерейін асырған шабандоздарымыздың саны жыл сайын артып, көкпар сайыс дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығына да шүкір. Жауын жер жастандырмай майдан даласын босатпайтын, атқа қонса атойлап алға шығар, тақымындағы тұлпары туласа талай елдің туталақайын шығарар жұрттың қанын қыздырып, жанын рахатқа бөлейтін көкпар ойыны әрқашан көздің қарашығындай қорғалып ғасырдан ғасырға жететіні ақиқат. Бұл – бабатанымның басты кредосы.


Мұхтар КҮМІСБЕК

Бөлісу: