Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді.
Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбыла болып қызмет етіп келеді. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.
Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, тәрбие мен білім жүйесінің, отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы тиіс.
Хакімнің «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әрқайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы-жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуіңде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде барлығын жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғылым.
Бұл мәселелер Абайдың осы әңгімесінде ғана емес, көптеген өлеңдерінде де сөз болады. «Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде Абай:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым - сол үшеуінің жөнін білмек.
«Қара» әңгімесі мен мына үзіндінің мазмұны бір. Екеуінде де ақыл, қайрат, жүрек, ғылым сөз болады. Әрине, әңгіме тек сөз болуында ғана емес, ақынның оларға қалай қарауында. Егер біз мәселеге осы тұрғыдан келсек, Абайдың өз идеясына беріктігін, қандай мәселені көтерсе де, мәселені жүйелі түрде қойып, қалайда оны оқырмандарының ой-саналарына жеткізуді ойлайтындығын, алған нысанасынан қыл елі таймайтындығын көреміз.
Абай ірі гуманист ақын дедік. Ол өзі өмірінің игілігін, өз бойындағы бары мен нәрін халық үшін, адам үшін жалпы адам баласының бақыты үшін жұмсауға тырысты. «Әкесінің баласы - адамның дұшпаны, адам баласы - бауырың»,- дейтін сөздері оның шығармаларының негізгі идеясының бірі болды. Демек бұл әңгімесінде де Абай жүректі, яғни адам - адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе - осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», - дейді. Бізше, бұл әңгіменің философиялық тереңдігі өз алдына, әсіресе жастар үшін тәрбиелік мәні зор.
Тап осы тәрізді, тағы бір үлкен мәселені қозғайтын шығармасы - «Отыз алтыншы сөзі». Әңгіме ұят туралы. Өз кезіндегі әртүрлі ұяттан, ардан безгендерлі сынай келіп, ұят, оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі - адамның жас кезінде, балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, екіншісі - жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялған ұялу - ақымақтық, жамандық», - дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.
«Ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», - дейді. «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да», - деп қорытындылайды ақын.
Ұят - адам болған жерде бола беретін мәңгілік нәрсе. Қандай қоғам болса да, әдеп, мінез-құлық, жүріс-тұрыс іс-әрекеттердің сол қоғам құрылысының заңына бағыныңқы белгілі бір нормасы (өлшем-шегі) болады. Сол нормаларды бұзу - ұят. Кейде ұяттың жалпы адам баласына ортақ түрі болмақ. Қай халықты алсақ та, ұятқа үлкен мән берген. Қазақта: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал да ұятқа үлкен мән бергендігін көрсетеді. Ұятсыздық - өмірдегі ең бір сұрқия қылық. Сондықтан да ұлы ақынымыз Абай бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, ұрпақтарының ар-ұяттарын таза сақтауын арман еткен. Бұл әңгімесінің күні бүгіннің өзінде де тәрбиелік мәні зор.
Абайдың кейбір қара сөздері қазақтың мақал-мәтелдерін талдауға, мәнін ашуға арналады. Мысалы, «Бесінші сөзі», «Жиырма тоғызыншы сөзі». Бұл сөздерінде ақын қазақтың мақал-мәтелдерінің ішіндегі ең теріс дегендерінің, жақсылыққа емес, жамандыққа тәрбиелейтіндерінің астарлы сынын ашады. «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», тағы басқа мақалдарды келтіреді де, оларға төмендегідей талдау береді.
«Бұл мақалдардан не шықты? Мәлім болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, бірақ бар білгені малдыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе, оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек», - дей келіп, «Жиырма тоғызыншы сөзінде»: «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма», - дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не терден сұрау керек қой...
Қазақтың ескі феодалдық қоғамының кертартпа көзқарасы «Ауру қалса да, әдет қалмайды», «Сүйекке сіңген мінезді жөндеуге болмайды» дейтін. Педагогика ғылымы, жер жүзінің ірі-ірі педагогтері мінез-құлықты түзеуге болатындығын да, түзеудің керектігін де ғылым жолымен дәлелдеп берді. Әдетті де тәрбие арқылы қалдыруға болатындығын көрсетті. Бұл мәселені кеңінен толғап, терең түсінген және сол жөніндегі прогрестік идеяға үндеген адамның бірі - Абай. Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім», - деген сөзі мінез-құлықты жөндеуге тәрбие жұмысының үлкен мәні барлығын қолдаушы адам болғандығын айқындайды.
Абайдың қара сөздерінің қайсысы болсын, үлкен ой, терең мазмұнға ие. Абай - ешкімнің заңдастырып алған жеке мүлкі емес. Ол адамзат, қала берді қазақ баласына ортақ тұлға. Әркім өз танымының ішкі терезесінің көлеміне қарай Абайды көре алады. Бір білетінім, жер бетінен ең соңғы қазақ жантәсілім еткенде Абай сөзі оның денесімен бірге суиды. Міржақыптың «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» деп отырғаны да осы. Неге дейсіз ғой? «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деген Құнанбай баласына енді ешқандай қаза жоқ.
Игілікқызы Ләйлім
«Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған» атты
шығармалар байқауының қатысушысы