Уа, балам! (Құрғақ ілімді ғана алып, алған іліміңді іске асырмай) амалда банкрот болып қалма. Хал (жүрек) ілімінен де бос болма (яғни, көкірек көзіңді ашар ілімнен де бос болма).
(Сөзіме) илан! Құр (теория жүзіндегі) білім - пендеге көмектеспейді. (Мұны бір мысалмен түсіндіріп өтелік) Мысалы, шөл далада беліне он шақты үндіс қылышын асынған, бес қаруы түгел, бір батыр жігіт келе жатыр делік. Егер оның алдынан айбатты бір арыстан шығып атылса, қалай ойлайсың, асынған қару-жарағын қолданбай, арыстаннан төңген қауіпті бертарап ете ала ма? Әлбетте, әрекет етпей, қаруын сермемей, арыстанның жаманшылығынан құтыла алмайтыны мәлім. Сол секілді, әлдекім жүз мың ғылыми мәселені оқып білсе де, онысын іс жүзінде амалға асырмайтын болса, оған оның еш пайдасы жоқ. Пайдасы, тек амал еткенде ғана болмақ. Тағы бір мысал: мәселен, бір кісі ыстығы көтеріліп, сары безгек ауруына шалдықса және оның емі «секенжеп» пен «кешкап» атты дәрілерін қолдану болса, ол екеуін қолданбай жазылмасы анық (ендеше, оқығанын көкейге тоқып, оны іс жүзінде көрсетпей, оқыған білімінің пайдасы болмайды екен). Мына өлең жолында айтылғандай:
«Екі мың литр шарап өндірсең де,
Ішпейінше мас болмайсың».
Сол айтқандай, жүз жыл ілім оқысаң да, мыңдаған кітаптар жинасаң да, Алла Тағаланың рахымына қол жеткізуге тек амал етумен ғана әзір боласың және лайық боласың. Алла Тағала: «Адам баласына тек жүгірісіне қарай беріледі...» - деген.
Мүмкін біреу Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Адам баласы қайтыс болғаннан кейін... оның үш нәрседен басқа барлық амалдары тоқтатылады...» деген сөзіне сүйеніп, аталмыш аяттың үкімі мәнсұх болды деп айтатын шығар. Олай деушінің өзі мәнсұх.
Мейлі, мәнсұх бола қойсын. Алла Тағаланың мына аяттарына не дейсің[4]:
«...Кім Раббысымен жолығуды қаласа, ізгі іс істесін..."
«...Жасаған істерінің қарымтасы ретінде...»
«...Тапқан табыстарының қарымтасы ретінде...»
«Шынында, иман етіп, ізгі амалдар істегендердің тұрақтайтын орындары Фирдаус жәннәті болады».
«... Тәубе етіп, иманға келген және ізкі іс істегендер басқа...» (т.б. аяттар).
Және де мына хадиске не дейсің:
«Ислам діні бес негізге қаланған: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.а.у.) Алланың жіберген елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазанда ораза ұстау және шамасы келген адамға қажылыққа бару».
Иман деген, тілмен (кәлиманы) айту, жүрекпен (Алланың хақтығын) растау және дене мүшелерімен амал жасау (немесе исламның бес парызын орындау).
Амал қылудың (яғни, оқыған ілімін іс жүзіне асырудың) маңыздылығына дәлел болар айғақтар өте көп. Пенде пейішке Алланың мейірімі мен кеңшілігінің арқасында кіретіндігі сөзсіз, бірақ ол үшін (Алланың кеңшілігіне қол жеткізуі үшін) пенде әуелі бойсұнып, мінәжат және құлшылықтарымен дайындық жасауы ләзім. Өйткені, Алланың рахымы – ізгі сүйерлерге жақын.
Осы орайда, әлдекім былай десе: «Құр иманның өзімен де пейішке жетуге болады ғой» деп айтса, оған берер жауабымыз келесідегідей: «Рас, иманның өзімен де пейішке жетуге болады, бірақ, қашан жетеді? Пейішке жетем дегенше, оған қаншама қиын кедергілер кезігеді! Сондай кедергілердің алғашқысы – иман кедергісі. Ол амалсыз (соңғы деміне шейін) иманын сақтай ала ма, жоқ па? Кедергілерден асып, пейішке жеткен күннің өзінде, ол - пейіштің «шығынға ұшыраған тұрғыны» ретінде саналмақ. (Яғни, дін бұйрықтарын орындамай құр иманына ғана сеніп келген кісі, пейішке кірген күннің өзінде «пейіштің дымы жоқ кедей тұрғыны атанбақ»). Хасан әл-Басрый (рахимаһуллаһ) айтады:
«Қиямет күні Алла Тағала пенделеріне: «Пейішке менің рахымымен кіріңдер. Ал пейіштегі дәрежені амалдарыңа қарай бөлісіңдер» дейтін болады» - дейді Имам Хасан әл-Басрый. (Егер жасаған амалы болмаса, пейіштегі нығметті несімен бөліспек?)...
материал Имам Ғазалидің «Уа, балам» кітабынан алынды,
ummet.kz