Бір күні Хазреті Жунәйд Бағдади теңіздің жағасын кезіп жүріп балықтарға жем лақтырып отырған мәжусиді (отқа табынатын адамды) көреді.
Араларында мынадай әңгіме болады:
- Не істеп отырсың?
- Сауап жинау үшін балықтарға жем лақтырып отырмын.
- Сенің сауап жинауың үшін алдымен иман келтіруің керек. Сен мұсылман емессің ғой, қандай сауап туралы айтып отырсың?
- Жарайды менің бұл балықтарға жем тастап отырғанымды сенің Алланың көріп тұр ма?
- Ол білмейтін, Ол көрмейтін ешнәрсе жоқ.
- Онда маған сол да жеткілікті.
Арадан 3-5 жыл өткеннен кейін Хазреті Жунәйд Бағдади қажылыққа барып тауаф етіп жүріп баяғы теңіз жағасындағы балықтарға жем лақтырып отырған мәжусидің де тауаф етіп жүргенін көреді. Хазреті Жунәйд Бағдади одан сұрайды:
- Мұнда не істеп жүрсің?
- Ол мені көрді.
- Қалай көрді?
- Сен кеткеннен кейін ішімде бір нұр жарқырай бастады. Бір қарағанымда балықтардың барлығы “шәһадат кәлимасын” айтып жатты. Ағаштарға қарадым олар да “шәһадат кәлимасын” айтып тұрды. Одан кейін мен де “шәһадат кәлимасын” айта бастадым. Сенің Раббың мені көрді, Ол көргені үшін мен осында келдім. Саған бір насихат айтайын: Жақсылық жаса теңізге таста, балық көрмесе де Халиқ (Жаратушы) көреді.
материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,
ummet.kz