01
Жұма,
Қараша

һижри

Сирия мүфтиі: Әр сәбидің қаны үшін Алла алдында сұраламыз (ВИДЕО)

Мақалалар
Жарнама

Ахмед Бадр әд-Дин Хасун. Ол – Сирия мүфтиі. 1949 жылы Алеппо қаласында дүниеге келген. Араб әдебиеті маманы. Шафиғи фиқһы бойынша әл-Азхар университетінде докторлығын қорғаған. 2002 жылы Алеппоға мүфти боп тағайындалды. Сирияның жоғары пәтуа мәжілісінің мүшесі, Халықтық мәжілістің жетінші және сегізінші шақырылымының мүшесі. Алепподағы Рауда мешітінің имам хатибы. Ахмед Хасуннің Еуропарламент мінберінен айтқан сөздерін бейне және жазба нұсқасын ұсынамыз.

Баршамызды Жаратушы Алланың атымен бастаймын!

Алла адамзатты бір балшықтан жаратты, бір топырақтан бар етті. Сонымен бірге, жан беріп тіршілік сыйлады. Баршамыздың өмірлік нәр алатын күшіміздің негізі мен әсілі бір. Адам баласы түгелдей – Алланың туындысы.  Сондықтан да, Сіздерге: Уа, Бауырларым! Уа, тегі бір бауырларым! Уа, жаны бір бауырларым! Уа, адамилық тұрғыдан бауырларым! деймін.

Құрметті төраға, Ханс Герт Пёттеринг! Құрметті парламент мүшелері! Мырзалар мен ханымдар! Мен өзім емес, сол өлкенің перзенті болуымды аспан қалап дүниеге келген елден келіп тұрмын. Ол жерді сіз бен біз – құтты жер деп атаймыз. Ол – Шам өлкесі. Бұл – Палестина, Ливан, Сирия, Иордания, Израил топырағы. Бұл аспаннан келген барлық руханиятты қабылдаған жер.

Құрметті мырзалар! Біздің жерде Ибраһим мекен еткен. Біздің жерде Мұса қауіпсіздік тауып, бақытты өмір сүрген. Біздің жерде Иса (ғ.с.) дүниеге келген. Біздің жерімізден ол аспанға көтерілген. Біздің жерге аспанға көтерілу үшін Меккеден Мұхаммед келген. Сондықтан, баршаңызға нұр сыйлаған бұл жердің қасиеттілін ерекше ұғынуды сұраймын. Біз Масихи, Ибрахими, Исауи және мұсылман ретінде аспанның үнін жер бетіне сәуле, нұр және бақыт етіп жеткіздік.

Мәдени диалогты жеткізуіме себепкер болған сіздерге, төраға мырзаға алғысымды білдіремін. Биылғы жыл – мәдениеттер жылы. Мен мәдениет сөзін ерекше баса айтқым келеді. Мәдениет – өркениет емес. Өйткені, өркениет – біреу-ақ. Мәдениет адамзат өркениетін байытып, молайтқан.

Құрметті мырзалар! Өркениет біздің адамзаттың туындысы. Өркениетті біз жасадық. Осы парламентті тек бір ғана масихи, яһуди, зиялы немесе мұсылман құрған жоқ. Парламентті адам баласы құрды. Бұл өркениеттің белгісі. Баршамыз бір ғана өркениеттің қышын қалаудамыз. Оның атауы – адамзат өркениеті. Сондықтан, біздің дүниетанымда өркениеттер соғысы деген ұғымды қабыл етпейміз. Ғаламдағы өркениет – жалғыз. Одан басқасы жоқ. Ал, мәдениеттер бір емес көп.

Ал, енді өркениет немен қақтығысып тұрғанына зер салайық. Өркениет – надандықпен, террормен, кері қалумен қақтығысуда. Өйткені, шынайы мәдениетті адам, оның діні қандай болса да, ол ортақ адамзат өркениетін құру үшін маған қолын созары анық.

Адамзат алғаш айға қадам басқан кезде Америкалық ғарыш зерттеу саласының мамандары кім екен деп іздендім. Сол замандардағы Кеңес дәуіріндегі мамандар. Олардың барлығы американдық немесе кеңес одағының азаматтары емес. Олар еуропалықтар. Неміс, итальян, француз, белгиялық, араб азаматтары еді. Міне, олар адамзаттың аяғын ғарышқа жеткізген ғалымдар. Тағы бір рет, өркениеттер қақтығысы деген ұғымды қайта қарастырайық. Бұл өте қауіпті түсінік. Мысырдағы пирамиданы салған біздің бабаларымыз. Чилидегі пирамиданы да салған бабамыз. Демек, өркениет – ортақ.

Екінші мәселе, өркениеттің өзіне тән діні бар ма? Әлде, адамзат өркениеті дінді жоғары құндылықтармен сусындандырады ма? Алайда, мұнда Ислам өркениеті, христиан өркениеті, яһуди өркениеті деген дүние жоқ. Дін – өркениетті жоғары құндылықпен байытады. Өркениетті біз адамзат қалыптастырады. Дін болса, Алланың жаратқаны. Демек, өркениет – біздің туындымыз, ал дін – Жаратқанның туындысы. Сондықтан, өркениетті белгілі бір атаумен шектемеуді сұраймын. Өркениет баршамыздың ортақ туындымыз. Дін – Жаратқандікі. Өркениетті сіз бен біз жасадық.

Сіз менен бөтен біреусіз ба? Сіз менен бөлек бір жаратылыссыз ба? Жоқ! Жануар бөтен. Ал, адамға адам бөтен емес. Дінің мен тілі қандай болса да, сен менің бауырымсың. Менің анам – сенің анаң, әкем – сенің әкең. Анамыз – жер, әкеміз – Адам (ғ.с.). Ендеше, жаңа ұрпақты тәрбиелеп өсірейік. Ол ұрпақ бөтен тек жануар екенін, ал адам қай дінде, қай мемлекетте болса да бауыры екенін  біліп өссін. Оның қаны – менің қаным, жаны – менің жаным, пікірі – менің пікірім, бостандығы – менің бостандығым. Ал, мәдениеті бөлек, бірақ онымен ортақ өркениет құрамыз. Сондықтан, біздің түсінікте діндердің бірнешеу екеніне сенбейміз. Діндер көп емес. Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед барлығы бір дінмен келді. Ол – Алланың ұлығылы мен адамзаттың – қадір-қасиетін насихаттайтын дін. Ал, шариғат, діни заңдар өз заманына сай әртүрлі болды. Шариғаттардың бірнешеу болуы мүмкін, ал діннің бірнешеу болуы мүмкін емес. Біздің Жаратушы мен сіздің Жаратушыңыз – бір Құдай. Біз Оған бойұсынып иман етушіміз. Сондықтан, діни соғыстың болуы мүмкін емес. Қасиетті соғыс деген ұғым жоқ. Қасиетті соғыс дегенге сенбеймін. Ешуақытта, соғыс – қасиетті болмайды. Тек, бейбітшілік қана – қасиетті.

Балаларымызға мектептерде, шіркеулерде, ғибадатханаларда, мешіттерде ғаламдағы шынайы қасиетті жаратылыс – адам екенін үйретейік. Кағба ғана қасиетті емес, Ақса мешіті ғана қасиетті емес, Меккенің қабырғасы ғана қасиетті емес, Қиямет шіркеуі де қасиетті емес. Әлемдегі ең қасиетті жаратылыс – адам. Мен үшін сәбидің қаны барлық адамзаттың қасиетті орындарынан биік.

Құрметті мырзалар! Мұны мен не үшін айтып отырмын? Өйткені, Кағбаны Ибраһим, адам тұрғызды. Меккенің қабырғасын яһуди тұрғызған. Қиямет шіркеуін масихи тұрғызған. Ал, адамды ше? Оны кім тұрғызған? Адам – Алланың құрылысы. Алланың жаратқанын бұзған қарғысқа қалады. Бүгін палестиналық сәби, израилдік сәби, ирақтық сәби өлтірілсе, ертең Алланың алдында баршамыз түгел сұраламыз. Өйткені, сәбилер Алланың жер бетінде жаратқан мүсіндері. Сол мүсіндерге қайта өмір бере аламыз ба, мырзалар!?

Иә, Қағба бұзылса ертең балаларымыз қайта тұрғызады. Ақса мешіті қираса немерелеріміз қалпына келтірер. Қиямет шіркеуі бұзылса, келер ұрпақ жөндейді. Алайда, бір адам өлтірілсе қайсы біріміз оны қайта тірілте аламыз?!

Мені осы мәжіліске шақырған Еуропаға алғыс айтамын. Маған араларыңызда тұрып өз сөзімді айтуға мүмкіндік беріп отыр. Мәдениеттер диалогы ешбір шекарасыз жүруге тиіс. Сол арқылы дін емес мәдениет негізіне құрылған мемлекет тұрғызылады. Өйткені, дін сенің мен Жаратушыңның арасындағы қарым-қатынасың. Ал, сіз бен мен жерде бейбітшілікпен мекен етейік. Сіз мені өз дініңізге, ал мен сізді өз дініме мәжбүрлемейік. Дін – біз бен Жаратушымыздың арасындағы қарым-қатынасымыз.

Біз және сіз адамзат өркениеті ортақ мұра екенін біліп өсетін жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығайық. Ал, ғаламда Алла Тағаладан кейінгі ең қасиетті дүние адам баласы мен оның бостандығы екенін білсін ол ұрпақ.

 

 

{youtube}_QqM4ychvA0{/youtube}  

 

 

Дайындаған

Руслан ҚАМБАРОВ,

Исламтанушы,

Дереккөзі: E-ISLAM

Бөлісу: