Суыт хабарды естіген хазірет Жақып қайғы үстіне қайғы жамады. Олардың сөздеріне де сене қоймады. Оның үстіне мысырлықтар өзінің әкелген шариғаты бойынша амал еткендеріне де көзі жетпеді. «Олай емес. Сендерді нәпсілерің бір іске қызықтырған екен. Енді маған сабыр сақтау керек. Бәлкім Алла олардың бәрін келтірер. Өйткені Ол – толық білуші, хикмет иесі»[1], – дейді.
Әйтсе де ол баласы Жүсіптен кейін Бунияминді де жоғалтып алғанына қайғырып «Қайран Жүсібім, оның ізінен кеткен кенже балам Буниямин!» деп көз жасын көлдетті. Жылай-жылай көздеріне ақ түсіп, жанары су қараңғы болды. Тоғыз ұлы әкесінің көз жасын көруге дәті шыдай алмай, ақырында: «Әке, Жүсіпті жоқтай-жоқтай күйіктен өртеніп өлетін болдыңыз. Неге өзіңізді осынша қинай бересіз?» дейді. Хазірет Жақып сонда: «Мен күйзелісімді де, күйінішімді де, Аллаға ғана шағамын. Әрі Алладан сендер білмеген нәрсені білемін»[2],–деп жауап береді. Көп өтпей хазірет Жақып тоғыз ұлын тағы шақырып алып: «Дереу қайтадан Мысырға барыңдар да, Жүсіп пен Бунияминді іздеңдер. Әсте Алла Тағаладан үміттеріңді үзбеңдер. Алладан кәпірлер ғана үміт үзеді», – деп, балаларын Мысыр еліне аттандырады. Олар қазынаның бастығы Жүсіп пайғамбарға барып: «Ей, әзиз кісі! Біз отбасымызбен бірге ашаршылыққа ұшырадық. Оған Бунияминнің қайғысы қосылғанда, бізде де, әкемізде де төзім қалмады. Әкеміз жылай-жылай көзіне ақ түсіп, жанары суалды Һәм астық алу үшін саған болмашы дүние ғана алып келдік. «Жақсылықтың қырқына шыдағанда, қырық біріне шыдамайсың ба? Сен бізге бұрынғыдай толық өлшеп бер. Бунияминді де бізге қайтарып бер. Сол арқылы жақсылық үстіне жақсылық істе. Сонда істерің босқа кетпейді. Аллаһ өз разылығы үшінжақсылық жасағандарды еселеп қайтарады», – дейді.
Хазірет Жүсіп олардың уайымға батып, жасаған істеріне әбден пұшайман халдерін көріп іштей жаны ашыды да, тағында отырған бойы: «Сендер Жүсіп пен оның бауырына не істегендеріңді білесіңдер ме?» – деп сұрады. Олар Мысыр елінің аса лауазымды бір мырзаның мына сөздеріне қатты таңырқап бір сәт тұрып қалды. «Мына мырза не деп тұр өзі? Тіпті мына дауыс таныс дауыс қой». Шамасы хазірет Жүсіп сол кезде Мысыр елінің тілімен емес, өз елінің тілімен сөйлеген болса керек. Оларға өзінің Жүсіп екенін айқын аңғартқан да осы, өз тілдері болуы мүмкін. Болмаса бұған біз туралы Буниямин айтқан ғой деп ойлауы да әбден мүмкін. Олар оған қарады да, Жүсіп екенін енді аңғарды. Бәрі ұялғаннан беттері дуылдап, салбыраған бастарын жерден алмады. Бір кездері өздері көйлегін сыпырып құдыққа тастаған жас бала енді бүгін алпауыт бір елдің қазынасын уысында ұстап отыр. Бұлар болса, оның алдында өте жалынышты халде. Бейне сүмірейген қайыршыдай. Бір кезде біреуі: «Сен шынымен-ақ Жүсіпсің бе?!» деп сұрады. Ол: «Иә, мен сол баяғы бала Жүсіппін. Мынау менің інім – Буниямин. «Хақ Тағала бізге шарапатын төкті. Кімде-кім жамандықтан сақтанып, пәлекет атаулыға сабырлық көрсетсе, Алла оның еңбегін зая қылмайды»[3], – деді. Олар кінәсін мойындап: «Алла Тағалаға ант етейік! Хақ Тағала сені бізден үстем етті. Расында, біз күнә жасадық», – деп, істеген істеріне қатты өкінді. Хақ пайғамбар: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Алла сендерді жарылқайды. Ол рақымдылардың ең рақымдысы»[4], – дейді. Хазірет Жүсіп оларды бұдан соң да бірнеше күн сыйлы қонақтарша жақсылап күтті. Олар інісі кешіргенмен өздерінің кінәсін, қазіргі оған кіріптар жағдайын ойлап мазалары әбден қашты. Бір күні төзімдері әбден таусылған олар дастарқан басында: «Жүсіп! Сен бізге түк болмағандай ізгілік жасап жүрсің. Ал, біз сенің алдыңда кірерге тесік таппай ұяттан өлер болдық,» - дейді. Жүсіп пайғамбар болса: «Жо-жоқ, қайта сендерге рахмет. Бір кездері қазына бастығы болған кезімде Мысыр халқы «Ой, тоба! Болмашы жиырма дирхамға сатылған бір құл қалайша бірден мынадай мәртебеге жетті. Қарадан шығып хан болмас», – деп әңгіме етуші еді. Ал қазір сендер арқылы үлкен абыройға кенелдім. Халық алдында мерейім үстем болды. Өйткені олар мені сендердің бауырларың екенін білу арқылы менің де Ибраһим атамның ұрпағы екенімді білді. Бұл күнде олар: «Е, бәсе, осылай болуы тиіс еді ғой. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген осы. Әр нәрсе өзінің тегіне тартады» деп қуанысып жүр. Осының бәрі сендердің арқаларыңда болды», – дейді.
Көп кешікпей Жүсіп пайғамбардың (а.с.) ағалары әкелерінен сүйінші сұрамақ болып жолға шықты. Хазірет Жүсіп сол сәт оларға өзі киіп жүрген көйлегін беріп, оны әкесінің көзіне сүртсе, суалған көздері шырадай жанатынын айтты. Әкесінің көзі ашылған бетте дереу Мысырға алып келулерін тапсырды. Хазірет Жүсіптің көйлегін жүзіне тигізу арқылы көзінің шипа табуы оның мұғжизасы еді. Әйтсе де әр пайғамбардың мұғжизасының астарында сөзсіз ғылымның негізі бар. Өткен жылдары бір мұсылман дәрігер осы мұғжизаға қатты таңырқап: «Не үшін көйлек, онда қандай қасиет болуы мүмкін?» – деп зерттейді. Ақырында, адамның көйлекке сіңген тер иісін алып дәрі жасап «катаракт» секілді науқаспен көрмей қалған жанарды емдегенде, расында шипа беріп, көзі көре бастайды. Жалпы Жүсіп пайғамбардың «Жүсіп» сүресіндегі қиссасын оқып отырсаңыз осы көйлек-жейде үш жерде кездеседі. Хазірет Жүсіптің құдыққа тасталу кезіндегі көйлегі, Зылиханың жыртқан көйлегі және әкесіне жіберген көйлегі. Ендеше бұл да өз алдына зерттелсе артық етпейтін тақырып.
Олар аманатты алып жолға шыққанына көп уақыт өткен жоқ. Бірақ сонау Канған еліндегі хазірет Жақып жылағанын қойып, жаны жадырап сала берді. Отбасы мүшелері мен халық оның мына қылығын таңырқай қарады. Хазірет Жақып оларға: «Дәл қазір мен Жүсіптің иісін сезіп тұрмын. Мені алжып есінен айырылды деп ойлап жүрмеңдер. Әлі-ақ көздерің жетеді», – дейді. Дегенмен халық: «Сен әлі де бұрынғы ойыңнан қайтпай қателесіп тұрсың. Сол Жүсіп бала күнінде өліп кеткен жоқ па еді?» – дейді. Жақып пайғамбардың сонау Мысыр жақтағы баласының көйлегінің иісін сезуі мұғжиза болумен қатар, оның ғылымға да берер кейбір ақиқаттары бар болуы мүмкін. Ғұлама Елмалылы тәпсірінде осы туралы айта келе, иістің ауа арқылы жетуінде осыған қатысты бір заңдылық бар. Егер осы заңдылықты табатын болса, ұзақтан адамдар бір-бірлеріне иісті де, соған ұқсас заттарды да жіберуі мүмкін дейді[5]. Осыны ғалымдар зерттеп табуы қажет. Тақырыпқа қайта оралсақ, көп ұзамай керуен де келіп жетті. Керуен тоқтағанда, Яһуда жүгірген бойда сүйінші сұрап, әкесіне көйлекті ұстатты. Әкесі көйлекті көзіне тигізгені сол екен, қос жанары шайдай ашылды. Жақып пайғамбар Хақ Тағаланың осы жақсылығына мадақ айтып, шүкіршілік білдірді. Ал, он баласы әкесінің алдында тізе бүгіп отырып: «Әкетай! Расында, біз үлкен күнә жасадық. Қазір соған қатты өкініп отырмыз. Біз үшін Хақ Тағаладан кешірім тілеңіз», – дейді. Жақып пайғамбар: «Жақында сендер үшін Раббымнан кешірім тілеймін. Өйткені адамдарға рақым етіп, күнәларды кешіретін Сол ғана»[6],– дейді.
Жақыптың (а.с.) көзі жазылысымен, ол балаларымен Мысыр еліне һижрет етті. Оларды қала сыртында хазірет Жүсіп және сол елдің патшасы Райян ибн Уәлид төрт мың әскермен күтіп алды. Әкесін көрген хазірет Жүсіп бала күніндегідей атынан түсіп жүгіріп барып оны құшақтай алды. Әкесі де баласын бауырына басып, көз жасын төгіп, маңдайынан иіскеді. Хазірет Жүсіп нағашы әпкесінің де келгенін көріп қатты қуанып, Хаққа шүкіршілік етті. Ол бала күнінде анасы қайтыс болғанда, соның қолында өсіп, ана орнына ана болып кеткен еді. Кейіннен хазірет Жақып оны өзіне жар етіп, некесін қидырған болатын. Сосын хазірет Жүсіп: «Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы Алла үшін сәждеге жығылды. (Жүсіп): «Әкешім! Міне, бала кезде көрген түсімнің жорамалы. Раббым маған көп игілік нәсіп етті: мені зынданнан құтқарды. Шайтан туыстарым мен менің арамды бұзғаннан кейін, сахарадан сіздерді кезіктіріп маған үлкен игілікке кенелдім. Күдіксіз,Раббым қалағанына өте мейірімді. Ол – толық білуші,хикмет иесі»[7],– дейді.
Осылайша әкелі-балалы кісілер бір-бірлеп көрісіп, мауқын басты. Алайда бұл дүние қашанда өткінші, жалған дүние ғой. Жалғанның жарын жағалап мың жыл ғұмыр кешсең де, күндердің бір күні сол жардан құлайтының хақ. Ақиқат дүние ол – ақырет әлемі. Бірақ пенде сол жалғанның қызығына алданса да, пайғамбарлар әсте алданбақ емес. Сондықтан сол әке мен баланың осыншама көрген бейнеті де одан кейінгі зейнеті де олардың пайғамбарлық уазипаларына қатысты. Демек, Жаратқанның жазғанына қарай Мысыр халқын имандылыққа шақыру үшін хазірет Жүсіптің қараңғы құдыққа тасталып, оның артынан болмашы ақшаға құлдыққа сатылып, одан кейін зынданға түсуі қажет болды. Ол сол зынданда жатып жылдар бойы елдің бұзақылары мен жаза басып жазықсыз түскен бейбақ жандарға имандылықты үйретті. Одан соң уәзір болып елдің ақсүйектерін имандылыққа жетеледі. Бүкіл Мысыр елі тұрмақ бір адамның иманға келуі үшін осындай бейнет көруі тиіс болса, олар осыған да дән риза болар еді. Иә, көп ұзамай уазипасы аяқталған кезде шамамен жиырма төрт жылдан кейін хазірет Жақып ақтық демі үзілуге таяғанда, балаларын шақырып алып: «Перзенттерім! Менен кейін кімге құлшылық қыласыңдар?», – деп сұрады. Олар: «Сенің Құдайыңа, аталарыңның Құдайына: Исмайыл, Ысқақтың жалғыз Құдайына құлшылық қыламыз» десті. Хазірет Жақып бұрын екі рет сөз алып, олар уағдаларын орындамаған еді. Олар әкелерінің алдында екі рет берген уәдеде тұрмай, жерге қараған еді. Сондықтан олар бұдан кейін берген уағдаларына өте сақтықпен қарап, пайғамбарға берген серттің қандай екендігін аңғаратын болды. Көп ұзамай хазірет Жақып қайтыс болып, әкесі Ысқақтың Шам жақтағы қабірінің қасына жерленді.
Жылдар зулап өтіп, күндердің бір күні хазірет Жүсіп пайғамбардың да уазипасы аяқталып, әкесіне келген ажал мұның да есігін қақты. Ол қос қолын жайып: «Уа, Раббым! Сен маған күш дарыттың, билік бердің. Қасиетті мәтіндерді түсіндіру мен түс жору ілімін үйреттің. Уа, көк пен жердің жаратушысы! Дүниеде де, ақыретте де ием, көмекшім бір Өзіңсің. Саған шынайы мойынсұнған құл ретінде жанымды алып, мені қайырлы, дұрыс адамдардың қатарына қосқайсың»[8],– деп дұға жасайды. Деректерде ол қайтыс болған кезде жүз жиырма жаста екені айтылады.
Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды
Ummet.kz
[1] «Жүсіп» сүресі, 83
[2] «Жүсіп» сүресі, 86
[3] «Жүсіп» сүресі, 90
[4] «Жүсіп» сүресі, 91-92
[5] Елмалылы, 4-том, 2920-бет
[6] «Жүсіп» сүресі, 97-98
[7] «Жүсіп» сүресі, 100
[8] «Жүсіп» сүресі, 101