01
Жұма,
Қараша

һижри

Ибраһим (а.с.)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Кейбір деректерде Ибраһим пайғамбар Ефрат өзеніне жақын жердегі Бабыл қаласында дүниеге келген. Ибраһим (а.с.) – әйгілі бес ірі пайғамбардың бірі. Һәм пайғамбарлардың атасы.

Осы пайғамбарлардың ішінде үш үлкен пайғамбар бар. Оның ақырғысы – хазірет Мұхаммед пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) .

Алла Тағала «Мәриям» сүресінде ол жайлы «Кітапта Ибраһимді есіңе ал! Ол шыншыл пайғамбар еді» (Мариам 41), –дейді.

Хақ Тағала Ибраһим пайғамбарға (а.с.) көптеген ерекшеліктерді нәсіп етті. Атап айтқанда, көптеген пайғамбарлардың атасы, тақуалардың имамы, елшілердің құрмет тұтар ұстазы болды. Алла Тағала оны елші мен хабаршы пайғамбарлардың арасынан таңдады. Оған «Халилур-Рахман» (Алланың досы) деген ерекше мәртебе берді. Құранда: «Оған Ысхақты, Жақыпты бердік және оның ұрпақтарына кітап, пайғамбарлықты нәсіп еттік. Һәм өзіне дүние сыйлығын бердік. Әрі ол ақыретте де салиқалы жандардың бірі болады» (Анкабут 27), –дейді.

Ибраһимнің (а.с.) мұншама қадірлі болуының өзіндік мәні бар. Мұхаммед пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сынақтың ең ауырына алдымен пайғамбарлар ұшырайды» (Типмизи, Ибн Мажа), – дейді. Ал Ибраһим (а.с.) ең үлкен пайғамбар және пайғамбарлардың атасы болғандықтан, оған келген сынақты заңғар таулар да көтере алмайтындай ауыр еді. Ол өз өмірінде көптеген қиыншылықтарға душар болды. Бірақ осының бәріне сабырлық сақтай білді. Осалдыққа берілмеді. Өмірдегі ең үлкен сынағының бірі баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жөніндегі аян еді. Ол осы сынақтан да сүрінбей өтіп, Раббысының құзырына шынайы құлшылығы мен асқан мойынсұнғыштығын, иманының беріктігін көрсетті. Сол себепті Құранда: «Шындығында, Ибраһим шынайы жүрек, тұнған тәухид сенімімен Алла Тағалаға бас иген жалғыз өзі бір үмбет, халық еді. Ол ешқашан мүшріктердің бірі болмады» (Нахл 120), –дейді.

Иә, Хақ Тағаланың оған мұншалықты баға беруі жайдан-жай емес. Ол – пайғамбарлардың әкесі, тақуалардың имамы, иманның рәмізі, сыналғанда сабыр еткен, жеңгенде шүкір еткен, Жаратқанға жақын құл еді. Сондықтан Құранда: «Алла Тағала Ибраһимді дос тұтты» (Ниса 125), – деп оның ұлы Жаратушыға жақындығы айтылады.

Бабыл халқы

Ибраһим пайғамбардың елі үш түрлі пұтқа табынатын:

Біріншісі сол елдің патшасы – Нәмрұд еді. Ол өзін тәңір санаған қатігез адам болатын. Байлығы мен малының қисабы жоқ-ты. Халық қуаңшылыққа ұшырап, оларға азық-түлік таратар кезде, алдымен «сен біздің тәңірімізсің» деген сөзді міндетті түрде айтқызатын. Задында, оның өзін «тәңір» санауының себебі, Жаратқанның берген байлығын көтере алмағандығынан еді.

Екіншісі – көктегі жұлдыздарға, ай мен күнге табынатын.

Үшіншісі – жердегі өздері қолдан жасап алған жансыз пұттарға табынатын. Тіпті кейбір деректерде көктегі әрбір жұлдыз үшін бір пұт жасап, бұл пұттар көктегі жұлдыз-тәңірлеріне баланып, олардан шапағат күтетін.

Міне, Ибраһим (а.с.) олардың осы үш түрлі пұттары жайлы Құранда үш жерде қисынды дәлелдер келтіріп, олардың қауқары жоқ түкке тұрғысыз екендігін айғақтап береді.

Ибраһимнің (а.с.) дүниеге келуі

Ибраһим (а.с.) дүниеге келместен бұрын, Нәмрұдқа сәуегейлер мен жұлдызға қарап бал ашатындар келіп: «Патшамыз! Жұлдыздарға қарасақ, осы жылы бір күтпеген оқиға болайын деп тұр. Осы бір жыл ішінде сенің еліңде бір бала дүниеге келеді. Ол бала халықтың дінін өзгертеді. Өзгертіп қана қоймай, сенің патшалығыңды да жермен-жексен етеді. Бірақ ол баланың кімнің отбасынан шығатынын білмейміз. Сондықтан осы жылы туатын барлық ұл балаларды өлтіруге жарлық бер!» – дейді.

Өз сәуегейлеріне мүлтіксіз сенетін, әрі тікелей өз басына қатысты мәселе болғандықтан, Нәмрұд дереуәр үйге бір күзетші қойып, ұл бала туылса, өлтіріп тастауға бұйрық берді.

Бұл маңда Азар есімді кісі өмір сүретін. Сол жылы оның әйелі жүкті еді. Бірақ оның жүктілігін ешкім байқамайтын. Патшаның бұл әрекетінен сескенген Азар әйелін алып Басра мен Куфа арасындағы бір ауылға жақын жердегі бір үңгірге жасырды. Көп ұзамай ұл бала дүниеге келді. Ол Ибраһим пайғамбар еді. Кейбір деректерде Ибраһим пайғамбардың мұхаррам айының оныншы күні дүние келгендігі айтылады.

Арада айлар жылжып өтіп жатты. Нәмрұдтың жүрегіндегі қорқынышы сейіліп, бірте-бірте бір кездері сәуегейлерінің айтқан сөздерін де ұмыта бастады. Сөйтіп, ол «бұл сәуегейлердің сандырағы» деп түсініп бұрынғы жарлығының күшін жойды.

Ибраһим (а.с.) бір жасқа дейін үңгірді мекен етті. Бірақ сол кездің өзінде ол сырттай қарағанда бір жастағы баладай емес, ересектерше мінез байқататын. Азар бір күні замандастарына келіп: «Менің бір балам бар. Оны осы күнге дейін жасырып өсіріп келемін. Егер оны сыртқа шығарсам Нәмрұдтың зияны тимей ме?» деп сұрап еді, олар: «Жоқ, Нәмрұдтың оны ұмытқанына қай заман. Ол өзінің жеке басының шаруасымен әлек», – дейді. Осыдан кейін Азар Ибраһимді үңгірден үйіне ертіп әкеле жатқанда, қараңғы үңгірден өзге еш нәрсе көрмеген ұлы жол бойы көзіне көрінген жанды-жансыздың барлығының атын сұрап әкесінің есін шығарды. Әкесі де оның сұрағына ерінбей жауап беріп келе жатты. Бір кезде үйіне жақындай бере Азар баласының мына бір сөзін естіп жағасын ұстады. Бұл кезде бала «Бұлардың сөзсіз бір Жаратқаны бар ғой», – деп күбірлеп келе жатқан еді.

Азар пұт жасап, оны базарға апарып сатып күнелтетін. Ибраһим пайғамбар асық ойнайтын жасқа жеткенде, әкесі оған өзі жасаған бірнеше пұттарды базарға сатып келуді бұйырады. Бала әкесіне қарсы келе алмай, амалсыз көнеді. Бірақ пұттарды құрметтемей, мойындарынан жіппен байлап базарға сүйреп барады.

Жұрт жас баланың бұл қылығын ерсі қабылдайды. Олар болған жайтты дереу әкесіне хабарлап, жайлап түсіндірді. Азар дереу базарға келіп баласының қылығын көріп, төбесінен жай түскендей состиып тұрып қалды. Ибраһим (а.с.) пұттарды шетінен тізіп қойып, оларға ыдыспен су ұсынып жатты. Бірақ олар қозғала қоймады. Әрі-бері әбігерге түсіп, ішкізе алмаған соң суды олардың төбесінен бір-ақ құяды. Әкесі оған ашуланып:

 – Балам! Бұл не қылғаның? – дейді. Бала Ибраһим:

– Әке, көрмейсіз бе? Пұттарға су беріп жатырмын, – дейді. Әкесі одан сайын ашуға булығып:

– Балам, олар су ішпейді ғой, – дейді. Сонда бала Ибраһим:

– Су іше алмайтын бұл неғылған тәңірлер, – деп жауап берді.

Бұл сөзі ұтымды еді. Сөйтіп бұл жолы әкесін де, айналадағы жұртты да уәжге жықты. Алайда оны тыңдаған әкесі болмады.

Осылайша жылдар зулап өтіп жатты. Ибраһим (а.с.) ел-жұртқа пұттардың түкке тұрғысыз екендігін дәлелдеп жүрді. Соңғы кездерде оған пайғамбарлық міндеті дежүктелген болатын. Халық Азарға баласының пұттарды мазақ етіп жүргенін айтып ескерту жасай бастады. Әкесі баласын шақырып алып, біраз насихат айтты. Айтқандарын үнсіз тыңдаған Ибраһим (а.с.) осы мүмкіндікті пайдаланып, алғаш рет әкесін дінге ашық шақыра бастады. «Сол уақытта әкесіне: «Әкешім! Естімейтін, көрмейтін, сондай-ақ өзіңізге ешбір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасыз? Әкешім! Расында, сізге келмеген ілім маған келді. Ендеше маған ілесіп, мен жүрген жолмен жүріңіз. Мен сізді тура жолға салайын» (Мариам 42-43), – дейді.

Аяттарға зер сала қарасақ, Ибраһим (а.с.) әкесін «сіз қараңғылықта қалып, жол таппай адасқан жансыз» деп кінәламайды. Қайта Хақ Тағаладан өзіне тура жол келгенін айтып жұмсақ тілмен жеткізеді. Әрі әкесін тура жолға түсіңіз деп қыстамайды. Мен әкелген тура жолыма кіргеніңіз мен үшін де, сіз үшін де пайдалы деп жылы сөзбен жеткізеді.

Осыдан кейін баласы Ибраһим оған: «Әкешім! Шайтанға табынбаңыз! Өйткені шайтан – Хақ Тағалаға қарсы шыққан әзәзіл» (Мариам 44), – дейді. Яғни табынған пұттары шайтанның оларды тұзаққа түсіріп, сонда мәңгілік азаптау үшін жасалған ойындары мен айла-тәсілдері екендігін, сол себепті пұтқа табыну шайтанға табынумен бара-бар екендігін ұзақ түсіндірді. Тіпті соңында шайтанға табынудың соңы оған дос болу, ал оған дос болған адам әсте Алла Тағаламен дос бола алмайтындығын, сол себепті мәңгілік жаһаннам отында қалатындығын айтты. «Әкешім! Пұттарға табынудың кесірінен Хақ Тағаланың азабына ұшырайсыз ба деп әрі шайтанға болысатыныңызды ойлап жүрегім сыздап қатты қайғырамын. Егер де сізге азап келетін болса, онда мәңгі тозақта қалғаныңыз. Өйткені Алланың қас дұшпанымен дос болу Алла Тағаламен мәңгілік қас болғанмен тең» (Мариам 45).

 Аяттарда «Уа, әкешім!» деген сөз бірнеше мәрте қайталанады. Бұл бір жағынан Ибраһим пайғамбардың әкесіне деген құрметі болса, енді бір жағынан оның азаптан құтылуы үшін соншалықты жалынышты үні, әкесін тура жолға салуға деген асқан құштарлығының белгісі.

Алайда Азар баласының айтқандарына құлақ аса қоймады. Қайта насихат айтып: «Әй, Ибраһим! Сен тәңірлерімнен бет бұрасың ба? Егер мұндай қылығыңды қоймайтын болсаң, әрине, сені тас боранның астына аламын. Әрі сен бұдан былай менен аулақ жүр» (Мариам 46), – деп жауап берді.

Ибраһим пайғамбардың жүрегіне әкесінің мына сөзі инедей шаншылды. Қатты күйзеліп жаны сыздаған ол әкесіне: «Әкешім! Сөзіме құлақ салып бір сәт болсын ойланып көрмедіңіз бе? Сіз менің әкем болған соң, қатты айта алмаймын. Ендігі жерде өмірден өтіп көз жұмғанға дейін, Хақ Тағалаға қол жайып, дұға қылып өзіңіздің тура жолға келуіңізді тілеймін.Мен ғаламзатты жаратқан ұлы Жаратушыға ғана мойынсұнып, Соған ғана қол жайып дұға тілеймін. Сіз үшін Хақ Тағаладан кешірім тілеп, истиғфар етемін. Мүмкін Ол менің дұғамды қабыл алып, күндердің күні иманға келерсіз» (Мариам 47) деп одан үміт үзбейтіндігін білдіреді.

Хақ пайғамбардың (а.с.) адам жүрегін тебірентетін бұл сөзі, әсіресе, кешірім тілеймін деуі әкесіне деген жанашырлығы мен иманға келсін деген көңіл қалауы ғана болатын.

Ибраһим (а.с.) сөзінде тұрып, әкесі көз жұмғанша иманға келер деп үміттеніп, дұға етумен жүрді. Бірақ әкесі Азар өле-өлгенше пұт жасап, сол өзі жасаған пұттарға табынып, солар үшін жанын құрбан етуге қашан да әзір еді. Ол өлген кезде, Хақ Тағала Ибраһим пайғамбарға оның кәпір күйінде кеткенін айтады. Осы сәттен соң Рақым пайғамбар әкесі үшін кешірім тілеуді, дұға етуді тоқтатты. Бұл жайында «Тәубе» сүресінде Алла Тағала: «Ибраһимның әкесі үшін жарылқау тілеуі, оған берген бір уағдадан аттап кете алмағандығынан ғана еді. Оған өз әкесінің Алланың дұшпаны екені белгілі болған кезде, ол дереу одан безді. Расында, Ибраһим қажырлы әрі жұмсақ мінезді еді» (Тәубе 114), – дейді.

Кейбір философтардың ойынша, адам – Алла Тағаланың жер-сахнасындағы ойыншық қуыршақтары. Жалыққан кезде қабірге лақтырып тастайды. Бұл осы пікірге ұқсас. Алайда адамның қуыршақ болмауының бірден-бір дәлелі оның ақылы мен еркінде жатыр. Адам өз еркі арқылы жамандыққа да, жақсылыққа да бұрыла алады. Тіпті кәпірлердің жаратушы Жаппар Иеге қарсы шығып, тіл тигізіп, Оны жоққа шығаруының өзі – пенденің қуыршақ емес, өз қалауынша әрекет ете алатын кеудесінде жаны, басында миы бар ерікті жаратылыс екендігінің айқын дәлелі.

Міне, Ибраһим де (а.с.) иманға келсін деп, әкесіне көп жыл дұға еткенімен, Азар өз ықтиярымен иманға келуді қаламаған соң, Хақ Тағала оған зәредей мейірімін төкпеді.

Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Қиямет күні Ибраһим әкесі Азармен кездеседі. Азардың жүзі қап-қара, үсті-басы шаң-тозаңнан көрінбей тұрады. Ибраһим (а.с.) әкесіне:

– Мен сізге дүниеде «маған қарсы шықпаңыз, менің жүрген жолыммен жүріңіз, сізге тура жолды көрсетейін деген жоқ па едім?» – дейді. Азар баласының айтқанын істемегеніне қатты өкініп:

– Бүгін саған әсте қарсы шықпаймын, – деп жауап береді. Осы кезде Ибраһим:

– Я, Раббым! Сен маған адамдар қайта тірілетін күнге дейін сені қор етпеймін деп уағда етіп едің ғой. Енді мына әкемнің халіне қара? Мен үшін бұдан артық қорлық бар ма? – деп қолын жайып жалбарынады. Алла Тағала:

– Ибраһим! Мен жаннатымды кәпірлерге харам еттім. Әкең кәпір болып өлді. Сен оның кесірінен өзіңді қор санама. Ибраһим! Анау екі аяғыңның астындағы не нәрсе? – дейді.

Ибраһим аяғының астына үңіледі: қан-қан қорқау қасқырды көреді. Хақ Тағала Азарды күпірлігі үшін осындай кейіпке айналдырып жібереді. Ибраһим әкесінің мына жан түршігерлік халін көріп, қатты күйзеледі. Азар сол сәтте тозаққа тасталады».

«Менің Раббым мынау ма?»

Ибраһим пайғамбар пұттарға табынудың бұрыстығын түсіндіріп, елін тәухидке шақыра бастады. Елі жұлдыздарға табынатын. Ибраһим (а.с.) небір қисынды дәлелдер келтіріп, пұттардың тәңір бола алмайтындығын түсіндірді. Бірде тіпті мынадай оқиға орын алды.

Бұрын да сан мәрте айтып түсіндіре алмаған соң, Ибраһим (а.с.) тың тәсілге жүгінді. Бірде елдің алдында дінді насихаттап тұрғанда, түн болып, аспаннан жұлдыз көрінген-ді. Сол сәт ол көктегі жұлдызды көрсетіп: «Осы ма менің Раббым? «Бәрімізді жаратты» деп жүргендерің мына жұлдыз ба?» деп елге сауал тастады. Насихатын атүсті тыңдап тұрған халық оның бұл сөзіне елең етіп, құлақ түре қалды. Олар «Менің Раббым мынау ма?» деген сөзді естігенде, Ибраһим (а.с.) халықтың сенімін қабылдады екен деп ойлап қалды. Шамасы, ол осы кезде дүйім жұртқа жалпы жұлдыздардың жаратылысы, жарығы, түнде адасқан жан соған қарап жол табатынын айтып, жалпы оның жаралу хикметі туралы сөз қозғаса керек. Оның жаратылғандығына назар аудартса да, соңғы сөзін өз көздерімен көрсін деп кейінге сақтады. Халық үйлеріне тарқады. Таң сәріде олар ерте оянып ісіне кірісе бастағанда, әлгі жарқырап көрінген жұлдыздың жарығы бірте-бірте азайып көз алдарында ғайып бола бастады. Сол кезде Ибраһим (а.с.) дауыстап: «Уа, халқым! Түнде мына жұлдыз аспанда жарқырап тұрғанда, мен сендерден: «Менің құдайым мынау ма?» – деп сұрадым. Сонда сендер: «Бәріміздің құдайымыз – осы!» – деп жамырасып едіңдер ғой. Ендеше, құдайларың қайда кетті? Неге ол түнде ғана көрініп, күндіз жоғалып кетеді? Көзден таса боп, жоғалатындар қайтіп құдай бола алмақ? Мен әсте көзден ғайып болатындарды жақсы көрмеймін» деп түндегі әңгімесінің астарын баяндайды. Халық түнде жұлдыздың жаратылғандығына назар аудартып, жаратылған нәрсенің сөзсіз бір Жаратушысы болатындығын насихат еткендігін енді аңғарды.

Ибраһим жұлдызды көрсеткен түні аспанда ай жоқ болатын. Ол әдейі ескі айдың жоғалып жаңа ай әлі тумаған түнде жұлдызға назар аудартқан еді.

Осыдан соң жаңа ай да туып, күн өткен сайын толыса бастады. Шамасы Ибраһим оларға көрсету үшін айдың он төртінші, он бесінші күндерін күтсе керек. Өйткені аяттағы «толған ай» осы күндерде толып кемеліне келеді.

Ендеше сол күткен күн де келіп, аяқталар мезгіл жеткенде, күн көкжиекке батты. Көп ұзамай аспанды қара шәлідей торлаған қараңғылық көкжиекті де бүркеп алды. Осы кезде көкте толған ай сүттей жарқырап жер бетіне нұрын шашты. Сол түні аспан әлемінде бір шөкім бұлт та жоқ еді. Ибраһим жиналған халық алдында айды нұсқап: «Әлде сендер айтып жүрген менің Жаратушым осы ма? Осы ғой шамасы, солай ма?!» – деп айқай салды. Халық тағы да жиналып сөзіне құлақ түрді. Ол шамасы айдың жұлдыздан әлдеқайда үлкендігін, сол себепті жер бетіне жұлдызға қарағанда жарығы да көбірек түсетіндігін айтып, оның да жаратылыс хикметіне назар аудартса керек. Бірақ халық оның бұл сөзін, әрине, «құдайымыз туралы жақсы сөз айтып жатыр» деп ұққандай болды.

Ертеңгісін оянып ісіне кіріскен шақта, Ибраһимнің (а.с.) айқай салған дауысы тағы да таңғы ауаны тіліп түскендей болды. Ибраһим (а.с.) халыққа қарап: «Уа, халайық! Қайда әлгі түнде жер бетіне нұр шашқаны үшін «құдайымыз» деп тәңір санаған толған айларың? Жаңа ғана көз алдымда алдымен жарығы әлсіреп, артынша өзі де бұлдырап көрініп тұрды да, мүлдем ізім-ғайым жоғалып кетті ғой. Ол құдай болса неге жоғалады? Кілең жоғалғыштар қалай ғана құдай бола алады? Осыған бір сәт ой жүгіртіп көрдіңдер ме? Бір Жаратқанның өзі сақтасын! Егер де сол Раббым маған тура жолды көрсетіп, жүрегіме иман ұялатпағанда, мен де сөзсіз адасып, шіркке ұрынар едім», – деп насихатын тамамдады.

Осыдан кейін көп ұзамай күн шықты. Күн шығысымен, көк аспандағы күллі жұлдыз да, ай да, түгелдей көзден ғайып болды. Жер беті жарқырап, күн шұғыласын шашты. Осы кезде Ибраһим пайғамбар тағы да дауыстап: «Уа, халайық! Әлде мынау ма менің Раббым? Бұл әлгілердің бәрінен де үлкен ғой. Жарығы көз ұялтады. Бірақ қайдам? Бұл да әлгілердің соңына түсіп жоғалып кетіп жүрмесе», – деді.

Күн түс әлетінде тас төбеде тұрып алды да, көп ұзамай батысқа қарай асығып бара жатты. Ақырында жарығы азайып, қызарып барып батты. Іле жер бетін меңіреу қараңғылық тұмшалады. Осы кезде Ибраһим (а.с.): «Уа, халқым! Қайда әлгі барлық құдайлардан үстем күн құдайларың? Әлгінде тас төбеге шығып жарығын шашып тұрып еді, ол да батысқа құлап ғайып болып, жоғалғандардың артынан кетті ғой. Жо-жоқ, халқым. Сендер өз-өздеріңді босқа алдамаңдар. Олардың бәрі құдай емес, қайта жер бетіндегі жанды-жансыз секілді сендерге Хақ Тағаладан берілген қызметшілерің. Олар күнде бір көрініп, бір жоғалу арқылы өздерінің әсте жоғалмайтын бір Жаратушысынан хабар беруде. Өйткені жоғалған нәрсенің қайта пайда болуы – оны қайта бар етіп жарыққа шығарған жалғыз Құдайдың бар екендігіне бұлтартпас дәлел. Ендеше тәубаға келіңдер!

Уа, халқым! Мен сендердің Раббыма серік қосқан барлық істеріңнен де, пұттарыңнан да, ойларыңнан да аулақпын. Мен әсте Раббыма ортақ қоспаймын. Мен ханиф, тәухидшыл болып жүзімді көк пен жерді һәм олардың ортасындағы барлық нәрсені жаратқан Хақ Тағалаға бұрдым», – дейді.

Осылайша хазірет Ибраһим елінің көктегі «тәңірлерінің» түкке тұрғысыз екендігін дәлелдеп, олардың әсте құдай бола алмайтындығын айқындап, кемшіліктерін беттеріне басты. Елі оның айтқан осынау ащы шындығына қарсы уәж айта алмай, бастарын салбыратқанымен, оның дінін қабылдамай, естімеген, білмеген адамдарша ескі әдеттерін жалғастыра берді.

Ибраһим пайғамбар осыдан кейін халықтың «құдай» деп санаған мүсіндері мен пұттарының шыбынның қанаты құрлы құны жоқ, мүлде қауқарсыз екенін айтып елін тәухид дінге шақырды. Ол бірде пұттардың басына жиналып оларға табынып жатқан халықтың қасына келіп:

– Мына жансыз пұттарды өздерің жасап алып, неге сонша бас ұрып табынасыңдар. Табынғандарыңмен қоймай, зар илеп одан жақсылық тілейсіңдер. Жерге түсіп кетіп шағылып қалса, «Құдайымыз шағылып қалды» деп жылайсыңдар. Олар бар-жоғы санадан жұрдай тас пен ағаштардың бөлшектері ғана ғой. Бастарыңа бір іс түскенде, осыларға келіп жалбарынасыңдар. Сонда солар сендердің дауыстарыңды ести ала ма? Қалайша жансыз заттарды көк пен жерді жаратқан ұлы Жаратушымен теңестіре аласыңдар? – деп сұрайды. Сонда олар:

–Бұларда сен айтқан ерекшеліктердің ешбірі жоқ. Бірақ ата-бабаларымыз неше ұрпақтан бері осы тас мүсіндерге табынып келген. Ендеше ата-бабаларымыздың жолын қалайша ұмытамыз?! Олар осыларды құрметтеп, кие тұтқанына қарағанда, біз білмейтін бір тылсым сыр немесе қасиеттің болғаны сөзсіз.

Хазірет пайғамбар олардың бұл жауаптарын есітіп көңілі құлазып, жүрегі сыздады. Сол себепті шыдай алмай халыққа дауыстап:

– Алла Тағаланың атымен ант етейін! Сендер де, ата-бабаларың да қатты қателескенсіңдер. Өйткені Жаратқанға жаралғанды теліп, оларға құлшылық еткендерге үлкен азап дайын тұр. Бәрің де жолдан тайып, күпірліктің құзына құлағансыңдар, – дейді. Одан кейін тәухидке шақырып:

«Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар да, Содан ғана қорқыңдар. Егер білсеңдер, осылай істегендерің сендерге әлдеқайда пайдалы. Алладан өзге табынғандарың сендерге ризық бере алмайды. Оған құлшылық қылыңдар да, шүкіршілік етіңдер. Күндердің бір күні сөзсіз сол жаққа қайтарыласыңдар. Егер сендер өтіріксіп сенбесеңдер, обалдарың өздеріңе ғана. Расында, сендерден бұрынғы елдер де сенбеген. Пайғамбардың міндеті Алланың аманатын орындапелге ақиқатты жеткізу ғана» (Анкабут 16-18) дейді. Елі оған жауап қайтарып:

 – Ей, Ибраһим! Сен қашанға дейін осылай елде жоқ жаңалықты шығарып біздің басымызды айналдыра бересің. Әлде де біз саған жанымыз ашып, түзелуге шақырып отырмыз. Отпен ойнама! Отпен ойнасаң, қолың күйеді, пұтпен ойнасаң, тәтті ғұмырың күйеді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген. Өз басыңа өзің пәле тілеме. Бір күні мына тәңірлеріміздің киесі ұрып, қаһарына ұшырайтын болсаң, ешқайсысымыз сені құтқара алмаймыз, – деп ескету жасап қорқытқан болды. Хақ пайғамбар:

– «Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» дегендей, мына пұттардың қолынан бір нәрсе келеді деп ойлайсыңдар ма? Маған бір пәле келетін болса, Раббымнан ғана келеді. Өйткені маған пәле, науқас жіберіп, одан соң айықтыратын сол Раббым ғана. Сендер ап-айқын ақиқатты көре тұрып, одан көпе-көрнеу теріс айналудан қорықпағанда сасық қиялдарың ойлап тапқан мына пұттарыңнан мен қорқуым керек пе?» деп уәж айтады.

Осыдан соң халық жаңа бір әдіске көшіп, хазірет Ибраһимді келемеждей бастады. Олар:

– Уа, Ибраһим! Сенің әкелген ақиқатың хақ па, әлде бізді ойыншық қылып келемеждеп жүрсің бе? Мұндай батылдық сенің бойыңда қашаннан бері пайда болған? Соншама кіміңе сеніп жүрсің! деп қытығына тиеді. Хақ пайғамбар:

– Жо-жоқ. Бұл ойларың дұрыс емес. Мен сендермен ойын ойнауға келген жоқпын. Өйткені иман мәселесінде айла, ойынға орын жоқ. Мен өзіме толық сенімдімін. Мына жансыз пұттарыңның сендерге әсте бақыт әкеле алмайтындығын, олардың тәңір де бола алмайтындығын қисынды дәлелмен айтып отырмын. «Раббыларың – көктер менжердің Раббысы. Солардың барлығын Өзі жаратты» (Әнбия 56). Ол – жаратқан нәрсесіне Өзінің қалағанын жасайды. Оның теңі де, серігі де болуы мүмкін емес, – деді.

Хақ пайғамбардың сөздеріне айтарға уәж таппай, мысы басылса да, халқы оның дініне мойынсұнғысы келмеді. Түк болмағандай баяғыша күн кешті. Ибраһим (а.с.) осыдан кейін бұлтартпайтын дәлелдермен пұттарының қауқарсыздығына олардың көзін жеткізбек болып, жаңа жоспар құрды.

Пұттардың қиратылуы

Бабыл халқының жыл сайын жаппай қырға шығып, ел болып тойлайтын мерекесі бар еді. Бұған еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін түгел қатысатын. Олар хазірет Ибраһимге де: «Бізбен бірге осы діни мерекемізге қатыс. Сол кезде біздегі сенімнің дұрыстығына көзің жетеді», – деді. Хақ пайғамбар жұлдыздарға қарап тұрып: «Мен науқаспын» (Саффат 89) деп жауап береді.

Бұны естіген халық Ибрахим жұлдыз тәңірлердің киесіне ұшырап кесел тапты. Тойымыздың шырқын бұзар, бәлесінен аулақ» деген ойға барды. Сөйтті де оны жалғыз қалдырып кетті.

Осы мүмкіндікті пайдаланған Ибраһим пайғамбар (а.с.) ойындағысын жүзеге асырмақ болып, қолына балта ұстап пұтханаға беттейді. Қызметшілеріне дейін тайлы-таяғымен мерекені тойлауға кеткендіктен, Ибраһим пайғамбар пұтханаға еркін кіреді. Әдетте, қауымы мерекеден қайтқан соң пұттардың құрметіне әзірлеген осынау жылы-жұмсақты өздері тауысатын. Хақ пайғамбар жансыз пұттарға астан ұсынып: «Ал, қанеки дәм алыңдар», – деді. Аздан соң «Сендерге не болған өзі, мүлдем тілден қалғансыңдар ма? Қане, бірдеңе десеңдерші?!» деп оларға шүйлікті. Бірақ бәрі де үнсіз. Пұтхананың іші толған тастан, ағаштан немесе балшықтан жасалған жансыз мүсіндер. Кәдімгі шебер ұсталардың қолтаңбалары. Әу баста қалай қойылса, қазір де міз бақпаған күйде мелшиіп тұр. Пенденің өзі жасаған жансыз мүсіндері неліктен өзіне үстемдік етіп, тәңір болуы керек? Бұл мүсіндер ұсталардың қолынан шыққан бұйым емес пе? Ендеше неліктен адамдар өз жасағандарына табынуы тиіс? Бәріне көз жүгірткен Хақ пайғамбар уақыт оздырмай екі білегін сыбанып, қолына балтасын алып, өзі тұрған жердегі пұттан бастап қирата бастады. Көп ұзамай ең үлкенінен өзге пұттар түгел қирап, Хақ пайғамбардың табанының астында жатты. Пұтхананың төрінде қирамаған ең үлкен пұт «қаңқ» етер түкті байқамастың кейпін киіп мелшиіп тұр. Хазірет пайғамбар қолындағы балтасын оның мойнына ілді, жолындағы қираған пұттардың сынықтарын басып-жаншып пұтханадан шығып кетті.

Ымырт үйіріле құмарынан шыққанша сайрандаған жұрт шат-шадыман кейіпте үйлеріне қайтып оралды. Осы кезде міндетін атқаруға оралған пұтхана қызметшісі табалдырықтан аттай бере әлдебіреу бір шелек мұздай суды төбесінен құйып жібергендей болды. Себебі пұтханадағы пұттардың барлығы күл-талқан боп қирап жатқан еді. Өңі-түсін айыра алмаған ол бір сәт сазарып тұрып қалды. Көз алдындағы қирап жатқан тәңірлерінің расында да быт-шыты шыққандығын аңғарды. Оның есін жиюына себепші төрдегі үлкен пұт еді. Ол оны кейіннен аңғарды. Төрдегі үлкен пұт «мыналарды мен өлтірдім, ал маған не істей аласыңдар» деп мойнына балта асына айбаттанып қарап тұрғандай. Есін жиған ол сыртқа теңселіп әрең шықты да, жан даусымен айқай салмақ болды. Алайда даусы қарлығып шықты. Сосын ол өз көзіне өзі сенбей қайта ішке кірді. Барлығы бәз баяғысындай. Бұл жолы: «Масқара! Масқара! Пұттар қирады, пұттар!» – деп бар дауысымен айқайлады. Көп ұзамай дауысты естіген адамдар жан-жақтан пұтханаға жинала бастады. Әркім өзінше күбір-сыбырға көшті. Ә дегенде бәрі де естерін жия алмады. Өйткені қысылғанда демейтін, мұңайғанда жебейтін, жалбарынса жүректегі бүкіл дертін емдейді деп ұққан тәңірлері табандарының астында қирап жатыр еді. Бір кезде біреуі даусын көтеріп:

Мұндай жауыздыққа қай жүрек жұтқан барып жүр? Біздің жарылқаушы пұттарымызды қалай ғана дәті барып қиратты екен?! деді. Сонда біреуі:

– Мұндай басбұзарлыққа бір-ақ адам бара алады. Ол – Ибраһим деген жас жігіт, – деп жауап берді.

 Бұны қасындағылар да мақұлдады. Иә, адасқан елдің пұттары мен пұт саналы ойларын Хақ Тағаладан жіберілген елшілер ғана қирата алатын.

Олар көп ұзамай хазірет Ибраһимге адам жіберіп пұтханаға шақырды. Хақ пайғамбар пұтханаға кіргенде, онда бір топ адамның жиналып өзін күтіп тұрғанын көрді. Пұттары қираған халық оған бір жағынан ашулы көзбен тесіліп қараса, екінші жағынан іштей «қайда барады дейсің, көп ұзамай мына пұттардың қарғысы тиеді» деп өз-өздерін жұбатты. Тіпті кейбіреуі: «Ойпырм-ай! Мына пұттардың киесі бізді де ұрып жүрмесін», – деп абыржып, қорқып та тұрды. Олар Пайғамбарға қарап:

– Тәңірлерімізді сен қираттың ба? – деп сұрады. Хазірет Ибраһим:

– Кім білсін? Мүмкін әне бір үлкенірегі істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса пұттардың өздерінен сұраңдар? – деді.

Олар осы кезде бір сәт жетелі сөзге жүгінгендей болды. Ибраһимді мойындап іштей: «Иә, біз ең үлкен әділетсіздікке барып өзімізге өзіміз қастық жасадық» деп ойлады. Бірақ өздерін күпірлікке итермелеген азғын күш оларды қайтадан бұрынғы адасқан жолдың жиегіне жетеледі. «Баяғы жартас бір жартас» баяғы әніне басты. Ибраһим пайғамбарға:

– Бұлардың сөйлей алмайтындықтарын сен де жақсы білесің ғой? Сөйте тұра неге бізге бұлай сұрақ қойып тұрсың? – дейді. Осы кезде Ибраһим пайғамбар:

– Сөздерің өте дұрыс. Ендеше, сендер АллаТағалаға бет бұрмай, зәредей пайдасы да, зияны жоқ нәрселерге несіне табынып жүрсіңдер? –деді.

Ашулы халық дереу оны тұтқындап, Нәмрұдқа хабар салды. Нәмрұд пұттарға табынбайтын, жаңа бір сенім, жаңа бір дін әкелген бұл жас жігітті көргісі келді. Алдына келген Ибраһим пайғамбарға қарап:

– Иә, айтшы қане, Раббың кім сенің? Сен сонда кімге бас иіп, кімге тағзым етесің? – деп сұрады. Пайғамбар:

– Менің Раббым өмірді де, өлімді де беру құдіретіне ие. Мұндай құдірет тек соның ғана қолында, – деп жауап қайырды. Нәмрұд сонда:

– Сол да сөз болып па? Өмір мен өлімді мен де бере алам. Егер сенің құдайыңның бар құдіреті осы болса, онда мені «құдай» дей бер, сенбесең көрсетейін, – деді де, дереу зынданнан өлімге үкімі шығарылған екі адамды алдыртып біреуін өлтіртті, енді біреуіне кешірім етіп босатты. Сосын Пайғамбарға бұрылып:

– Міне, көрдің бе? Біреуіне өлім, енді біреуіне өмір бердім. Ендеше Раббыларың менмін! –деп көкірегін қағып, тағына жантая кетті.

Нәмрұд Ибраһим пайғамбардың өлім мен өмір беру деген сөзінің астарын терең түсіне алмаған еді. Ол біреуді өлтіріп, енді біреуді тірі қалдырғанына мәз болып «тәңірмін» деп күпінді. Осы кезде хазірет Ибраһим:

– Сөзсіз Алла күнді шығыстан шығарады. Ал қанеки мықты болсаң, сен оны батыстан шығар, – деп еді, Ибраһимнен мұндай сөз күтпеген Нәмрұд жүні жығылып сілейіп тұрды да қалды.

Әсіресе, оның жанына ең қатты батқаны бұғанасы қатып, буыны қатаймаған бозбаланың дүйім елдің алдында «тәңірмін» деп даңғырлаған қуыс кеудесін бір ауыз сөзбен әп-сәтте қабыстырып тастағаны болды, сөйтіп, «ине жұтқан иттей» сүмірейді. Қара орман халқының алдында «аузынан сөзі, қойнына бөзі» түсіп, абыройы айрандай төгілді. Ұяттан жарылардай боп теңселіп әрең тұрды.

Осылайша хазірет Пайғамбар елінің табынған үш түрлі құдайының өздері секілді жаратылған мақұлық екендігін дәлелдеп, әбден адасқандығын ұғындырды.

Нәмрұд намысының тапталғанына қатты ызаланып, адамдарын шақырып, Ибраһимді қалай жазалау турасында ақылдасты. Ақырында былай деп шешті: «Жұлдыз құдайларын жоғалтқан, пұт құдайларын қиратқан, адам тәңірлерін ел алдында «жерден алып, жерге салғандығы» үшін «Раббым – жалғыз Жаратқан» деп өзгені менсінбеген осы жас жігітті алаулап жанған отқа лақтырып, өртеп өлтірмек болды. Сондықтан оған арнайы бір төбесі ашық ғимарат салынып, оның іші отынмен толтырылып, сосын от қойылып, Ибраһим пайғамбар сол отқа лақтырылатын болды. Осылайша пұттарға қарсы келудің ақыры немен тынатынын өзгелері біліп жүрсін, бұдан кейін ешкім де жаңа дін ойлап, оны халыққа жеткізбесін, ұрпаққа үлгі болсын» деді.

Олар осылай келісіп ғимараттың іргетасы да қалана бастады. Кейбір дерек бойынша бұл ғимараттың ұзындығы отыз аршын, ені жиырма аршын болған дейді. Ғимарат бітіп, ішіне отын толтырылып, от қойылды. От ат шаптырым жерден алаулап көрінді. Хазірет Ибраһимді алдын-ала әзірлеген манжаныққа салып лақтыруға әзірлене бастады. Осы кезде уахи елшісі – Жәбірейіл Хақ пайғамбардың қасына келді. Оған:

– Ибраһим! Бір нәрсе қажет пе? – деп сұрады. Хақ пайғамбар сонда:

– Жоқ, еш нәрсенің қажеті жоқ. «ХасбунАллаһу уа нимәл-уәкил» деп жауап берді.

Манжанық жебедей тартылып барып жіберілген кезде, Ибраһим пайғамбар лаулап жанған оттың ортасына гүп ете түсті. Бірақ осы кезде Хақ Тағаланың әмірі мен көмегі қатар келіп: «Ей, от, Ибраһимге салқын әрі қауіпсіз бол» (Әнбия 69), – деп жарлық айтылды. Осы жарлық бойынша от хазірет Ибраһимді ғажап рахатқа бөледі.

 Ибраһим пайғамбар осы оттың ішінде жеті күн жатты. Кейбір деректерде ол осы оттың ішіндегі өмірін меңзеп, «Жалған дүниеде ең тамаша күндерім сол оттың ішінде болған жеті күнім» дегені айтылады.

Хақ пайғамбардың оттан шығуы

Хазірет Ибраһим отқа лақтырылғалы бері жеті күн өтті. Нәмрұд та оның халқы да осы жеті күн ішінде оны отқа жанып, әлдеқашан тозаңға айналып кетті деп ойлап, соның құрметіне ұлан - асыр той жасап жатқан еді. Жеті күннен соң от әбден сөнді-ау дегенде, Нәмрұд патша халқымен бірге, барлығы Пайғамбардың күлін көргісі келді. Бірақ олар арыстанның апанына кіріп кеткендей естері шықты. Ибраһим (а.с.) ештеңе болмағандай, оттың ішінен шығып келе жатты. Олар осындай ғажап мұғжизаны көрсе де, көрмеске салып, өз жайларына кетті. Кейбір деректерде аз ғана адамның иман келтіргені айтылады. Дегенмен осы кезде немере ағасының қызы Сара мен інісі Харранның баласы Лұттың иман келтіргені туралы көп мәліметтер кездеседі.

Кейбір дерек хазірет Ибраһим отқа лақтырылған кезде жасы он алтыда десе, кейбір деректе жиырма алтыда болған дейді.

Хақ пайғамбар осыдан кейін де халқын тура жолға жетелеу үшін қара тұяғынан хал кеткенше тырысты. Бірақ алға жығыл десе, артқа жығылатын кертартпа халық, тіпті кері кетті. Ибраһим пайғамбарға айтар ешқандай татымды сөзі қалмаған соң олар ебін тауып Ибраһимды келемеждейтін немесе соққыға жығатын. Хақ пайғамбар осының бәріне төзді. Ең соңғы рет жүрек жарды сөзін айтып ақиқатқа шақырды. Бәрібір кері кеткен халық оны теріс қабылдады, тіл тигізді, келемеждеді. Сонда ол еліне: «Уа, халқым! Сендер менің тура дінімді жоққа шығардыңдар. Ендігі жерде сендермен, сірә, басымыз біріге қоймас. Сендер жалғыз Хақ Тағалаға иман келтіріп, пұттардан бас тартанға дейін осы жаулық пен қастық жалғаса бермек. Біз бәріміз бір елдің баласы болсақ та, сендер жалғыз Жаратқанға қарсы шыққан соң, туыстығымыздың ешбір маңызы қалмады. Өйткені иман мен күпір әсте бірге бола алмайды. Ендеше бірінің жүрегіне иман ұялаған, енді бірінің жүрегін күпір жайлаған ағайындылар ешқашан бір-біріне жақын бола алмайды. Қай кезде сендер пұтқа табынғандарыңды қойып, Хақ Тағалаға сәжде етсеңдер, сол сәттен бастап арамыздағы жаулық достыққа, қастық сүйіспеншілікке айналады» (Мумтахана 4), – дейді.

Хазірет пайғамбар және өзіне иман келтіргендер осыдан кейін мүшрік туыстарымен қарым-қатынастарын біржолата үзді. Хақ пайғамбар осы күнге дейін елінен көп жапа шеккен еді. Өзіне иман келтірген аз ғана мұсылманның жағдайы тым нашарлап кетті. Сол себепті оның хижрет етуі туралы Хақ Тағаладан уахи келді. Ол еліне: «Мен Раббымның маған әмір еткен жеріне кетемін. Раббым маған жол көрсетеді» (Саффат 99), –дейді.

Нәмрұдтың өлімі Хақ пайғамбар кеткен соң, Нәмрұд есін жиып тәубаға келудің орнына одан сайын есіріп, алтын тақтың буына мастанды. Ол өзін мәңгібақи осылай өмір сүре беремін деп ойлады. Бірақ бір күні аңдаусызда танау тесігіне шыбын кіріп кетеді. Бұл Хақ Тағала әдейі жіберген шыбын болатын. Нәмрұд дереу мұрнын біресе қағып, біресе шертіп шыбынды шығармаққа тырысты. Шыбын мұрын қуысы арқылы миына жылжи бастады. Ол қыбырлап жүрген сайын, Нәмрұд бақырып, аласұрып, жанын қоярға жер таппай қиналды. Осыдан кейін ол басын қабырғаға ұра бастады. Бірақ ол қанша жанталасқанымен ештеңе өнбеді. Осыдан кейін ол қызметшісіне дәл маңдайынан дәлдеп ұруға әмір әтті. Алайда қызметшісінің оны ұруға батылы бармады. Нәмрұд «ұр» деп көзі шатынап айғайлағанда барып, оның маңдайын жұдырықпен ұра бастады. Жан-жағында уәзірлері мен отбасындағылар емшілері шарасыз күйде ентелесіп тұрды. Осы шақта шыбын да басқуысын кеулеп миына жетіп қалған еді. Миына жақындаған сайын, Нәмрұдтың жаны көзіне көрінді. Жаны әбден қиналып, не істерін білмей абдыраған ол, ақырында, қызметшісіне «темір шоқпармен» ұр дейді. Қызметшісі темір шоқпармен бір-екі мәрте ұрған кезде, Нәмрұд жерге сылқ етіп құлайды, тыпырлап жатып жан тапсырады. Осылайша көп жылдар бойы халқына өзін «тәңірмін» деп жар салған Нәмрұд бір шыбынға да шамасы келмей, жұрт алдында қауқарсыздығын көрсетіп, мүрдем кетті.

(Материал Қ. Сейтұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: