01
Жұма,
Қараша

һижри

Қырық хадис жаттаудың артықшылығы

Қырық хадис жаттаудың артықшылығы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбу Һұрайрадан риуаят етілгеніне қарағанда Расулулла (с.а.у.) былай деген:

«Үмбетімнің ішінен дін мәселесінде пайдаланылатын 40 хадис жаттаған адам, қиямет күнінде ғалымдармен бірге тіріледі». Осы хадис басқа бір риуаятта, Расулулланың сүннетінен 40 хадис жаттағандар қияметте елшілермен бірге тірілетіндігі білдірілген. Осы мәселеде Бәра ибн Азибден (р.а.) келген басқа бір хадиске қарағанда, Расулулла былай деген: «Кімде-кім өзінің әрі өзгелердің пайдаланатын екі хадис үйренуі, алпыс жыл (нәпіл) ғибадат қылғанынан қайырлы».

Кәсир ибн Абдулла әкесі арқылы атасынан мына хадисті жеткізген: «Ислам жапа-жалғыз келді, ілгеріде қайтадан сол жапа-жалғыздыққа қайтады. Сол жапа-жалғыздар нендей бақытты!» Расулулладан «олар кімдер екен?» деп сұралғанда «Мен қайтыс болғаннан кейін сүннетімді жандандырып, оны Алланың құлдарына үйрететіндер» деп жауап берді.

Басқа бір риуаятта Расулулла (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім менен кейін жойылып кеткен бір сүннетімді қайта жандандыратын болса, сол сүннетті орындағандарға берілген сауаптай сауап алатын болады; олардың сауабынан ешқандай нәрсе кемітілмейді».

Хазірет Алиден (р.а.) риуаят етілген бір хадиске қарағанда Расулулла (с.а.у.) былай деген: «Үмбетімнен кімде-кім дінге байланысты 40 хадис жаттаса, Алла Тағала оны қияметте фақиһ ретінде тірілтеді. Оған мен де шапағатшы болып, ол үшін куәлік етемін». Мақдиси осы хадиске ұқсас бір хадисті Әбуд-Дәрдадан (р.а.) мәрфу түрінде риуаят еткен.

Ибн Аббас та осы тақырыпта Расулулланың былай деп айтқанын жеткізеді: «Үмбетімнен кімде-кім сүннетіме байланысты 40 хадис жаттаса қиямет күні оған шапағат етемін».

Хазірет Алиден (р.а.) риуаят етілгеніне қарағанда Расулулла (с.а.у.) былай деген: «Менің, асхабымның әрі менен алдынғы пайғамбарлардың халифаларын сендерге айтайым ба? Олар Алланың разылығы үшін Құранды және менің хадистерімді жаттағандар».

Хазірет Али (р.а.): «Құранда негізі айтылмаған ешқандай білім жоқ. Алайда адамның танымы сол білімді түсінуге шамасы жетпейді» деген.

Жүнәйд былай деген: «Расулулладан алынған хадистерге сай амал етіп, оның ізімен жүргендерден басқаларға, Аллаға баратын жол жабық. Алла Тағала «Сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» деген».

Абдуррахман ибн Мәһди (ө. 198/813) сүннеттің маңызын былай білдірген: «Адамның хадиске мұқтаждығы, ішіп-жейтін тамағыңнан да артық. Өйткені хадис, Құранды тәпсірлейді».

Бір сахабадан риуаят етілгеніне қарағанда Расулулла (с.а.у.) былай деген: «Үмбетімнің соңында бір топ келеді, оларға өздерінен бұрын өткендер сияқты сауап беріледі. Олар жамандыққа қарсы тұрып, бүлік шығарғандармен соғысады».

Ибраһим ибн Мұса «ол қандай топ?» деп сұрағанда, «Расулулла (с.а.у.) былай істеңдер, былай істеңдер» деген, деп айтатын хадисші ғалымдар», деп жауап берді.

Ахмет ибн Ханбалға Алланың жер бетінде «ең абзал» деген құлдардың бар-жоқтығы жайлы сұралғанда, «Иә, бар» деген. Олар кімдер деп тағы да сұрағанда, «Егер хадисші ғалымдар жер бетіндегі Алланың ең абзал құлдары болмаса, оған халифа боларлық адам жоқ деп есептеймін» деп жауап беріпті.

Ибнул-Мүбарак, «Үмбетімнің ішінде үнемі шындықтан айнымайтын әрі қияметке дейін де оларға дұшпандары қиянат жасай алмайтын бір топ болады» деген хадистегі айтылған топтың «хадисшілер» екендігі білдірілген. Ибнул-Мәдинидің көзқарасы бойынша да осы топ, хадисшілер мен Расулулланың жолымен жүрген әрі білімді қорғайтындар екендігі айтылған. Егер олар болмағанда Муғтәзилә, Рафиза, Жәхмия, Мүржия мен Ақылға сүйенетін мәзхабтар мұсылмандарды жойып жіберер еді.

Ибн Мәсғуд пен Әбу Зәрдің (р.а.) риуаятына қарағанда Расулулла (с.а.у.): «Алдағы уақытта өте сабырлылық таныту қажет болатын күндер келеді. Осы күндерде дәл қазіргі жағдайын жалықпай жалғастыра алған адамға 50 адамның сауабы беріледі» деген. Сахабалар «50 адамның сауабы бізден бе әлде олардан ба?» деп сұрағанда, хазірет Пайғамбар «Сендерден 50 адамның сауабы беріледі» деді. Осы хадистің ұқсасы ибн Омардан да риуаят етілген.

Әбу Жәлд былай деген: «Адамдарға әрбір 40 жылдың басында «Құмқұм» деген бір шайтан келеді. Сосын адамдардың ұстанатын бір бидғатшығарады».

Бұхари мынадай бір оқиғаны айтып береді: «Ибн Абдилланың үйінің есігінде үш немесе төрт адам күтіп тұрды. Ибн Абдилла бізге «Дұшпандардың ешқандай зиян тигізе алмайтын әрі шындықтан айрылмайтын бір топ қияметке дейін болады» деген хадистегі айтылған топ, сендерсіңдер. Өйткені саудагер саудамен, өнерші өнерімен, басшы басшылығымен айналысып жүргенде, сендер Елшінің (с.а.у.) сүннетін жандандыруға ат салысып жүрсіңдер» деді.

Ибн Уәһб, Мәлік ибн Әнәстің өзіне былай дегенін айтады: «Сүннетке қарсы келмеңдер; керісінше оған тәслім болыңдар».

Кәһмәс әл-Хәмаданидың былай деп айтқаны риуаят етілген: «Сүннетпен жүріп әрі ары қарай жалғастыруды қалайтындардың «діннің қорғанышы» екенін мойындамайтындар, Алланың дінін өздеріне дін ретінде ұстанбайтын бейшаралардың қатарына кіреді. Алла Тағала Елшісіне «Алла, сөздің ең көркемін түсірді»,345 Расулулла да (с.а.у.): «Жәбрейіл (а.с.) маған, Алладан алған сөздерді жеткізді» деген».

Сәури хадисшілер мен періштелерді мына нәрсеге ұқсатқан: «Періштелер аспанның, хадисшілер жер бетінің күзетшілері». Уәки болса былай деген: «Кімде-кімнің өзін нәпсілік қалаулардан алшақтатандай дәрежеде хадистерден хабардар болуы ол үшін үлкен табыс».

Ахмет ибн Синан мына бір оқиғаны жеткізеді: «Уәлид әл-Кәрабиси маған нағашы болып келетін. Ол дүние салар алдын ұлдарына, «Сендер кәлам білімін менен артық білетін адамды танисыңдар ма?» деп сұрады. Ұлдары «Жоқ, танымаймыз», деді. Кәрабиси сөзін жалғастырып, «Жарайды, мен жайлы жаман ойлайсыңдар ма?» деп сұрады. Ұлдары «жоқ» деді. Кәрабиси «Олай болса сендерге өсиет айтсам қабылдайсыңдар ма?» деді. Ұлдары «Әрине, қабылдаймыз» дегенде, Кәрабиси «Сендер хадисші ғалымдарға еріңдер. Өйткені мен, әрдайым олардың шындыққа сай жүргендерін көрдім» деді».

Ахмет ибн Ханбал Қатаданың мына сөзін риуаят еткен: «Уаллаһи, кімде-кім Елшінің сүннетінен бет бұрса міндетті түрде құрып кетеді. Сендерге сүннетпен жүріп, бидғаттардан сақтануды әрі фиқһты үйреніп, күмәнді нәрселерден алшақ жүруді өсиет етемін».

Хаким Абдуррахман ибн Әбзаның мына сөзін риуаят еткен: «Мұсылмандар хазірет Османға қарсы шыққанда Убәй ибн Қағбтан, мына бүліктен қалай құтыла алатындығымызды сұрадым. Ол былай жауап берді: «Алланың кітабы мен Елшісінің сүннеті арқылы құтыла аламыз. Кітап пен сүннеттің ашық әрі түсінікті сөздерімен амал етіңдер. Түсіне алмаған мәселелеріңді ғалымдардан сұраңдар». Тағы да Хакимнің риуаятына қарағанда Али ибн Әбу Талиб (р.а.) былай деген: «Кейбір адамдар ибн Мәсғудқа келіп, оны мақтай бастады. Мен де олардың сөздерін артығымен құптадым. Олардың сөзіне қосымша оның, Құранды ең жақсы оқитын, адал дегенін адал, арам дегенін арам деп қабылдайтын, фиқһ пен сүннетті білетіндігін де айттым».

Әбу Һұрайра (р.а.) Расулулланың (с.а.у.) былай деп айтқанын риуаят еткен: «Алла Тағала Ғифар қауымына кешірім берсін, Әслам қауымын қорғасын. Мұны мен айтып тұрған жоқпын, Алланың әмірі екендігін біліп қойыңдар».

материал «Сүннеттің діндегі орны» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: