Хадистер қатардағы адамдардың емес, Пайғамбарымыздың айтқан сөздері.
Бұған дәлел Абдуллаһ ибн Амрдың (р.а.) мына сөзі: «Мен Пайғамбарымыздан естіген әрбір сөзді жазып жүрдім. Мақсатым оларды жаттау болды. Бірде құрайыштықтар маған: «Пайғамбардан естіген әрбір сөзді жазасың, алайда ол да адам, кейде көңілді кезінде айтады, кейде ашуланып сөйлейді», – деп, менің хадисті жазуыма қарсылық білдірді. Содан кейін хадис жазуды тоқтаттым. Кейін бұл жағдайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) баяндағанымда, ол: «Жаз! Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Алламен ант етейін, аузымнан шыққанның барлығы ақиқат» (Әбу Дәуіт, Сүнән 2/286) , – дейді. Олай болса, Пайғамбарымыздың айтқан сөздерінің барлығы хадис болып саналады. Құранда Пайғамбарымыздың айтқандарының барлығы ақиқат екендігі жайлы: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» («Нәжім», 3-4-аяттар).
Пайғамбар сөздері (с.а.с.) үлкен діни жауапкершілікті арқалағандықтан, қияметке дейін келіп-кетер адамдардың бәріне жол көрсетпек. Хадистер бір жағынан Құранның алғашқы түсініктемесі, екінші жағынан өз алдына діни үкімдердің қайнар көзі болғандықтан, айтылғанындай айна-қатесіз жеткізілуі өте маңызды. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисті қате жеткізуге немесе оның атынан жалған айтуға қатаң тыйым салған.
Жұмақпен сүйіншіленген он сахабаның бірі, Алла елшісінің (с.а.с.) жиені Зүбәйір ибн Аууам өте аз хадис риуаят еткен екен. Өз ұлы келіп не үшін мұншалықты аз хадис риуаят еткенін сұрағанда, Зүбәйір «Кімде-кім менің атымнан өтірік сөз айтатын болса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін» деген хадисті алға тартып, бұл жауапкершіліктің оңай іс емес екенін білдірген. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін сахабалары аса ұқыптылықпен жеткізуге тырысып, бір әрпінің де өзгермеуіне аса көңіл бөлген. Хазірет Али хадисті жеткізудегі жауапкершілік пен қиындықты былай деп жеткізеді: «Мен үшін хадис жеткізуден гөрі аспаннан жерге құлап күл-талқанымның шыққаны анағұрлым жеңілірек».
материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,
ummet.kz