Сопылық Алла елшісінің (с.а.у.) заманында ережелері мен тәсілдері бекітілген жеке ғылым ретінде қалыптаспаған болатын. Себебі бұған қажеттілік жоқ еді.
Алғашқы ғасырдың адамдары Алла елшісінің (с.а.у.) заманына жақын болғандықтан, табиғи түрде жүректерін тек Аллаға арнаған, құлшылығы көп, дүниенің сән-салтанатына алданбаған шынайы тақуа жандар болатын. Сондықтан оларға рухани мақамдарды бағындырған ұстаз-шейхтың, арнайы жүйеленген тәрбие, ережелерінің қажеті жоқ еді. Мысалы, қазақ тілін ана сүтімен еміп, ауыл ақсақалдарының мақал-мәтел аралас дана сөздерін естіп, бұрынғылардың жыр-дастандарын тыңдап өскен бала қазақ тілін арнайы оқымай-ақ, ешбір ереже-қағидасын үйренбей-ақ табиғи түрде жетік меңгерген шешен болып өсетінінде шүбә жоқ. Ал ондай ортаны көрмеген баланың қазақшасы шала болғандықтан, оған арнайы тілдің ереже- қағидасын үйретіп, оқыту қажет. Дәл осы секілді сахабалар мен табиғиндер, атбағут-табиғиндер тақуалыққа толы ортада, ғұмыры ғибратқа толы тұлғалардың қоғамында жүргендіктен, олар табиғи түрде тақуа болатын. Олар «сопы» деп аталмаса да іс-әрекет, қимылдарының бәрі сопылық мектебінің мақсатына сай болатын.
Әсілінде сопылық дегеніміз кісінің қандай жағдайда болмасын қиыншылықта да, қуанышта да, молшылықта да, таршылықта да, мейлі басшы болсын, мейлін қосшы болсын, мейлі далада яки тасада болсын Алласымен бірге болуы, жүректен Алладан өзгені былай ысырып, шынайы ықыласқа жетуі болмақ. Адамның нәпсісін алыстан өзіне қызықтырып, тартып алатын жалған дүниенің жалт-жұлт еткен сән-салтанатына алданбай Хаққа қарай жүруі, құлшылықта тереңдеуі, қандай биік шыңдарды бағындырса да өзінің әлжуаз, әлсіз құл екенін ұмытпай, қарапайымдылығын айнымай ғұмыр кешуі сопылықтың діттеген төл мақсаты.
Ендеше, алғашқы дәуір мұсылмандарының аты сопы болмаса да, заты сопылыққа сай еді. Олар діннің міндеттеген парыздарын орындаумен ғана шектелмей, Алла елшісінің көрсеткен күллі сүннет амалдарын, үйреткен барша мұстахаб әрекеттерін бүге-шігесіне дейін қалтқысыз атқаратын. Харамдарды былай қойғанда күмәнді нәрселердің маңына да жоламайтын. Тіпті бір ғана күмәнді нәрседен сақтану үшін кейде рұқсат етілген дүниелерді де абайлайтын. Олардың осындай тақуалықтарының нәтижесінде көкірек көздері ашылып, жүректерінен тілдеріне даналық нұры төгілетін. Алла елшісінің (с.а.у.) тікелей тәрбиесінің нәтижесінеде сахабалар рухани жоғары дәрежеге жеткені соншалық, Абдуллаһ ибн Масғұд бұл жайлы былай дейді: «Біз тамағымыздан өткен астың «тәсбихын» (зікірін, Алланы пәктеуін) сезінетіндей жағдайға жеткен едік».
Кейіннен, тілі басқа, ділі өзгеше, салт-санасы бөтен әртүрлі ұлттардың мұсылмандықты қабылдауының нәтижесінде ислам жағрапиясы кеңейе бастады. Уақыт өтіп, заман сырғыған сайын Алла елшісімен (с.а.у.) бірге болудан пайда болатын рухани күш біртіндеп әлсірей бастады. Нәтижесінде кейбір адамдардың жүрегінде дүниеге деген құмарлық артып, Алла елшісінің заманындағыдай тақуалық әлсірей бастады. Міне, осы кезде жүрек іліміне ден қойған тақуа жандар «тасаууф» ғылымының негізін қалай бастады.
Бұл жайлы Ибн Халдун өзінің «Мұқаддимасында» былай дейді: «Сопылық білімі кейін пайда болған шариғи ғылымдарға жатады. Алайда сопылық жолының негізі мен мәйегі белді сахабалар мен табиғиндер және олардың артынан келгендерде ақиқат пен һидаят жолы ретінде бар болатын. Бұлжолдың негізі – құлшылықта тереңдеу, тек Аллаға ғана берілу, дүниенің сән-салтанатынан бас тарту, көпшіліктің жүгіре ұмтылатын мал-мүлік пен мансап, рахатқа пен ләззатқа бату секілді нәрселерді жүрегімен тәрк ету, елден оңашаланып Аллаға құлшылық жасау. Бұлардың бәрі жалпы түрде сахабаларда, үмбеттің алғашқыларында бар болатын. Екінші және одан кейінгі ғасырларда адамдар дүниеге ұмтыла бастады. Міне, сол кезде құлшылыққа берілген жандар «сопы» деген атпен таныла бастады».
Имам әл-Қушайри сопылықтың һижри екінші ғасырдың алдында пайда бола бастағанын айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) бақилық болғаннан кейін мұсылмандар «сахабалар» деген аттан өзге айдармен танылған жоқ еді. Өйткені «сахаба» дегеннен артық дәреже де жоқ болатын. Кейіннен адамдар әртүрлі болып, мәртебелері де өзгере бастады. Сөйтіп аса діндарларға «әз-зүһһад» (дүниені жүрегімен тәрк етуші), «әл-Ъүббад» (құлшылығы мол жандар) делінетін болды. Одан кейін бидғаттар бой көтере бастады. Әр топ өздерін «зүһһад», «ъүббад» дейтінді шығарды. Сол кезде Аллаға шынайы беріліп, ғафылдықтың барлық жолдарынан өздерін сақтай білетін әһлү сүннетті ұстанатындардың озықтары «тасаууф» есімімен ерекшеленді. Һижри бірінші жүз жылдықтың соңында аталмыш ұлыларға «сопы» деген ныспы кең қолданыла бастады».
Бұдан түйгеніміз, ориенталистердің айтқанындай, исламдағы сопылық ғылымы Үнділерден немесе Гректерден яки Христиан монахтарынан, тіпті болмаса Буддадан дінімізге шатасып енген адастырушы жат дүние емес. Сопылықтың негіздері мен ережелері Алла елшісінің ғибратты ғұмыры мен тағылымға толы тұлғасынан, әз сахабалардың өнегеге толы өмірінен, исламның негізгі қағидаттарынан алынған.
материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,
ummet.kz