Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Қашан намазға тұрсаңдар, беттеріңді және қолдарыңды шынтақтарға дейін жуып, бастарыңды сипаңдар, аяқтарыңды да тобықтарына дейін жуыңдар», - деп бұйырды («Мәида» сүресі, 6-аят).
Осы аяттан дәреттің 4 парызы бар екені айқындалады. Соның біріншісі, бетін жуу. Мұның өзінде бірқатар мәселе бар.
Атап айтқанда: 1. Жуу әрекеті судың тамшылап ағуымен жүзеге асады. Қармен дәрет алғанда екі немесе одан көп тамшы ақса, дәреті дұрыс саналады. 2. Бетін жуғанда маңдайының шаш шыққан жерінен екі құлағына және иек астына дейінгі барлық жеріне су тигізеді. Басының алдыңғы тарапы тап-тақыр болса, ол жерді сумен жуу шарт емес. Ал бетін түк қаптаған болса, оны міндетті түрде жуу керек. 3. Қабақтарына, екі көздің шеттеріне анық су тигізу үшін көзді күштеп жұмбайды әрі қатты ашпайды. Көздің ішіне су жеткізу уәжіп те, сүннет те емес. 4. Көздің қиығына су тигізу уәжіп. Көз ауырып іріңдесе, көзді жұмғанда сыртқа шыққан іріңнің астына су тигізу керек. Іште қалған іріңнің дәретке зияны жоқ. 5. Ауызды еркінше жұмғанда еріннің сырты бетке, ішінде қалғаны ауызға есептелінеді. Сондықтан еріннің сыртқы бөлігін дәретте жуу керек. 6. Бетін жуғанда жақ сақал мен сырғалық арасын да жуу уәжіп. 7. Қасы, мұрты және сақалы қалың болса, оның түбіне су жеткізу шарт емес. Бірақ түбі көрінетіндей түктері аз болса, оны сумен жуады. Иек астындағы сақалды жуу міндет емес. 8. Иектегі сақалға су тигізіп, кейін оны қырып тастаса, иекті қайта жумайды.
Сондай-ақ қасы мен мұртын жуып, сосын оны қырып тастаса, немесе басына масих тартып, артынша шашын қырса, немесе қол-аяғын жуған соң тырнақтарын алса, аталмыш азғаларды қайта жумайды.
дереккөз: fatua.kz