01
Жұма,
Қараша

һижри

Пітір садақасы бойынша ҚМДБ мәлімдемесі

Пітір садақасы бойынша ҚМДБ мәлімдемесі

Пәтуа

Ардақты ағайын!

Жыл сайын Рамазан айы қарсаңында пітір садақасына қатысты бірнеше екіжақты мағынадағы көптеген пікірлер туындайды. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайларға қатысты қайталап түсіндіріп кетуді орынды деп санайды.
Мұсылман баласы садақаны шынайы ниетпен береді. «Садақа» сөзінің мағынасы да осы: шыншылдық, құдайшылдық, адалдық... Тегінде садақа беруші оның игілігін әуелі өзге емес, өзі көреді. Ниетіне сәйкес, күнәсі кешіріледі, түрлі сынақтан аман қалады, апат пен жамандықтан құтылады, т.б.

Шариғат бойынша, зекет, пітір және підия садақалары жағдайы жоқ жандарға, түгі жоқ міскінге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы таусылып, жолда қалып қойған жолаушыларға берілуі тиіс.
Садақаны мешітке апарып беру – халқымызда бағзы заманнан қалыптасқан игі үрдіс. Бұл – шариғатқа қайшы амал емес. Мешіт – Алланың үйі. Мешітке садақа бергеніңіз – Құдай үшін бергеніңіз.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намаздарын толық орындаған, зекеттерін берген және Құдайдан ғана қорыққан адамдар көркейтеді. Міне, солардың тура жолда болуы үміт етіледі», – деген («Тәубе» сүресі, 18-аят).

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) – еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы. Шариғат қағидаларын еліміздегі мұсылмандарға түсіндіріп айшықтап беру аманатын арқалаған рухани ұйым. Алайда ҚМДБ мұсылман жамағатына «салық» салмайды, пітір садақасын беруді міндеттемейді. Мешітке қатысты қайырлы амалдар (жөндеу, тазалау, мешіттің қайырымдылық шараларына үлес қосу, т.б.) мұсылман жамағатының өз еркімен, шынайы ниетімен орындалады.

Зекет пен пітір садақаны жағдайы бар мұсылман береді. Жағдайы келмейтін адамға садақа беру – міндет емес. Қарттар, ауруға шалдыққандар, созылмалы дерті бар науқас мұсылмандар ораза ұстауға шамасы келмейтіндіктен підия садақасын береді. Оған да жағдайы келмесе – беру міндет емес.

ҚМДБ жанындағы қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды, халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді.

Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі.

Зекет, ғұшыр, пітір садақа, підия секілді садақалар шариғатпен бекітілген. Оның үкімі, беретін уақыты мен мөлшері бар. ҚМДБ Рамазан айы қарсаңында пітір садақасы мен підияның мөлшерін анықтап, халыққа хабарлайды.


1. Пітір садақа: Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақа беруді бұйырды. Кім оны ораза айт намазынан бұрын берсе, ол пітір болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе жай садақа болып есептеледі.
Биылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның республика бойынша нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 370 теңге деп белгіленді.
Оны өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр күміс) жеткен адам береді. Бүгінде күміс нисабы шамамен 127 мың теңге деп бекітілді. Ал, жағдайы осы нисап мөлшерінен төмен адамдар пітір садақа беруге міндетті емес.
2. Підия: Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасауды «підия» деп атайды. Алла Тағала: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар оразасы қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек», – деп бұйырған («Бақара» сүресі, 184-аят).
Ауыр науқасқа ұшырап, сауығып кетуінен күдер үзгендер және қарттық жетіп, ауыз бекітуге шамасы келмеген егде жастағы қариялар ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді. Ал Рамазан айында орынды себеппен ораза ұстай алмағандар кейін оның қазасын өтейді. Бірақ підия бермейді.
Підия садақасы – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Биыл оның еліміз бойынша ең аз мөлшері 1700 теңге деп белгіленді. Барлық облыстан алынған мәлімет бойынша, бір адамның ең төменгі бір мезгіл тойып ішетін ас-суының орташа құны шамамен 850 теңгеге тура келді.
Бекітілген підияны (1700 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (370 теңге) підия береді. Оны да беруге шамасы келмесе – беру міндет емес. Алла – аса мейірімді...

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Бөлісу: