Шайтанға тас лақтыру: Қажылардың құрбан айт күндерінде Минада бір-біріне жақын арақашықта орналасқан тіктеулі тұрған үш шайтан тасқа кішкентай- кішкентай тас лақтырулары – қажылықтың уәжіптерінің біреуі.
Бұл тіктеулі тастар: Кішкентай шайтан (жәмра), Орта шайтан (жәмра) және Үлкен шайтан (Ақаба жәмрасы). Шайтанға тас лақтырудың уақыты (Шайтанға тас лақтыру уақыты – Құрбан айттың төрт күні)
Айттың алғашқы күні (Зилхижжаның 10-ы)
Айттың алғашқы күні тек қана Үлкен шайтанға (Ақаба жәмрасына) жеті тас лақтырылады. Алғашқы тас лақтырылысымен қажылықтың басынан айтылып келе жатқан «тәлбия» дұғасы тоқталады. Бұдан кейін тәлбия айтылмайды. Айттың бірінші күні шайтанға тас лақтырудың уақыты – таң атысымен басталып, ертесі күні таң атқанға дейінгі мерзім. Айттың бірінші күні күн шықпастан шайтанға тас лақтыру – мәкрүһ, күн шыққанан кейін түске дейін лақтыру – сүннет, түстен кейін күн батқанға дейін лақтыру – жәйіз (рұқсат етілген), себепсіз күн батқаннан кейін лақтыру – мәкрүһ. Адамдардың тығыздығына байланысты күн батқаннан кейін лақтыру мәкрүһ саналмайды. Күн батқаннан кейін лақтырудың мәкрүһ болуының себебі, лақтырылған тастардың, қараңғы болғандықтан шайтан тасқа тимей қалуы және басқа адамдарға зиян тию қаупі болғандықтан. Бірақ қазір арнайы жарықтандыру жүйелері қолданылғандықтан, аталмыш себептер кездеспей және күндіз адам тығыз болғандықтан, күн батқаннан кейін лақтырудың еш мәкрүһтігі жоқ.
Айттың екінші және үшінші күндері (Зилхижжаның 11-і және12-сі)
Айттың екінші және үшінші күндері әр үш шайтан тасқа (кішкентай, орта және үлкенге рет-ретімен) жеті жетіден – 21 тас лақтырылады. Бұл күндердегі тас лақтыру уақыты – түстен кейін басталып, ертесі күнгі таң атқанға дейінгі уақыт. Бұл екі күнде түске дейін тас лақтыруға болмайды.
Айттың төртінші күні (Зилхижжаның 13-ші)
Айттың төртінші күні үш шайтан тастың әрқайсысына жеті-жетіден 21 тас лақтыру абзал, бірақ лақтырмаса да болады. Лақтырылмаған жағдайда барлық лақтырылған тастың саны – 49. Ал, лақтырылса, 70 болады. Лақтырмайтын жағдайда, Минадан таң атпай қайту керек, әйтпесе төртінші күні де тас лақтыру уәжіп болып қалады. Минаның Мекке жақтағы шекарасы Ақаба жәмрасы (Үлкен шайтан тас) болуда. Сол Ақаба жәмрасынан өту арқылы Минадан шыққанға саналады. Ханафи мәзһабындағы Имам Әбу Юсуп және Имам Мұхаммедтің пікіріне сүйенсек, айттың төртінші күні тас лақтырудың уақыты түстен кейін басталады. Түске дейін лақтыруға болмайды. Ал Әбу Ханифаның айтуынша, таңның атуымен басталып, күн батқанға дейінгі уақыт. Таң атқаннан күн шыққанға дейін – мәкрүһ, ал, күн шыққаннан түске дейін лақтыру – жәйіз, түс ауғаннан кейін күн батқанға дейін лақтыру – сүннет. Төртінші күні тас лақтыру уақыты күн батқаннан кейін бітеді. Лақтырылмай қалған әр күннің тасын сол күні күн батқанға дейін лақтыру – уәжіп. Лақтырылатын тастарды Муздәлифәдан немесе Мұхассир жолынан немесе нәжіс (лас) болмаған кез келген жерден жинауға болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұйрығы бойынша, Ибну Аббас тастарды Муздәлифәдан жинаған.
Шайтанға тас лақтырудың дұрыс орындалу шарттары
- Тастарды өз қолымен лақтыру.Тастарды құралмен атуға немесе лақтырмай қолдан-қолға беріп, шайтан тастардың үстіне қоюға болмайды.
- Ханафи мәзһабында лақтырылатын нәрселердің тас немесе құрғаған балшық сияқты топырақ түрінен болуы. Шафиғи мәзһабында тек қана тас лақтырылады.
- Жеті тас бөлек-бөлек лақтырылуы тиіс. Барлығы бірге лақтырылса, бір тас болып есептеледі.
- Тастарды тігілген шайтан тасқа тигізу немесе айналасындағы белгіленген орынға түсіру.
- Лақтырылған тастар белгіленген орынға лақтырушының іс-әрекетімен жетуі. Мысалға, тас лақтырылған уақытта біреудің денесіне тиіп, сосын ол адам тасты ары қарай лақтырып жеткізсе, дұрыс емес. Қайтадан лақтыру керек. Жерге тиіп немесе бір нәрсеге соғылып барып белгіленген орынға тиіп немесе түсіп жатса, дұрысқа есептеледі.
- Тастарды арнайы белгіленген уақытта лақтыру.
- Шамасы жеткендердің тастарды өздері лақтыруы. Тұрып намаз оқи алмайтындай дәрежедегі аурулар орындарына басқа біреуді өкіл етіп, лақтыртуларына болады.
Шайтанға тас лақтырудағы сүннеттері
- Тастарды 3-4-5 метр арақашықтан лақтыру
- Жеті тасты бірінен кейін бірін лақтыру
- Айттың 2,3,4-ші күндері, бірінші – Кішкентай шайтан тасқа, екінші – Орта шайтан тасқа, үшінші – Үлкен шайтан тасқа жеті-жеті тастан лақтыру
- Әрбір тасты лақтырған сайын «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар, рағман лиш-шайтани уа хизбиһ» деп айту. Мағынасы: «Алла ұлы, шайтан және оған ергендер қаламаса да».
- Лақтырылатын тастардың жүгеріден үлкен, жаңғақтан кішкене болғаны дұрыс.
- Тастарды айттың алғашқы күні түске дейін, қалған күндері түстен кейін күн батқанға дейін лақтыру
- Кішкентай және Орта шайтан тастарға тас лақтырғаннан кейін бір шетке тұрып, әке-шешесіне және діндес бауырларына дұға жасап, тілек тілеу.
- Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тасқа) тастарды Меккені оң жағына алып, Минаны сол жағына алып лақтырады. Қалған екі Орта және Кіші шайтан тасқа тастарды кез-келген жақтан лақтыруға болады.
Шайтанға тас лақтырудың мәкрүһтері
- Белгіленген орынға жетпей қалған тастарды алып қайтадан лақтыру
- Шайтан тастан басқалардың лақтырған тастарынан жинап алып лақтыру
- Нәжіс тиген тастарды лақтыру
- Бір тасты сындырып, бірнеше тас жасап лақтыру
- Бір шайтан тасқа бір күнде жетіден артық тас лақтыру
- Шайтан тасқа аяқ киім, шүберек сияқты нәрселерді лақтыру
Ummet.kz