Исламдағы ақида жайындағы көптеген тартыстар Аллаға мекен беруге байланысты болып келеді. Матуриди ақидасы бұл туралы не дейді? Жалпы ақиданың әртүрлі болуы қауіпті ме?
Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сара жолын ұстанушы әһлу сунна ғұламалары «Алла барлық нәрсені жоқтан бар етті» деп сенеді. Әуелі Алла бар еді. Одан өзге ешнәрсе жоқ еді. Уақыт та, мекен де, бұрын болмаған. Оларды Алла кейін жаратты. Ал енді сол кейін жаратылған мекенге Алланың енуі шариғатқа томпақ, сау ақылға сиымсыз. Аллаға мекен беру – Алланы жаратылысқа ұқсату, теңеу. Мекен – жаратылыстың өмір сүру ортасы. Алла өмір сүруде мекенге мұқтаж емес. Сол себепті ғұламалар «Алла тағала мекеннен пәк» деген көзқарасты ұстанды.
Алайда кейінірек «Алла барлық жерде, Алла аспанда, Алла аршының үстінде» деген және т.б. мекен беру сенімін ұстанған топтар пайда болды. Ондайларға ғұламалар бүгінгі күнге дейін тиісінше жауап беріп келді. «Алланы кемшіліктен, жаратылысқа ұқсатудан пәктеу» (тәнзиһ) принципін ұстанған суннит ғалымдары мынадай мухкам (ұғынықты, бір ғана мағынаны қамтитын) аяттарға иек артты: «Алла ешбір нәрсеге ұқсамайды. Алла бәрін естуші, көруші» («Шура» сүресі, 11-аят), «... Аллаға ешнәрсе тең емес» («Ықылас» сүресі, 4-аят) және т.б. аяттар.
Соңғы кездері Матуриди ақидасына «матуридилер Алланы барлық жерде» деп есептейді деген негізсіз жалалар жабылып жүр. Оны айтушылар Матуриди ақидасы бойынша жазылған кітаптарды оқымайды. Матуридилерді адасқан ағым – жаһмиямен білместікпен не әдейі шатастырады. Сол жаһмия ағымы «Алла барлық жерде» деп сенеді. Ал енді матуридилердің сенімі бойынша бұл мәселе қалай?
Матуриди ақидасының негізін қалаушы Имам әл-Матуриди «Китабут-таухид» атты еңбегінің 172-бетінде: «...Бұл Алла тағаланың мекенмен сипатталудан пәк екенінің дәлелі. Өйткені, мекен болмай тұрып та, Алланың бар болғандығы анық. «Рахман аршыға истиуа етті» («Таһа» сүресі, 5-аят) деген сөйлемде Аллаға мекен белгілеуге негіз жоқ. Алланың: «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят), «Үш адам өзара сыбырласса, төртіншісі Алла болады» («Мүжәдәлә» сүресі, 7-аят), «Біз сендерге қарағанда оған әлде қайда жақынырақпыз» («Уақиға» сүресі, 84-аят) деген сөздерінде Аллаға мекен белгілеуге негіз болмағаны сияқты» десе, кітаптың келесі бетінде: «Міне, осыған орай «Алла барлық жерде» дегеннің сөзі негізсіз болып қалады. Себебі, Алланы белгілі бір мекенге қатысты ету мен барлық мекенге қатысты етудің арасында ешқандай айырмашылық жоқ» деп, Алланы барлық жерде деумен келіспейді.
Расында да Аллаға аспан, аршы сияқты белгілі бір мекен беру мен «Алла барлық жерде» деп айту екеуі де Аллаға мекен беру емес пе? Тап осы мәселені матуриди ақидасын ұстанатын ғалым Нуруддин әс-Сабуни былайша түсіндіреді: «Сондай-ақ «Алла барлық жерде» деген сөз мүлдем дұрыс емес. Себебі, бір мекенде мекендейтіннің өзі бір мезгілде екі жерде болуы мүмкін емес. Ал енді мекендеуі мүмкін болмаған Алланың барлық мекенде болуы қалайша мүмкін болсын?! Мұнымен қатар «Алла тағала затымен (өз болмысымен) емес, бірақ білімімен барлық жерде» деп айту да дұрыс сөз емес. Өйткені, бір мекенді білетін біреу туралы «ол өзінің білімімен сонда» деп айтылмайды». Демек, матуриди сенімінде Алланы затымен де, білімімен де «белгілі бір жерде» деп те, «барлық жерде» деп те айтуға болмайды.
Қорыта айтқанда, әһлу сунна жолындағы сәләф пен халаф ғұламаларының сенімінде Алла мекен мен уақытқа тәуелді емес. «Алла өз затымен аспанда» деп сену «Зұхруф» сүресінің 84-аятына қайшы: «Ол сондай Алла, көкте де Тәңір, сондай-ақ жерде де Тәңір. Әрі Ол аса дана, толық білуші».
Алланың заты мен сипаттарына қатысты аят-хадистерді осылай түсіну әһлу суннаның, соның ішінде матуриди сенімі екенін ұққан болсақ, бабаларымыз дәл сол матуриди ақидасын ұстанғанын ұмытпайық. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес» десе, Абай атамыз: «Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән» деп, Алланы мекенсіз деп сипаттаған.
материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,
ummet.kz