Барша мүмин-мұсылмандардың төрт мәзһабтың біріне амал етулері жайындағы ижмаъ (бірауыздан шешім қабылдау) өте қайырлы ниеттермен жасалған еді.
Алайда жақсы ниетпен жасалған бұл іс уақыт өтуімен теріске пайдаланылды. Мәзһабтарға ізет-құрмет көрсетудің орнына орынсыз бірбеткейлік (біртараптық) жасаған жағдайлар да болды. Нәтижеде, түрлі фиқһи мәзһабтардың ілесушілері арасында әртүрлі келіспеушіліктер мен қолайсыз жағдайлар болды. Өте аз болса да пайда болған бұл қолайсыз жағдай қазіргі күнге дейін мәзһаб қарсыластары тарапынан «Мәзһаб – ортаға бүлік салушы ең басты себеп» деген мағынада қолданылып келе жатыр.
Өкінішке орай, фиқһи мәзһабтар төңірегінде орынсыз біртараптылықтың зияны мұнымен бітпеді. Сәләфуссалих ғұламаларымыздың ижтихадтың келешегі жайындағы нұсқауларына да орынсыз бірбеткейлік жасалды... Белгілі жүйелік қағидалар мен маңызды ижтихадтар дербестігі жайындағы нұсқаулар «бүкіл фиқһ кітаптарындағы барлық сөздер дербес» деген мағынада үгіттелді. Нәтижеде, ғасырлар бойы фиқһ мәселелері орта ғасырдан алдыңғы хәлінде қатып қалды. Заман, мекен және себептер өзгеруімен мұсылман үмметінің өмірінде де пайда болатын әртүрлі жаңа мәселелерді шешуі керек болған фактор әрекетсіз, қимылсыз қалды. Бара-бара фиқһ кітаптарымыз жылдар бойы діни білім алғандарға да түсінуі қиын бұлаққа айналды. Адамдар көпшілік алдында ұятқа қалудан қорқып, фиқһ кітаптарымыздағы заман өтуімен ескіріп, қолданыстан шығып кеткен сөздердің орнына басқа мағыналас сөзді ауыстыруға да бата алмады.
Қазіргі күнде ислами білімдерде заманның рухы есіп тұр. Тәпсір, Хадис, Тарих, Улумул Қуран, Улумул Хадис жҽне басқа бірнеше Ислами білімдер бойынша кҿптеген жаңа еңбектер жазылды әрі жазылуда. Оқырман аталған еңбектерден өзінің барша заманауи сұрақтарына жауап табады. Бұл еңбектер адамдарды өзіне баулудың барлық әдістері есепке алынып жазылған. Алайда фиқһ жайында бұл сөздерді айта алмаймыз. Бір-екі, үлкенді-кішілі және өте жеңіл-желпі әрекеттерді есептемегенде, бұл жайлы айтарлықтай ештеңе жасалған жоқ. Исламның үлкен білімі болған фиқһ біліміндегі ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл отырықшылық нәтижесінде адамдар фиқһтан ұзақтап қалды. Өзінің заманауи мәселесі жайында жауап іздеп, фиқһқа қараған адам одан бірнеше ғасырлық сөзді көргеннен соң, солай болатыны да табиғи жағдай. Өткен мужтаһидтерімізді көзіміздің қарашығындай қадірлеп, оларды төбемізге көтере тұрып, олардың ижтихадтарына тіл тигізбей, кейбір мәселелерімізді шынымен-ақ шеше алмасақ? Не болғанымыз. Ең болмағанда ескі кітаптарымызды заманауи терминдерге аударып, халыққа түсінетін тілде ұсынсақ болады ғой!
Мен бұдан бірнеше жыл бұрын бір мақаламда осы мағынада сәл ишара етіп өткен едім. Сонда кейбір білімділер мұны «мужтаһидтердің ісіне араласу емес пе екен» деп ойлаған еді. Мен оларға мұндай ойдан мүлдем аулақ екенімді айтқанмын. Ал, енді кеп ғұламалар осы менің ойларымды қолдап жатыр. Кейбіреулер фиқһқа жаңаша қырынан келу керек екендігі жайында кітап та жазды. Болашақта фиқһ саласына да алдыңғы кездердегі секілді жақындық пайда болса, ғажап емес, деген үміттеміз.
Демек, діни мәселелердегі таластардың шығуына себеп болған факторлар тек біртараптық емес екен. Фиқһты мықты ұстау шектен шығып, бірбеткейлікке өтіп кетуі де бұл істе қолайлы келді десек қате болмаса керек. Қазіргі күнде дҽл осы нәрсе адамдардың, әсіресе жас ұрпақтың фиқһ білімінен ұзақта қалуларына себеп болып жатқаны да мүмкін. Бір нәрсені білмеген адам оған жақын болуы қиын. Фиқһтан ұзақта қалғандардың мұны келеке етуі де осыдан шығып жатқан болса, ғажап емес. Мұсылмандар өміріндегі барлық мәселелерді уақытында шариғат бойынша шешіп, үкімін айтып беруі тиіс болған үлкен ғылым – фиқһ ғылымы бүгінгі күнімізде өмірден артта қалып тұрғаны өкінішті...
Осы және бұл жерде айтылмаған тағы басқа себептерге көңіл бөлген күйде фиқһ білімін үйретіп, өткен ұлы фақиһтеріміз қалдырған үлкен ғылыми мұрадан үнемді пайдаланып барша мұсылмандарға бұл білімді заманға сай үлгіде жеткізу керек. Міне сонда фиқһ жайындағы таластарды тоқтату үшін үлкен бір қадам қойылған болады, инша Алла.
Жалпы алғанда мұсылмандар мүмкіндігінше діни сауаттарын жетілдіру керек. Ғалымдар білімді мықты иеленіп, адамдарды ихтиләфқа салудың орнына, оларды ихтиләфтан шығару жайында қайғыруы керек әрі қажет. Егер кейбір мәселеде түрлі ойда болып қалса, оны дереу халықтың арасына алып шықпай, алдымен өзі ғылыми басқосуда шешіп алып, бір ойға келгеннен соң ғана көпшілікке хабарлауы керек. Қысқаша айтатын болсақ, барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ихтиләфқа қарсы күресуіміз қажет. Таласқа апаратын әрбір жолды, соқпақты жақсылап үйрену шарт.
Әрбір мұсылман пенде Алла Тағаланың: «Шын мәнінде, мүминдер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар» («Хужурат» сүресі, 10-аят), деген аятынан ауытқымай үнемі амал етуі керек. Барлық дін бауырларымен бауырластық қатынасты күннен-күнге күшейту қажет. Сондай-ақ, әрбір мұсылман пенде екі бауырының арасына талас түсіп қалғанын білсе, дереу олардың арасын түзетуге тырысуы қажет.
Қадірлі діндес бауырлар! Біздің өзара ихтиләфтарымыз барлық сәтсіздіктеріміздің бастауы екенін түсінуіміз керек.
Алла Өзінің мәңгі заңы, Құранда мұсылман пенделеріне үн қатып: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла сабырлылармен бірге» («Әл-Әнфәл» сүресі, 46-аят), дегені бекер емес. Иә, ұлы Алла дұрыс айтады. Ихтиләф мұсылмандарды үрейлендіріп, күш-қуаттарын кемітеді.
Расулулла (саллаллаһу аләйһи уа сәлләм) сіз бен біз үмбеттеріне: «Ихтиләф жасамаңдар. Расында, сендерден алдыңғылардың тҥбіне ихтиләф жетті», деп, ихтилафтың соңы неге алып баратын ескертіп кетті. Егер өткен үмбеттерге ұқсап апатқа душар болмайық десек, ихтиләф қылмайық.
Бір-бірімізбен ихтиләф жасау үшін жұмсаған ақыл-ой, ғылым-білім, күш-қуат және уақыт пен мүмкіншіліктерімізді өзгелерді дінімізге, құлшылыққа шақыруға жұмсайық.
Осы кішігірім жазбаларға нүкте қоймай тұрып, тарихта Алланың қалауымен көптеген қиыншылықтарды абыроймен жеңіп шыққан мұсылмандар бұл жолғы қиыншылықтарды да жеңе алатынына сеніміміз толық екенін айтпақшымын.
материал «Ихтилафтар. Себептер. Шешімдер.» кітабынан алынды,
ummet.kz