«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде демеуші, жомарт жандардың атсалысуымен, мешіт ұжымының бастамасымен Алла Тағаланың разалығы үшін ораза ұстаған жамағатқа биылғы алғашқы ауызашар дастарханы жайылды.
Яғни, бүгін 250 елордалық жамағатқа ауызашар берілді. Атап айтқанда, мешіт жанындағы «Мұмтаз» дәмханасында 150 кісіге ауызашар дастарханын жайып, 100 кісіге рамазан бокс, дайын ауызашар қорапшалары үлестірілді.
Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған адамдарға ауыз аштырту – аса үлкен сауап, сонымен қатар ауызаштыртуды ата-бабаларымыз да аса құрметпен атқарып келген ізгі дәстүрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» деп сүйіншілеген болатын.
Хадис өнегесін басшылыққа алған «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұжымы әр жыл сайын Рамазан айында жамағатқа қуаныш сыйлауды әдемі үрдіске айналдырып келеді. Бүгінгі ауызашар дастарханына жиылған елорда жамағатына мешіттің ұстазы, білікті қари Нұриддин Абдусамадұлы ораза айының қадір-қасиеті мен ауызашар жасаудың пайдасы жайында тұщымды уағыз-насихат айтты.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айында сіздер де «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті арқылы демеушілік жасап қайырымдылық ауызашар берулеріңізге және рамазан бокс, дайын ауызашар қорапшаларын үлестіруіңізге болады. Рамазан айында ізгі амалдар арқылы сауапты іс жасауға бірге атсалысайық!
ummet.kz