Бүгін қасиетті Ораза айт мерекесінде «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне арнайы келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатқа жұма уағызын айтты.
«Кешірімді болсаң, жәннатқа жетесің» тақырыбында насихат айтқан Бас мүфти:
«Дін мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп, «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деу арқылы, ренжуді ұзаққа созбай, тезірек кешірудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.
Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 22-аятында Алла Тағала: «Кешіріді болып, кеңшілік жасасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – дейді.
Ислам – кешірімділік пен бауырмалдық діні. Ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті. Себебі кешірім адамдар арасындағы сүйіспеншілікті нығайтады. Кешірім адамдар арасындағы араздықты жеңіп, бір-бірімен достастырады. Кешірім бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады. Кешірім отбасының салауатты өмір сүруіне жетелейді. Ислам дінінің басты талабы да осы.
Сонымен қатар кешірімділік – бұл дүниеде ғана емес, адам баласының екі дүниеде дәрежесінің көтерілуіне, қияметте мол сауапқа кенелуіне себепші болатын іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірумен Алла құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады», – деп айтқан (имам Мүслим)», - деді.
ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін жиылған жұртшылықты Ораза айт мейрамымен құттықтап, мешіт жамағатымен бірге келесі рамазанға аман-есен жетуіміз үшін, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.
ummet.kz