Негізі құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.
Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге құқылысыз.
Ал енді «садақа «құрбан орнына» жүре ме?» деген сауалға келетін болсақ, құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуында. Бұл дегеніміз – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз, малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге арналған.
Ал, сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің – өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі құрбандық шалғаны дұрыс. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатындығы хадистерде айтылған.
Тағы бір ескерер жайт, өзіңіздің орныңызға басқа бір адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz