Құрбандық шалудың әдептері қандай?

Құрбандық шалудың әдептері қандай?

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбандық шалған кезде көптеген жайттарға назар аударады. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару, құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу.

Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқыған абзал:

«Жүзімді мені керітартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің раббысына бағыттадым» (Әнғам сүресі, 6/79).

«Былай де: «Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін» (Әнам сүресі, 6/162-163).

Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһаиллаллаһ» деп айтылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс.

Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қосса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі «бисмиллаһ» деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді). Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

ummet.kz

Бөлісу: