Құрбандыққа жарамды және жарамсыз малдар

Құрбандыққа жарамды және жарамсыз малдар

Құрбан Айт
Жарнама

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды: ақауы айқын бір көзді малды; ауруы айқын ауру малды; ақсақтығы айқын ақсақ малды; және әлсіздігі айқын арық малды»,-деген. (Тирмизи, Ахмад).

Осы төрт кемістіктер туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде екендігін айта кетейік. Ғалымдар: «егер бір көзді мал рұқсат етілмесе, онда соқыр мал тіпті рұқсат етілмейді. Әрі егер ақсақ мал рұқсат етілмесе, онда аяқсыз мал тіпті рұқсат етілмейді»,- дегенді айтады. Егер мал оны сатып алғаннан кейін (жарақаттанып) зақым-кемістік алса, оны құрбандыққа шалса болады.

Әли ибн Әбу Талиб: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге (құрбандық малдарының) көздері мен құлақтарына көңіл бөлуді бұйыратын»,- деп айтқан. (Ибн Мәжаһ)

Ханафи мазхабының ғалымдары осы мәселені нақтылап, Құрбандыққа  төмендегі малдар «жарамсыз» деген:

- Бір көзі соқыр

- Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз

- Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген

- Тістерінің көбі түсіп қалған

- Емшектерінің басы жұлынып қалған

- Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған

Жағдайы бар, Құрбан шалуы міндетті  болған кісінің құрбандық малында аталған кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу міндетті болмаған (жағдайы келмейтін), бірақ сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл (міндетті болмаған) құрбандық. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

ummet.kz

Бөлісу: