Құрбан шалу Ибраһим (а.с.) Пайғамбардан келе жатқан сүннет жолы. Ибраһим Пайғамбар өте мейрімді, тым жұмсақ жан болатын. Ол Алла Тағаладан, өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ұл сұрап, көп жыл бойы Алла Тағалаға жалбарынды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген уақытта қабыл болды.
Дүниеге Исмайыл атты Пайғамбар келеді. Ибраһим (а.с.) баласын өте қатты жақсы көретін. Бір күні Ибраһим Пайғамбар түс көреді. Түсінде Алла Тағала былай деп аян береді. «Әй, Ибраһим! Балаңды өз қолыңмен бауызда, оны құрбандыққа шал!». Бұл Ибраһим Пайғамбарға ауыр сынақ болды. Ибраһим Пайғамбар баласына келіп: «Балам! – Алла Тағала түсімде аян беріп, сені құрбандыққа шалуға әмір етті. Бұған сен ризасынба?» - деді. Сонда баласы: Әке – Алла Тағаланың әмірін орындаңыз. Мен сабырлы боламын. Алла Тағаланың әмірін бұлжытпай орындасын деп жаны ашыған баласы Исмайыл әкесіне қарап былай деді: Әке! Менің қол аяқтарымды мықтылап байлаңыз. Киімдерімді шешіңіз, оған қаным шашыраса, анамның көңілі түсер.Пышағыңызды өткірлеп әбден қайраңыз.
Әке, мені екпетімнен жатқызыңыз,- деді баласы. Өйтпесеңіз бет басыма көзіңіз түсіп тұрғанда, көңіліңіз түсіп, қолыңыз батпай қалмасын», – деді баласы Исмайыл. Ибраһим (а.с.) баласының екі қолын мықтылап байлап, оны жерге жатқызды да, қолына пышағын алды. Ол пышағын баласының тамағына ұстап, бар пәрменімен тартып жіберді. Бірақ пышағы өткен жоқ . Бірнеше рет қайталады, онда да пышағы өтпей қойды.
Сол уақытта Алла Тағаладан аян келді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!» Бала құтқарылды. Әке Алла Тағалаға алғысын жаудырды. Исмайылдың орнына құрбандыққа шалуға Алла Тағала семіз қошқар түсірді. Ибраһим (а.с.) бұрылып қараған шақта қастарынан бір қой көрді. Пышағын алып қойды құрбандыққа шалды. Бұл қой Исмайылдың орнына шалынған қой еді. Сонан бастап мұсылмандар осы уақиғаны атап өтіп құрбандық шалатын болды. Алла Тағала Ибраһимді сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады.Ол тек Ибраһим Пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Әйтпесе, Алла Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Мұсылман бауырлар, бұл оқиғадан алатын сабағымыз - Алла Тағалаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда жоғары болу керек. Біз, мұсылмандар құрбанды тек Алла ризалығы үшін шаламыз.
Алла Тағала былай дейді: «Айт (Әй, Мұхаммед) Расында менің намазым, құрбаным, тіршілігім және өлімім әлемдердің Раббы Алла үшін, Оның серігі жоқ. Әрі осы нәрсе маған әмір етілді және мен бойұсынушылардың алғашқысымын», (Құран, 6:162,163) және басқа сөзінде «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал». (Құран, 108) Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде былай дейді: Әли (р.а.) былай деп айтқан: « Алланың Елшісі маған төрт сөзбен мына нәрсені әңгімелеп берді; Алла, Алладан өзгеге құрбан шалған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла, ата – анасын қарғаған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла бұзақыға (дінге жаңа нәрселерді енгізетін адамға немесе қылмыскерге) пана берген адамды қарғысқа ұшыратады, Алла жер бетінде нұсқау белгісін (жол белгісін, шекараны) өзгерткен адамды қарғысқа ұшыратады». Бұл хадистен білетін нәрсеміз Алла Тағала, Алладан басқаға құрбан шалғандарды жақсы көрмейді, ондай адамдар қарғысқа ұшырайды.
Айттың алғашқы күні ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалатын адамдар құрбандықтарын шалады да оны тиісті орындарға таратып береді. Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарды аралап айт мейрамымен құттықтайды. Мұсылман айт күндері мейлінше көтерінкі көніл- күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысады. Айт күндері адамдар бір бірлерін кешірген жөн. Аурып жатқан адамдардың көңілін сұрау керек, және жесірлерге көмектесіп, тағы басқа осы сияқты амалдар жасау керек. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Бұған дәлел мына хадис бола алады.
Бәрә ибн Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген етпен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын». Осы хадистерден білетініміз намаздан бұрын шалынған құрбандық есептелмейді.
ummet.kz