Жаратушыны тануда ақыл мен білімнің орны

Жаратушыны тануда ақыл мен білімнің орны

Дін және ғылым
Жарнама

Сенім мәселелеріне қатысты жазылған еңбектерден ақыл иесі болған адам баласы пайғамбар дағуаты жетпеген жағдайда, ақылымен Алла Тағаланы танып, білуге ақыл жеткілікті ме? Әлде настың (Құран, сүннет) болуы шарт ба? Немесе әрбірінің (нас пен ақыл) өз ерекшеліктері бар ма?

Бұл сұрақтарға қатысты ғалымдардың көзқарасына тоқталар болсақ, Мұғтазила ағымының белгілі ғалымы Қади Абдужаппар: «Алла Тағала жайлы дұрыс таным тек ақылдың көмегімен болады» деп, ақылды Құран мен сүннеттен де жоғары бағаласа, Хашауия ағымы: «Алла Тағаланы танып, білу настың жол көрсетуімен ғана болады. Алла Тағаланы тануда ақылдың ешқандай орны жоқ. Өйткені ақыл Алланың затын түсінуде шариғат шегінен шығып кетеді» деп есептейді. 

Имам Матуриди: «Алла Тағаланы ақылмен тануға болады. Ақыл – жаратылыс сырын түсінy үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық. Бірақ ақыл – шектеулі. Алла Тағаланың шексіз иләһи хикметтерін, сыр ретінде сақтаған нәрселерін ақыл біле алмайды» деп, аталған ағымдар сияқты біржақты пікірдің жөнсіздігін, нас көрсеткен аяда ақылға жүгіну керектігін айтады.

Имам Матуриди бұл мәселеде ұстазы Әбу Ханифаның пікірін ұстанған. Имам Бабурти: «Әбу Ханифа ақылға жүгініп иман ету уәжіп (міндет) деді. Әлбетте, Мұхаммед әл-Хәкім «Мүнтақа» еңбегінде Әбу Ханифаның: «Аспан әлемдерін, өз болмысын және басқа жаратылысты көре тұрып Жаратушысын танып, білмей өткен адамда ешбір үзір жоқ (қияметте уәж айта алмайды). Әрі адамзатқа елші жіберілмесе де, адам баласы ақылымен Жаратушысын танып иман етуге міндетті» дегенін жеткізді» деген.

Матуридилік көзқарас бойынша, адамның ақылы болмаса жіберілген пайғамбарлар мен иләһи кітаптардың да бір мәні жоқ. Ислам шариғатындағы балиғат (ақылы толмаған) балаға және жынды (ақылы дұрыс емес) адамға иләһи міндеттердің жүктелмеуі де соның бір айғағы болса керек. Енді, осы мәселеге қатысты қазақ ойшылдарының көзқарасына тоқталайық. Ы.Алтынсарин өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы (Шариат-ул-Ислам)» атты еңбегін «Ғалым кісі» жайлы әңгімені былай сөз етеді: «Бір зор ғалым молдадан жаңа дінге кірген бір адам: – Тақсыр, мен иманды қалай үйренемін? – деп сұрады. Ғалым айтты: – Шыққан күн мен айдан, көк пен жерден, су мен желден, жер мен таудан, жаңбыр мен қардан үйрен, – деді. Сұрап тұрған адам бұл сөз не сөз екенін біле алмай, дағдарып тұрды. Сонда ғалым айтты: – Далаға шықсаң көк пен жерді көресің, күн мен айды, көк үстінде жұлдыздарды, тауды-тасты, жел мен жаңбырды – осының бәрін көресің; соларға қарап ой жібересің, оның бәрін адам жаратуға қолынан келер істер емес; олай болса, соның бәрін жоқтан бар еткен бір Құдіретті Ие болса керек, біз көрмеген. Сол ақылға ойланып жетсең, иманыңның жартысы тамам болғаны, – деді». Яғни, адам баласы ақылымен жаратылысқа қарап төл иесін, жаратушысын тани алмақ.

А.Құнанбайұлы, Жаратушы Хақты толық тануда ақылды шектеулі болмыс ретінде қарап, даралық сипат бермейді. Настың (Құран, сүннеттің) нұсқауы негізінде сәулесін шаша түсетінін айтады. Өзінің, он сегізінші сөзінде: «Ол – Алла Тағаланың заты ешбір сипатқа мұқтаж емес, оған біздің ақылымыз мұқтаж. (Оны) жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлеп тағрифлап (анықтап, айырып) танымаққа керек. Егерде ол сипаттарды бірден тағрифламасақ, бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады. Біз Алла тағаланы өзінің білінгені (сезінгеніміз) қадарлы ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл хикметіне ешбір хаким (ғұлама) ақыл ілестіре алмайды. Алла Тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла Тағаланы – «бір» (жалғыз) дейміз, «бар» дейміз: ол «бір» демелік те ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса, ол «бір» демелік те Алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың (мүмкін нәрсенің) ішінде де нәрсенің үжуді (бар болу сипаты, бейнесі) бар болса, ол «бірліктен» құтылмайды», – дейді. А.Құнанбайұлы «Ой жүгірткен адам ешқандай ақаусыз, тылсым жаратылысқа қарап бір иесінің, жаратушысының барын ұға алады. Алайда ол Жаратушысы қандай бейнеде, қандай сипатта екенін шектеулі ақылымен біле алмайды» деп қарайды. «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі. Халиққа (Жаратушыға) махлуқ (жан иелері) арқылы жете алмайды, Оймен білген нәрсенің бәрі – даһрі (өткінші)», – дейді Абай.

А.Үлімжіұлы да Хақты танып, Оған лайықты түрде құлшылық еткізетін ғылыммен безендірілген ақыл деп біледі, зерделі ақылға жүгінеді.

«Мен де надан, қапылмын,

Бәріңменен жақынмын.

Бәрінен түгел құр қалдым,

Ғылым менен ақылдың» деп, кішіпейілдікпен өзін надандық әлемінен әлі шыға алмаған халқымен бірге айыптайды, аһ ұрады.

«Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,

Терең ой мен ақылға айтамын дат.

Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,

Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.

Шатақ дінге, әдетке, не білгішке,

Ноқталатпай ойымды қылам азат» деген өлең жолдарында ақылға ерекше орын береді.

Сондай-ақ ақынның «Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы, Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат» деуі, оның пайғамбар хадистері мен әулиелік кәрәматты жоққа шығарғанын білдірмейді. Мүмкін, кейбір ойдан тоқылған көптеген хадистерден сақ болуға, хадиске жауапкершілікпен қарау керектігін айтса керек. Алайда шатақ (бұрмаланған) дінге, шаман дінінен қалған ырымшылдық сияқты әдеттерге, сәуегей-білгір бақсы, балгерге құлай сеніп, оған бас ұрудан адамды айықтыра алатын азаттық алған, өз күшіне енген ақыл ғана дейді. «Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы, Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат» деген өлеңдеріне келесі мына өлең жолдарымен түсінік жасайды: Бар обалы олардың тәпсіршіде, Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат. Ол қатені түзеткен әлімдер көп, Соның сөзін оқысам боламын шат. Қиянатың бар болса – иманың жоқ, Маған десе мың жылдай қыл ғибадат». Бұл жерде Ш.Құдайбердіұлы, өзінің Құран аяттары мен Пайғамбар хадистеріне деген ерекше құрметін білдіре келіп, оны қынжылтатын іс діннің дұрыс түсіндірілмеуі болып тұр. Яғни, аяттың мәніне ой жүгіртпейтін, буквалистік көзқарасы басым кейбір тәпсіршілерге налиды. Солардың кесірінен көптеген адамдарға теріс түсінік қалыптасты, өзгелерге кесірі тигенін жасырмайды. Мұндай діншілдікті Хақ дінге жасалған үлкен қиянат, шынайы иманды жанның ісі емес деп қарайды.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Бес қымбат» деген өлеңінде адамды қадірлі ететін, екі әлемде де құнын арттыратын бес бағалы нәрсені былайша атап өтеді:

«Ең әуел керек нәрсе – иман» деген,

«Ақырет істеріне (ишларына) илан!» деген.

«Құдай кешірер!» дегенмен, іс бітпейді,

«Иман шартын білмесе, есен (иман)» деген.

«Екінші керек нәрсе – ғақыл» деген,

Ғақылсызда таупық жағы (шағы) тақыр!» деген.

«Аз іске ашуланып, дінін бұзар,

Иманын кәпірлікке сатар!» деген».

Ақыл – адам баласына берілген ең үлкен қазына. Ол игерілген кезде шөліңді қандырады. Ал игерілмеген жағдайда, тұрып қалған су сияқты бұзылады. Өміріңе зиянын тигізеді. Ислам діні о баста «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» («Алақ» сүресі, 1-5-аят) деген Алланың әмірімен білім алуды міндеттеп келді. Міне, осы сәтте соңғы пайғамбар Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің оқу, жазу білмейтінін алға тартқанымен, «Оқы» әмірі қайталану себепті білмеймін деп керітартпай «Не оқимын» деп ұмтылыс танытады. Адамға берілген «ақыл» нығметін әркім дұрыс пайдалану, әркім тұтас өмірін білмегенін үйреніп, білгенін басқаларға жеткізу керектігін ұқтырды.

материал «Бабалар ұстанған ақида» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: