Білімнің абзалы – ғылымхал, амалдың абзалы – соны сақтау. Қандай жағдайда болсын мұсылманға өзінің қал-қадірінше білім алуы парыз. Егер намаз оқу кісінің парызы болса, намаздың парызын өтейтіндей ілім үйренуі парыз, уәжібін өтейтіндей ілім үйренуі уәжіп.
Өйткені намаз парызын орындауға себеп болатын нәрсе парыз, ал уәжібін орындауға себеп болатын нәрсе уәжіп саналады. Сол секілді ораза, қажылық пен зекет те осылай болмақ. Сауда-саттықты кәсіп етер адамдарға сауда ісінің Ислам шеңберінде жүргізілуін үйренуі парыз.
Әбу Юсуфтың шәкірті, бір жағынан Әбу Ханифаға туыс болып келетін Мұхаммед ибн Хасанға «Тақуалық жайлы кітап жазбайсыз ба?» дейтін көрінеді айналасындағылар. Сонда ибн Хасан: «Сауда-саттық жайында кітап жаздым», – деп жауап береді екен. Мұның мәнісі кісінің шын тақуалығы сауда-саттықта, дүниемен бетпе-бет келгенде көрініс береді. Құдайдан қорқатын құл сауда ісінде мәкрүһ, шүбәлі нәрселерден өзін аулақ ұстайды. Тек саудада ғана емес, кәсіптің кез келген саласында кісі алдымен өзін харамнан қорғай білуі қажет. Бұл барлық кәсіп иесінің бірінші парызы.
Ілім Алла тағаланың тек адам баласына ғана берген бірден бір сыйлығы. Адамзаттың өзге жаратылыстан артықшылығы да осынау таным деген түсінікте жатыр. Раббымыздың періштелерге Адам (а.с.) алдында сәжде ет деп бұйырған себебі де осы білімді бергенінде жатыр. Мұны кітабымыз Құран былай баяндайды: «Алла Адамға (ғ.с.) біртұтас атауларды үйретті де, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді». (Бақара сүресі, 31-аят). «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды» (Бақара сүресі, 34-аят).
Білімнің құны сонда, адам баласын тақуалыққа жеткізер бірден бір жол осы білім алу. Ал тақуалық адамды Алла тағала құзырында абыройлы етіп, мәңгілік бақытқа лайықты етеді. Мұхаммед ибн Хасан ибн Абдулланың (Алла оған рақым етсін) мынадай ғибратты өлеңі бар:
Білім ал, иесінің көркі болар,
Мақтауға лайық заттың төркіні олар.
Әр күні көп білімнен пайдалан да,
Пайдалы теңіздің жүз айдынында.
Фиқһ үйрен, жолбасшы ғой бар уақытта.
Жеткізер ізгілік пен тақуалыққа.
Ең әділ, хақ сүннетке жол бастайды,
Ол барлық қиындықтан қорғаштайды.
Расында, фиқһ ғалымы тақуа жалғыз,
Шайтанға мың қауіпті болар нағыз.
Сондай-ақ жомарттық пен сараңдық, қорқақтық пен батылдық, тәкаппарлық пен кішіпейілдік, сынды қасиеттердің парқына барып қай жақсысын бойға сіңірген жөн. Тәкаппарлық, сараңдық, қорқақтық, ысырапшылдық сынды Алла тағаланың сүймейтін қасиеттері бізге харам. Мұндай жат мінездерден тек оларды танып-білумен және қарама-қайшы тұсын үйренумен ғана сақтануға болады. Сол үшін әрбір мұсылманға бұларды білу парыз.
материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,
ummet.kz