Жәнібек қайтыс болғаннан кейін 2001 жылы естеліктер жинағы шықты. Оны құрастырған – Тұрсын Жұртбай мен жолдасы Тоты.
Жәнібек екеуміз бір өңірдің, Абай ауылының тумасымыз. 1949 жылдың ақпан айында туғанбыз. Ол кездері дәл туған күніңді көрсетпейді ғой. Қай күні құжат аласың, сол күнді белгілеп береді. Жәкеңнің туған күні құжат бойынша 22 наурыз деп естіген едік. Екеуімізде полигонмен таласып туған ұрпақпыз.
Бала кезінде Жәнібекті «кішкентай шал» деп атайды екен. Ол менен он күндей кіші болғанымен, өзін он жастай «ересек» сезінетін еді.
Ол Абай ауданының орталығы Қарауылда оқыды. Айымыз да, жылымыз да бір болғанымен, екеуміздің білім алған мектебіміз екі бөлек. Туғаннан бір-бірімізді білеміз десек, өтірік болар, Жәнібекті алғаш көргенім жетінші сыныпта ғана. Жәнібектің ұстазы Кәмен Оразалин деген атақты жазушы. Ол кісі Мейірғали Ыбыраев дейтін талантты ақынның да алғашқы ұстазы. Роллан Сейсенбаев дейтін атақты жазушы бар. Кітаптары шет елдерге де таралған. Мейірғали – ақын, Роллан – жазушы. Осындай бір шоқ жастар өсіп шықты. Алды – 41-42 жылғылар.
Жәнібек жастайынан алғыр болды. Ауданда «Абай ұрпақтары» атты журнал шығады. Мұхтар Әуезовтің бастамасымен жарық көрген қолжазба журнал. Қолжазба журналдың негізгі жетекшісі Кәмен Оразалин болғанымен, оң қолы – Жәнібек.
Оның екі қыры бар: біріншісі – әншілік болса, екіншісі – жазушылық қабілеті. Он екі-он үш жастағы бала болса да, оның екі қабілетін де бірден аңғардық. Кәмен аға оған Кененнің әндерін айтқызды. Кенен Әзірбаев «Бозторғай» әнін он бір жасында шығарған екен. Жәнібек те ол әнді он бір жасынан бастап орындаған. Жәнібектің әнін тыңдағанда аузымыз ашылып, көзіміз жұмылып қалады.
Ол кезде ән айтумен бірге, әңгіме де жазып жүрген. Ең алғашқы әңгімесі «Ақылбайдың әні» деп аталады. Ақылбай – Абайдың ұлы. Одан қалып отырған – бір ғана ән. Оны жеткізуші – Жәнібек. Оның қаламгерлігіне келер болсақ, өнер тақырыбын көбірек жазған. Өнер адамдары туралы көбірек толғады. Көзі тірісінде үш кітабы шықты. Алғашқысы – «Ақылбайдың әні», екіншісі – «Ғашықтың тілі», үшінші кітабы – «Махаббат әні». Бес жасында айтқан алғашқы әні – әнші, сазгер Манарбек Ержановтың «Қойшының әні».
Жәнібектің әнге, сөзге бейім болатын себебі, анасы Мағрипа сөзге шешен, тапқыр кісі болыпты. Өзінен екі жас үлкен Бану дейтін апайы да керемет әнші болған. Кенжегүл қарындасының да сөзге шешендігі, әншілігі бар. 14-15 жасында «Ақылбайдың әнін» жазады.
1966 жылы Алматыға барып, әншілердің байқауына қатысады. Онда Жәнібектің жасы – 17-де. Сол жолы атақты өнертанушы, ғалым Ахмет Жұбановтың назарына ілігеді. Сонда Ахаң: «Қарауылдан керемет, дауысы өзгеше бір бала келді», - деп Жүсекеңе айтады. Арада бір ай өткенде Сапарғали Бегалин жетпіске толып, қасында Жүсіпбек Елебеков бар, Абай ауданына келеді. Ауданның бірінші хатшысы – Кәрім Нұрғораев. Кәмен Оразалин Алматыдан келген қонақтарға таныстыру үшін Жәнібекті арнайы алып барады. Алғашқы кезде жолдан қатты шаршаған болуы керек, онша мән бере қоймайды. Сол күні кешкісін Сапарғали Бегалиннің 70 жылдығына орай Қарауылда үлкен кеш өтеді. Кеште сахнаға домбырасын алып, Жәнібек те шығады. Сонда Жүсекең елең ете қалып: «Әміренің жалғасын Қарауылдан таптым», - дейді. Ауданның бірінші хатшысы да Елебековке «осы баланы Алматыға ала кетсеңіздер» деп, өтініш айтады. Сөйтіп, Жәнібек 17 жасында Алматыға келіп, Қазақконцертке қабылданады. Жүсекеңнің қасында жүріп, бір жыл бойы ел аралайды.
Ол қай өңірге барса да, сол өңірдің тумасы екен деп ойлайтын көрінеді. Өйткені оның айрықша қасиеті – халық әншілерінің өмір тарихын жетік білген. Жәнібек Алматыға келгеннен кейін, Жүсекең оқуға түсірді. 20 жасында алғашқы пәтеріне қол жеткізді.
Жәнібектің аса танылған кезі – өткен ғасырдың 70-жылдары. «Асыл мұра» атты бағдарлама жүргізді. Оны көрнекті жазушы Ақселеу Сейдімбек екеуі бірге жасады. Өкінішке қарай, ол хабардың көбі сақталған жоқ.
1984 жылы Жәнібекке Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1985 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің ХІІ фестиваліне қатысты. Сол жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның жаңадан ашылған дәстүрлі ән кафедрасының бастауында болды. Сөйтіп, атақ-даңқы шыққан Жәкеңе 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы берілді.
Жастайынан өтірікке жаны төзбейтін, шыншыл адам еді. Айналдырған үш-төрт-ақ жылда шет елдерді аралап, ән шырқады. 1990 жылы «Өнер» баспасынан «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» деген екі томдық антология шығарды.
1992 жылы 43 жасында өмірден озды. Жәнібексіз таңды атырғанымызға 25 жылдан асыпты. Жәнібек туралы кітап, пьеса жаза қоямын деп ойлаған емеспін. Негізгі мамандығым – журналист. Жәнібектің 70 жылдығына орай деректі дүние жазсам деп ойладым. Оның қаламгерлік, әншілік, ұстаздық қырын көрсеткім келді. Ол әнші-қаламгер ғана емес, ұстаз болатын. Бекболат Тілеухан, Әділет Мұса – Жәнібектің төл шәкірттері. Кітап жазбас бұрын «Жәнібек ән салады» деген пьеса жаздым. Кітапты да, пьесаны жазар алдында Тұрсын Жұртбаймен ақылдасып, кеңесіп алдым.
Пьесаның атауын «Жәнібек ән салады» деп неге атадым? Ақын Жарасқан Әбдіраштың «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзі елдің арасында афоризмге айналып кеткен. Соған байланысты «Жәнібек ән салады» деп қойдым. Пьесаны облыстық драма театры қойды. Семейде қойған спектакльді Жәнібектің жолдасы Тоты келіп, тамашалады. Бір пьесада Кәрменовтің бүкіл өмірін қамти алдық деп айта алмаймыз. Ол бар-жоғы 25 беттік шығарма ғана. Оның студияда оқыған кездегі қиындықтары, автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарған кездері, ел аралаған тұстарын толық қамту мүмкін емес. Сондықтан Жәнібектің аты ұмытылмасын, есімі ел аузында айтыла берсін деген мақсатта сахнаға шығардық. Өнерге қызмет еткен аяулы жанның ұлтына жасаған жақсылығы ұмытылмайды деген ойдамын.
Дәулет Сейсенұлының естелігі
Г.Бектастың «Жәнібек салған ән қандай» мақаласынан
aikyn.kz