Имам әл-Бұхари неліктен Самарқанда жатыр?

Имам әл-Бұхари неліктен Самарқанда жатыр?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Ислам әлемінде араб ұлтынан шықпаса да, күллі мұсылман қауымы мойындаған ғалымдар баршылық. Солардың ішінде хадис жинап, әйгілі «Сахих әл-Бұхари» кітабын жинақтап жазып шыққан Имам әл-Бұхаридың орны ерекше.

Имам әл-Бұхари біздің жыл санауымыз бойынша, 810 жылы, шәууал айының 11-жұлдызында жұма күні дүниеге келген. Толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Мұғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари әл-Жуғфи. Лақап есімі - Әбу Абдуллаһ. Әкесінен ерте айырылған оған діни тәрбиені Бұхара мешіттерінің бірінде имам болған атасы береді. Сонымен қатар, әл-Бұхаридың анасы да өте тақуа, діндар жан болыпты.

Бала күнінде әл-Бұхаридың көзі көрмей, соқыр болып қалады. Сонда анасы күні-түні Құдайға жалбарынып, баласына жанарын қайтаруды сұрайды екен. Күндердің күнінде анасының түсіне Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) кіріп: “Көп жалбарынуың себепті Алла балаңның көз жанарын қайтарды”, - деп аян береді. Міне, содан бері абзал ана Жаратушысына деген ризалықпен баласына тек діни білім үйрете береді.

Алла тағала әл-Бұхариге жастайынан зор қабілет берді, ол хадистерді тез-ақ жаттап алатын, есте сақтау қабілеті мықты болатын. Ал Құранды жатқа білгені айтпаса да белгілі. Онымен бірге білім алған Хамид ибн Исмаил осы қасиеті туралы: “Әл-Бұхари Басрада, ол кезде балаң жігіт шағы, бізбен бірге хадис білгірлері саналған әртүрлі ғұламалардың сұхбатына қатысып жүрді, бірақ ол еш нәрсені жазып алмайтын. Біраз күндерден кейін оған: “Сен бізбен бірге әртүрлі ғұламаларға барасың, бірақ еш нәрсе жазбайсың. Мұның себебі неде?” – дестік. Он алты күн өткен соң ол бізге: “Сендер тым көп сөйлеп, мазамды алдыңдар! Қане, не жазғандарыңды көрсетіңдерші”, - деді. Біз өзіміз жазған 15 мыңнан астам хадистерді ұсындық. Сонда ол оның бәрін жатқа айта бастады, тіпті біз оның айтқанына қарап қателерімізді түзеуге кірістік. Сосын ол: “Мені ғұламаларға уақытты босқа өткізіп, еріккеннен барып жүр деп ойлайсыңдар ма?” – деді. Содан кейін ешкімнің оны басып оза алмасына көзіміз жетті”, - деп еске алады.

Оның ерекше қабілетін, дарынын білетін Басра халқы әлі мұрты тебіндеп үлгермеген жас жігіттің соңынан қалмай хадис үйреніп, тіпті кейбірі жазып алып отырған екен.

Имам әл-Бұхаридың есте сақтау қабілетінің ерекшелігі туралы оқиғалар өте көп. Солардың бірінде, оның Самарқанда төрт жүздей мұқаддиспен кездескені туралы айтылады. Олар Шам мен Ирак аймағындағы хадистердің иснадтарын араластырып, бір хадистың иснадын басқа хадистың мәтініне тіркеп, әл-Бұхариға оқып бергенде, ол бәрін реттеп айтып шыққан екен. Ал олардың ешқайсысы әл-Бұхари келтірген иснадтар мен мәтіннен бірде-бір қателік таба алмаған. Осы секілді оқиғалар оның жүрген жерінде қайталана берген. Тағы бір деректерде, Имамның бір рет оқыған кітабын жатқа айтқаны да келтіріледі.

RN8A9981.jpg

Имам әл-Бұхари өзі өмір сүрген өлкенің барлық ғұламаларынан тиесілі білімді үйреніп болғаннан кейін ілім бар деген жердің бәріне сапар шегеді. Әбу Жағфар әл-Уаррақ мынандай дерек келтіреді: “Бірде Әбу Абдуллаһ әл-Бұхаридан: “Сен хадистерді қалай оқып-үйрене бастадың?” – деп сұрағанымда, ол: “Он жасымда не одан да ертерек хадистерді оқып-үйренуді бастаған кезімде маған оларды жаттап алу қажеттілігі туралы ой келді. Сосын медресені тастап, әртүрлі ұстаздардан білім ала бастадым. Он алты жасқа жеткен шағымда Ибн Мубарак пен Уақиғтың кітаптарын жатқа оқып, олардың айтқандарын ойға тоқып үлгердім. Содан кейін анам және ағам Ахмадпен бірге Меккеге бардық та, сол жерде хадистер жинақтау мақсатында тұрақтап қалдық. Сөйтіп, он сегіз жасқа келгенімде, сахабалар мен табиғиндер және олардың айтқандары жайлы мағлұматтарды сұрыптауға кірістім”, - деп айтты”. Осы деректен-ақ білім іздеуші жас ғалымның 18 жасқа дейін көптеген хадистерді жатқа білгенін әрі білім іздеп Самарқаннан Меккеге аттанғанын байқаймыз.

іздің заманымызға ол туралы жеткен деректер Әбу Абдуллаһ әл-Бұхаридың төрт жыл Меккеде тұрғанын айтады. Онда ол әйгілі мұқаддис ғалым Ахмад ибн Ханбалдың басшылығымен хадистерді зерттеп, үйрене жүріп, небір дін ғұламаларынан сабақ алады. Кейін сол кездері Ислам халифатының астанасы болып тұрған Бағдатта барып, білімін жалғастырады, сонда бірнеше жыл тұрақтап қалады. Артынан Мысыр, Шам, Нишапурға сапар шегіп, Таяу Шығыс пен Орта Азияның көптеген елдерін аралайды, болған жерлерінің барлығында хадис жинайды. Өз айтуынша, Имам хадис жинау барысында мыңнан астам мұқаддистермен жолыққан екен.  

Ол өмірден өтерінде Аллаға “Мені Өз жағыңа ала көр!” деп дұға еткен екен. Өйткені, заманның өзгеріп бара жатқанын, бүлікшілердің көбейіп келе жатқанын көріп, қауіптенген. Содан көп өтпей, һижра жыл санауы бойынша 256-жылы сенбі күні, ораза айт мерекесі қарсаңында, кешке құптан намазының уақыты кіргеннен кейін дүниеден озған. Келесі күні бесін намазынан кейін жаназасы оқылған. Имам Муслим бірде әл-Бұхаридың маңдайынан сүйіп: “Уа, ұстаздардың ұстазы, мұқаддистердің мырзасы және хадистер ақауының емшісі, аяғыңды сүюіме рұқсат ет! Сені күншіл ғана жек көруі мүмкін. Бұл дүниеде саған тең келер ешкімнің жоқтығына куәлік беремін”, - деген екен. Біздікі де дәл осы сүйіспеншілік... Жақсы көреміз, дәріптейміз, артыңда қалдырған “Сахихың” ақыретке дейін Ислам әлеміне қызмет етеді!

Алла тағала сені рақымына алсын, ей, хадистердің білгірі!

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: