Тектілік хақында ұлт ойшылдарынан пайымдалған асыл сөздердің астарында терең ой, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілімге даналық көзқарас жатыр. Бұдан қан арқылы берілетін қасиетті еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес екені анықтала түседі.
Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаныңқиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардыңқияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдыңқиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер-де дәлел бола алады.
Керісінше, бұған антипод мағынадағы «жетесіз», «жүгенсіз», «парықсыз», «көргенсіз», «тексіз», «тәрбиесіз», «ұятсыз», «намыссыз», «ештеңе көрмеген», «қарғыс атқан», т.б. нәлетті сөздерде жайдан-жай айтыла салмаған. Бағзы бабалардан жеткен «барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі шығады» деген ұлттық дүниетаным кей кезде «өзі болған жігіттің – ата-тегін сұрама», «жаманнан жақсы туса — теңі болмас, жақсыдан жаман туса — емі болмас» деген пайыммен алмасқан.
Мәселен, «Аяз би» ертегісінде Хан Аяз биге: - Мені сынашы, неше атамнан бері хан екенмін? - дейді. Аяз би: - Тақсыр ханым! Қарадан туып хан болғансыз, атаңызда хандық жоқ,- дейді. Хан: - Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Сонда Аяз би: - Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайшының баласысыз, - дейді. Хан не дерін білмей, уәзірлеріне қарап, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы. амалы жоқ, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесінің қыз туғаны үшін өлтіргендігін, шыбын жанын сақтаймын деп өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, нәрестелерді алмастырып алғанын айтады. Хан: - Апырмай, менің наубайшының баласы екенімді қайдан білдіңіз? - дейді. Сонда Аяз би: - Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, қара көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Сіздің шынжыр қатар, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, - дейді.
Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін тәуіптік, көріпкелдік, сынықшылық, күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық, құсбегілік, саятшылық, т.б. өнерлерді қуып өткен әулеттер жиі кездеседі. Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме.
Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Тектілік феноменін терең түсіну үшін құдалық институтының әлеуметтік мәніне зор көңіл бөлу керек. Қазақ қалыңдық таңдағанда бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған. Тарихи айғақ, деректерге ден қойғанда, тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлардың болғаны байқалады. Бұдан, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қалың мал институтының сыры ашыла түседі.
Бұрындары ұлына қызды үлкендер жағы өздері таңдаған. Алты қырдың астындағы ауылда «Бәленбай деген кісінің үйінде қыз өсіп келеді. Елден бұрын құда түсіп, сырға салып еншіліп қояйық» деп бекерге қам-қарекет етпесе керек. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген қызыл көрсе қызыққан көңілмен емес, тегі жақсы елден қыз алып, тамырын тереңге салып, өмірінің жалғасы өзінің арнасы болатын ұрпағын ойлағандықтан осындай қадам жасаған. Екіншіден, «Бай – байға, сай – сайға құядының» керін келтіріп, малының көптігі мен тасыған байлығына емес, бабасының бабасынан жалғасып келе жатқан тегінің тазалығына көңіл бөлген.
Әлбетте, ондай ауылдың қызына сөз салу үшін өзінің де ата-тегінің осал болмағаны ескеріліп жататыны айтпаса да түсінікті. Сондай тегі таза, тамыры мықты елден тараған небір баһадүр батырлар, адуын ақындар осынау ұшы-қиыры шексіз ұлан-ғайыр даланы жаудан қорғап, дауға бермей біздерге аманат етті. Осыдан-ақ құдалықтың қадір қасиетін арттыруда тектің алар орын қандай дәрежеде екенін аңғаруға болады.
Бұл игі дәстүр қазір де жалғасуда. Бірақ баяғы бабалардан қалған сара жолдың сарқыншағы ғана іспетті. Бүгінгі таңда баланы ата-анасы емес, екі жастың ортасындағы махаббат қосады.«Үйленгенше жаным дейтін, үйленге соң жанын жейтін» көріністер де қазіргі жалаң махаббат, жалған сөзімнің нәтижесіде орын алуда. Әрине өздері қосылған екі жастың барлығы да баянсыз ғұмыр кешіп жатыр деуден аулақпыз. Дегенмен дәл қазіргі таңда басқа-басқа қазақ жастарының ішінде бүгін сүйіп қосылып, ажырасып жатқандардың саны күннен-күнге артып келеді. Жоғардыға мысалға алғандай аталарымыздың тегін сақтап, теңін табу жолымен жүрсек, әлдеқайда жақсы болар ма еді?
Егер жігіт текті тұқымның тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «анасын сүйгеннің баласын сүй», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тіркестерде терең мағына жатыр.
Ақтамберді жырау айтқандай:
Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап.
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен
Көңілімді хош таптырып.
Бала берсе тезінен,
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы
Артылып туса өзімнен! Ақтамберді тек «Мұхиттан сүзіп шығарған қымбатты гауһардай» қызды айттыруды ғана емес, оның болашақ нәтижесін де тамаша жеткізіп отыр. «Бала берсе тезінен, Пірлердің бітсе демінен» дейді. Бұдан артық не деуге болады ?!
Осындай ниет, есептің арқасында ғана өзіңнен артылып текті азамат дүниеге келеді. Тектіні біз асыл тұқымды десек те болады. Қазақта текті ұрпақ өсіру тәжірибесі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды. Өкінішке орай, тектілерді баудай түсірген алапат азапты жылдардан кейін кейін бұл мәселені өз бетімен жібердік, мұхиттағы ескексіз қайықтай қай жағалауға тоқтайтынымызды, кімнің қолына түсетінімізді білмейміз. Беті жылтыры текті болады ма ? «Болғанда ақыл бөлек, ажар бөлек, не пайда тым әдемі болғаныңмен» демеуші ме еді ?! Небір қабылетті балалар тіс қаққан жеңілтек қыздардың қолына түсіп, тектің көзі бар қыздар жүргіш жігіттерге жем болып жатады.
Тектілікті Ақтамбердідей «мұхиттың түбінен шыққан гәухар» деп бағалайтын уақытымыз келді. «Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық» дейтін қазақ түсінігі қайта жаңғыруы керек. Сөздің қысқасы, мыңның біріне ұя салатын тектілік құбылыстың тәрбиеге көнбейтінін, ол атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке бітетін асыл қасиет екенін қазақ халқы алыстан, аңғарды.
Текті де, терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше классикалық биік-деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры – ұлттың тағдыры. Ата қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді, т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», -дейді.
Сондықтан табиғи дарынды әлеуетті күш қашанда мемлекет үшін баға жетпес ұлттық құндылық. Халықтың көшін бастайтын ел ұстарлары мен игі жақсылары жоғалса, ұлт та ұнжырғасы түсіп, тұлғасыз-тұлдыр ұлтқа айналады. Тамырынан айырылған теректей текті ұлдарынан айырылған ұлттың ұшпаққа шыға алмасы, ақиқат. Қалың тобыр арасынан дара көрінетін текті тұлға – бір қап арпа ішіндегі жалғыз бидай секілді айшықталып тұрады.
«Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашанда жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға» немесе
«Жабы жүйрік болмайды байлағанмен,
Жасық болат болмайды қайрағанмен» - деп Ж.Жабаев шалқыса, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесіненде бұрын, оның қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне-де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесінің: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені, Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым», - деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр.
Сайып келгенде, ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік сияқты ата дәстүрлерді сары майдай сақтап, шынжырлы, текті тұқымдардың тамырын үзіп алмай, ұрпақтарға сабақтастыруда бай тәжірибе жинақтады. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан некелік-отбасылық қатынастың негізгі өзегі бозбала мен бойжеткеннің арасындағы тамыры жоқ арзан сезім емес, жарық дүниеге, ақыл-ойы зерек, дені сау, аяқ-қолы балғадай текті ұрпақ әкелу философиясымен байланысып жатыр. Өйткені қай кезде де ұрпақтың денсаулығы мен зердесі мемлекеттің ең үлкен қазынасы екені сөзсіз.
Нариман Исенов,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы