Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды» дейді.
Осы орайда, халқымыздың ежелгі жауынгерлік өнері садақ тарту немесе жамбы ату өнері жайлы мәліметтерді ұсынып отырмыз.
Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз, яғни атау бар. Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан көшпелі халқымыз ер баланы жастайынан садақ ұстауға баулып, елін қорғауға тәрбиелеген.
Өйткені садақ ату – жауынгерлік өнер. Оның пайда болу мерзімін көптеген тарихшы-ғалым б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпелі Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі тәңірқұты Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады. Жазушы һәм зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қолданып, жауының үрейін ұшырғаны жайлы жазады.
Сондай-ақ Орта ғасырда жазылған моңғол дереккөздерінде ертеде көшпенділер садақшылардың мергендігі мен ептілігін саралау үшін малдың керген терісін нысана ретінде пайдаланған делініпті. Яғни нысананы (ағашқа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қашықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап ататын болған. Осы әдіс арқылы мергендердің садақ ату шамасын межелеп, алыс және орта қашықтыққа садақ тартатын топтарды жасақтаған.
1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындырған соң «Бұғылы-Шашақ» дейтін жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есей мерген 335 құлаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген атаныпты. Бір құлашты шамамен 1,5 метр деп есептесек, Есей мерген 502,5 метр, яғни жарты шақырым жерден атқан оғын дәл тигізген. Енді мынаған назар аударыңыз, түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз, дала көшпелілерінің басқа жұрттан қаншалықты жоғары деңгейде жауынгер болғанын аңғарасыз. Яғни садақ байырғы көшпелілер мұрасы екені сөзсіз.
Сол сияқты, 1216 жылы Шыңғыс қағанның сенімді қолбасшысы Сүбедей Жем өзені бойында меркіттерді қуып жетіп, қойдай қырады. Жошы қолға түскен меркіт нояны Тоқтабектің үшінші ұлы Құлтуғанның мергендігін сынап көреді. Құлтуған мерген бірінің соңынан бірін жедел-жедел үш оқ атқанда соңғы оқтары алдыңғы оқтардың айыр ашасын жарып тиген екен. Меркіт мергеннің мұндай қабілетіне сүйсінген Жошы әкесіне кісі салып, оны тірі қалдыруды сұрайды, бірақ қатал әке «Мен жауымның көмегіне мұқтаж емеспін» деп, оны өлімге бұйырғаны жайлы нақты дерек бар (Зардыхан Қинаятұлы. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. Астана: «Елорда», 2004. 96-б.)
Садақ түрлері және құрылымы
Садақты барлық халық пайдаланған. Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданған. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, т.б. ағашты доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайтын болған. Күрделі, яки құрама садақтың сыртқы беті сіңірмен немесе тарамыспен қапталып, ішкі жағы мүйізбен астарланған, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылған.
Күрделі немесе құрама садақты ежелгі ерте дәуірде сақтар мен ғұндар қолданған дейді зерттеушілер (Қалиолла Ахметжан). Қазақ садағы көшпенді сақ-ғұндар садағының жетілдірілген жалғасы болып саналады.
Қазақ ауыз әдебиетінде садақтарды жасалған материалдарына қарай «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ» деп бөлсе, қайыңның сарғайған қабығымен қапталған садақты түсіне байланысты «сарыжа» немесе «сарсадақ» деп те атай берген.
Қарапайым садақ екі бөліктен тұрады. Біріншісі, яғни ағаш немесе сүйектен жасалатын ату үрдісін іске асыратын бөлік адырна деп аталады. Ал шірей тартып, садақ оғын ұшыратын жіпті немесе бауды кіріс деп атайды. Атақты Қазтуған жыраудың:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, – атты толғауында айтылғандай...
Адырна бес бөліктен тұрады. Оның қолмен қысып ұстайтын орта тұсын белі деп атайды.
Бұлғары садақ, бұқар жай,
Тата алмасам маған серт!
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен кетсең саған серт!
(«Қобыланды батыр» жырынан).
Белі берік болу үшін сүйекпен көмкеріліп, тарамыспен оралған, иінімен түйіскен жер шылғи терімен қапталып, кептірілетін болған.
Адырнаның иілмелі серіппелі бөлігін – екі иіні (жоғары және төменгі) деп атайды. Кіріс, яғни жіп байланатын адырнаның екі ұшын басы (жоғары және төменгі) дейді. Иіндерінің үстінен тарамыс тартылып, ішкі беті мүйізбен қапталып, қоңыр аңның немесе мал майымен майланып отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде адырнаның бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұрыш жасай бекітіледі дейді.
Ал адырнаның екі басын қосып байланған жіпті кіріс дейді. Ол берік жіптен немесе жібектен, тарамыстан өріледі. Міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Кіріс жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы адырнаны босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Кірісті қатты серпігенде, адырнаның басы жарылып немесе сетінеп кетпес үшін сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобыршық деп атайды.
Тобыршықты биік жай салып,
Дұшпан аттым өкінбен...
(Доспанбет жырау)
Садақтың оғы
Садақ оғын этнограф-зерттеуші Қалиолла Ахметжан мырза бірнеше бөлікке бөліп қарастырыпты. Яғни оқтың ұшындағы қауіпті металл (сүйек) бұйымды жебе дейді. Жебе бекітілген ұзын ағашты сабы десе, кіріске бекітіліп, созыла серпілетін тетікті кезтабан деп атапты. Ал оқтың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты дейді екен.
Оқтың сабы қайың, тобылғы, қатты талдан жасалады. Оқ өте түзу болмаса нысанға жетпейді. Қазақта «оқтай түзу» деген тіркес содан қалған. Сондай-ақ оқты шын шеберлер ғана жасайтын болған. Аталарымыз «әке көрген оқ жонар» деп бекер айтпаған.
Жонылған оқты суы қанғанша кептіріп, дымданбас үшін майға бөктіріп пісіретіні жайлы айтылады. Оқтың көптеген түрі болған, яғни жауға ататын оқ, аң аулауға арналған оқ, доғал оқ, отты оқ, күшіген жүнді оқ, сары жүнді оқ, қанаты оқ, т.б.
Сондай-ақ оқтар басындағы жебесіне қарай әрқилы атауларға ие болған. Мысалы, «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе», т.б. қырықтан астам түрі бар.
Жауынгерлер оқты арнайы ыдыс-қапқа салып алып жүрген. Оны қылшан немесе қорамса деп атаған. Батырлық дастандарда «қорамсаға қол салды, қол салғанда мол салды» деген жыр жолдары бар.
Көшпелілер жебені қозыжауырын, сауытбұзар, көбебұзар, үш қырлы, доғал жебе деген көптеген түрге бөлген.
Қозыжауырын қу жебе,
Тартатұғын шақ болды.
(«Ер Тарғын»)
Жұмсап қатты болатты,
Сауытбұзар оқ атшы...
(«Жұбаныш» Ақсауыт)
Көнсадақтың ішінде,
Көбебұзар сауыт бар... (Махамбет)
Жебенің езек желі, қанатжалауша, өткір ұшы, жетесі, қырлары және қалпақшадан тұрады. Жебенің ұшы алынбалы-салынбалы қатты темір сияқты металдан жасалады. Қалпақша соғыс кезінде ату нысанасына байланысты жылдам алынып, ауыстырылып отырады. Осы арқылы жебенің ұзақ қызмет етуі қамтамасыз етіледі. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5-6 мм, ені 2,5- 3,0 мм ойық болады.
Жебенің қанаты (жалаушасы) құс жүнінен (қаз, тауық, қарақұс, т.б) немесе жасанды материалдардан жасалып, оқты атылғанда тұрақтандыратын қызмет атқарады. Бағыттаушы қауырсынның бірі қалақшадағы адырна үшін жасалған ойыққа орнатылады және ашық түспен боялады.
Жебенің оққа бекітілген тұсын жетесі дейді. Жете берік болмаса, жебе сабынан босып жол ортаға түсіп қалады. Сондықтан жебені жетесіне жеткізіп сіңіретін болған. Қазақтың «жетесіне жеткізіп айтылды» деген сөз тіркесі осыдан өрбісе керек.
Садақ атып, сайыс өткізу
Садақ атып, сайыс өткізу – қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын түрі. Мергендер атып түсіру үшін белгіленген нысананы жамбы деп айтады. Жамбы дегеніміз көне түркі-моңғол тілінде «ембу», яғни құймалы алтын немесе күміс дегенді білдіреді. Сол сияқты бағалы заттардан жасалған құнды бұйымдар да жамбының рөлін атқара береді. Оның пішіні ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан, тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы, т.б. деп аталатын болған.
Бұл құнды бұйым ертеде ақшаның орнына да жүрген. Сондықтан да жамбы Орта ғасырда бағалы эквивалент ретінде танымал болғаны жайлы дерек бар. Ал жамбының жасалған материалына байланысты таза ақ күмістен жасалған болса, ақ жамбы немесе алтыннан жасалса, алтын жамбы деп атаған.
Жамбы ату ойынын көшпенді халқымыз жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіру үшін ойлап тапқан. Бұның басты маңызы: біріншіден, әскери-жауынгерлік дайындықты жетілдіріп отыру болса, екінші тараптан, ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап, оларды көтермелеу үшін қажет болған, үшіншіден, сыналған садақшылардан арнайы топ жасап, соғыс кезінде күштік құрылым ретінде пайдаланған. Осы негіздерге қарағанда, жамбы атудың жауынгерлердің шеберлігін дамытатын өнер екені даусыз.
Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер бұл зат алтын бұйымнан жасалған болса, «Алтын қабақ» деп аталады. Айқабақ жамбыдан ауыр, көлемі ай пішіндес, сом күмістен құйылған бұйым.
Жалпы, «Жамбыны» немесе «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Кейде жаяу жүгіріс барысында да атады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер оңай мал табу үшін мерген болуы қажет.
Ата-бабамыз адырнасын аңыратып, тойға барып жамбы атқан. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Көктем Аймақ дейтін хан ай астына биік бақан орнатып, оған алтын жамбы іліп, осыны атып түсірген адамға қызымды берем деп жар салады.
Ай астында аспанға
Құрды бақан қақтырып
Алтын теңге аттырып,
Теңгені атып түсірген
Құртқаны сұлу сол алар...
Осы хабар Қобыландының құлағына жетіп, жас батыр тобылғы торы атымен шауып барып, ай астындағы теңгені атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтады:
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады,
Құрулы бақан басында,
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені...
Жоғарыдағы жырдың мәтінінен түсінгеніміз, ерте дәуірде мерген садақшыға ханның өзі қызын беретін болған. Көшпелілер тұрмысында мергеннің орны қаншалықты биік екенін осыдан-ақ ұғына берсеңіз болады.
Сол сияқты Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасында Абылай ханның заманында Бурабайда жамбы атудан үлкен сайыс өтіп, биік таудың үстінде тұрған нысанға ешкімнің оғы жетпегендіктен, сол биік «Оқжетпес» деп аталғаны жайлы аңыз бар. Жырға құлақ түрсек:
...Қалың қол гуілдейді анталасқан,
Бәсеке бір қыз үшін тайталасқан.
Бір тасқа топ жанында
қыз да шықты.
Тартыстың себепкері жанталасқан.
Батырлар шіренісіп тізбектеліп,
Тартысты садақтарын «Абылайлап»
Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,
Ойқастап аттары ойнап пысқырады.
Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,
Батырлар садаққа оғын қыстырады.
Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,
Шыңда ойнап бала бүркіт
шаңқылдайды.
Оқтарын орамалға жеткізе алмай,
Батырлар біраздан соң
«қарқындайды»...
Жамбы ату, яғни садақ ату спорты елімізде жаңғыруда. Жыл сайын ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында жамбы атудан республикалық біріншіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Қазіргі таңда ережесі бекітіліп, ұлттық спорт түрлерінің негізі тобынан орын алып үлгерді.
Сонымен қатар 2017 жылы елорда төрінде өткен ЭКСПО кезінде жамбы атудан әлем біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл жарыс қазір дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
egemen.kz