«Әғузу биллә»-ның тәпсірі

«Әғузу биллә»-ның тәпсірі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

                أعوذ بالله من الشيطان الرجيم

Алланың рақымынан қуылған шайтаннан (сақта деп)

Аллаға сиынамын!

«Әғузү» сөзінің мағынасы: «أعوذ بالله من الشيطان الرجيم» дұғасындағы «أعوذ» (Әғузү) сөзі Құранда «إستعاذة» (Истиғаза) және «مَعَاذَ اللَّهِ» (МәғәзАлла) түбір сөздерінен туындаған етістіктің бірінші жағы болып – сыйынамын, пана тілеймін сынды мағына береді.

Адам баласы – әлсіз жаратылыс. Әлсіздігі оның қабілеті мен күш-қуатының шектеулілігінде. Ал Алла Тағаланың құдіреті, ілімі шексіз. Ешнәрсеге мұқтаж емес, мұңсыз. Бәлки, күллі жаратылыс Оған мұқтаж. Біз екі әлем бақытына Рахман-Рахим болған Алла Тағаланың көмегі болмаса, қол жеткізе алмайтынымыз ақиқат. Тіпті, біз қас-қағым сәт тіршілік ету үшін де Оның рахымына зәруміз. Яғни, әлсіздігімізді пайымдадық, сезіндік делік. Ендеше, бар тілегімізді әлемдердің Раббысы болған Құдіреті күшті Жаратушы Иемізден сұрамаған да, кімнен сұраймыз?! Алла Тағала: «(Әй, Расулым!) Сен оларға: «Егер жасаған дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?» деп айт!» (Фурқан сүресі, 77-аят) деген. Сонда адамзатты мәңгі бақытсыз етуді мақсат еткен, қас дұшпанымыз Ібіліс шайтанның шәрінен Аллаға сыйынуға қаншалықты мұқтаж екеніміз айтпасақ та түсінікті жағдай.

Шайтан – ол адам баласы мен жындар әлемінің ішінен ақиқатқа қарсы шығып Ібілістің жетегіне ерген күнәкар жаратылысқа берілген атау. Имам Құртуби: Шайтанның «الشيطان» деп аталуы, оны ақиқаттан алыстатқан бойындағы тәкаппарлығы мен тоңмойындығы – деген[1]. Адам бойынан тозаңның түйіріндей «Мен-мендік» көрінсе, ол Алла Тағалаға қарсы шығуға жеткілікті болған қауып болып табылады. Бұның мысалын Адам ата (а.с) мен Хауа ананың өмірінде тыйым салынған ағаштың жемісін жеуден болған жазатайымдық ісінің жүз беруінен көруге болады. Қолымен істегенін мойнымен көтеру пайғамбар сүннеті екенін Адам (а.с) тәубесіне келіп, Жаратушысынан кешірім сұрап, адамға тән кішіпейілдік танытуымен кеңшілікке ие болса, ал Ібіліс Алланың: «Адамға сәжде (құрмет) қылыңдар» (Бақара, 34-аят) деген әміріне қарсы келіп, қателігін танудың орнына мен-мендігі арта түсті. Бұл ісі оны Алланың азабына ұшыратып, мәңгілік құрдымға жіберді. Адамзат өмірінде алғаш көрініс тапқан бұл оқиға бізге кішпейілдік пайғамбар жолы, тәкәппарлық Ібілістің жолы екенін ұқтырды.

«Әш-шайтан» сөзі «Әлиф-ләм» әріптерімен келгендіктен тобы көп екенін көрсетеді. Адамдарды аздырып, жамандыққа шақыратын адамдар да сол шайтанның тобына кіреді. Қасиетті Құранда: «Осылайша әр пайғамбарға адамдар мен жындардың шайтандарын дұшпан қылдық. Олар бір-біріне жылтыраған алдамшы сөздерді сыбырлайды. Егер Раббың қаласа, олар оны жасай алмас еді. Оларды жасанды сөзімен қалдыр» (Әнғам сүресі, 112-аят) делінеді. Бұл аятта Алланың пайғамбарлары және мүмін құлдарына әрдайым қарсы дұшпан болатын шайтандардың адамзат және жындар қауымының арасынан болатыны айтылып тұр. Олар дұшпандық мақсатына жету жолында  ақиқатты көлегейлеп, көңілдерге күдік салу арқылы түрлі жолдармен азғырады. Шайтан кейде, жақын туысымыз бен қимас досымыз болуы да мүмкін. Біз нақты шайтанды немесе кімнің қандай ісі шайтани іс екенін Құран аяттары мен хадистердің негізінде бірде ажыратып жатсақ, кейде ажырата алмай күнәлі іске кетіп қаламыз. Сол себепті, күллі әшкере-көмескіні білуші, құдіретті Жаратушы Хақты пана тұту арқылы ғана ақиқат жолынан адаспаймыз.   

Бірде әділетті халифа Омарды (Алла одан разы болсын) қол астындағы кісілер арғымақ атқа мінгізген сәтінде (ойнақтаған тұлпардың үстінде) өзін өзгеше сезінген халифа былай деген екен: «Мені тез түсіріңдер. Аллаға ант етейін, әлбетте бойымды мен-мендік бйлеп, шайтан құрықтай бастады»[2] деген. Әрине, арғымақ шайтан емес. Алайда, адамға берілген байлық, мансап-даңық сол адамның бойына мен-мендік сезімін тұтандыратын болса, онда ол байқатпай салған шайтанның шалмасы болмақ. 

Құран оқу – құлшылық. Соған қарамастан Алла Тағала бізді, Құран оқыған сәтімізде де Аллаға сиынып, шайтанның шәрінен сақтануға міндеттейді. Бұл Жаратушы Иеге әлсіз жаратылыстың әрдайым мұқтаж екенінің бір көрінісі. Қасиетті Құранда: «Қашан Құран оқысаң, қуылған шайтаннан Аллаға сиын[3]» делінген.

Құран оқудың алдында «Әғузү»-ны айтудың тағы себебін Жағфар ибн Сыддық (р.а) былай түсіндіреді: «Басқа тағат-ғибадаттай емес. Құран оқудың алдында әғузүні айту керек. Өйткені, адам баласы өтірік немесе ғайбат айту себепті тілін (нәжіс) ластайды. Алла Тағала пендесін тілін тазарту үшін әғузүні айтуға әмір етті. Сонда ғана мүмін Құран аятын Раббісінен түскендей, таза тілімен оқиды[4]». Яғни, Құран оқығанда пенде Раббысымен сөйлеседі. Жүрек ісінен хабардар Жаратушысымен сөйлескен адамның жүрегі таза болуы тиіс. Ал жүрек, кірден Аллаға сиыну арқылы ғана тазарады. Себебі, адам жүрегінде лағынет шайтанның азғыруын қабылдайтын осал тұсы болғанындай, Алланың мәңгі мейіріміне бөлейтіндей рухани кемел жағы да бар. Ол рухани кемелділік – Аллаға сиынып (أعوذ بالله من الشيطان الرجيم) ды айтумен ерекшеленеді.

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

 ____________________

[1] Тәфсирү Құртуби, 1-том, 90-бет.

[2] Тәфсирү Ибн Касир, 1-том, 17-бет.

[3] Нахыл сүресі, 98-аят.

[4] Тәфсирү Фахрүр Рази, 1-том, 75-бет.

Бөлісу: